Мәдениет

Құснихат шеберлері бас қосты

Елордадағы «Қолжазбалар және сирек кітаптар ұлттық орталығы» Иран Ислам Республикасының Қазақстандағы елшілігі жанындағы Мәдени өкілдігімен бірлесіп «Иран Ислам Респуб­ликасының каллиграфия және жазба мұраларды қалпына келтіру өнері» атты апталығы жұмысын бастады. Іс-шараға Иран Ислам Республикасынан арнайы шақырылған құснихат шеберлері мен реставратор мамандар қатысады.

Апталық аясында халықтың бірнеше ғасырлық рухани, саяси, мәдени және тарихи дереккөздерінің бірі болып саналатын қолжазба жәдігерлерін сақтау, оларды жинап-­жүйелеу, қалпына келтіру, цифрландыру, саласында Иран елінің реставратор және каллиграф мамандарымен тәжірибе алмасу көзделіп отыр. Сол себепті «Ислам каллиграфиясы» көрмесі, «Иран Ислам Республикасының каллиграфия және жазба мұраларды қалпына келтіру өнері» ғылыми-тәжірибелік семинары, «Каллиграфия өнері» бойынша шеберлік сабағы еліміздегі осы саланың мамандарға арналады.

– Иранның көне қолжазбаларды қалпына келтіруде неше ғасырлардан бері жинақтаған мол тәжірибесі бар. Асыл мұраларымыз Мешхед қаласындағы Астан Кудс Разави және Иран Ұлттық кітапханасында сонымен қатар «Нұр» микрофильмдер орталығында жинақталған. Осы орталықтарда парсы тіліндегі Қазақстан тарихына қатысты бірнеше құжаттар табылған болатын. Осы жолы сол құжаттардың көшірмесін табыс етіп, Иран құснихатының  елуге тарта үлгілерін көрмеге қойдық, – деді Иран Ислам Республикасының Қазақстан Республикасындағы Елшілігінің мәдени кеңесшісі Әли Акбар Талеби Матин. Қазақстанда алғаш рет ұйымдастырып отырған шараға Мәдениет және ақпарат министрлігінің өкілдері, Иран Ислам Республикасының Қазақстандағы елшілігі, Парламент Мәжілісінің депутаттары мен зиялы қауым өкілдері, ғалымдар мен еліміздің барлық аймақ­тарынан архив, кітапхана, музей және ғылыми орталықтарынан мамандар қатысады.

Тағыда

Айгүл Уайсова

Ақпарат саласының үздігі

Ұқсас жаңалықтар

Back to top button