Шаһар шаруашылығы

Санкциялар әсері әлсіретіп кетпесін

Әлем назарын өзіне аударған Украина мен Ресей арасындағы қырғи-қабақ соғыстың салмағы екі елдің бейбіт тұрғындары мен көршілес елдердің экономикасына кәдімгідей әсер етуде. Әсіресе елордалық тоқыма компаниялары арнайы киім тігу бойынша мемлекеттік қорғаныс тапсырысын орындай алмайтынын айтуда. Оған басты себеп – нарықтағы жағдайға байланысты мата-материалдардың күрт қымбаттауы болып отыр.

[smartslider3 slider=2390]

Нұр-Сұлтан қаласында Ресейге салынған санкциялар пакетінің енгізілуі және оның еліміздің экономикасына кері әсеріне байланысты «Атамекен» ҚР ҰКП құрған жедел штабтың отырысы өткен болатын. Аталған жиында бас қаланың кәсіпкерлері бірер айдың ішінде туындаған мәселелерін ортаға салып, қандай қиындықтарға тап болғанын айтты.

Қаладағы тоқыма компаниялары мата-материалдың қымбаттауы және валюта бағамының өсуі салдарынан арнайы киім, мектеп формасын тігу жөніндегі келісімшарттық міндеттемелерді орындай алмайтынын айтуда. Мәселен, ВМС Sales жетекшісі Асқар Башеев шикізатты жеткізушілердің барлығы валюта бағамының құбылуына орай келісімшарт жасасудан тартынады дейді. «Алда мектеп науқаны келе жатыр, біз киім тіге алмаймыз, оған қажетті қор тапшы. Ал шикізат жеткізушілер келісімшарт жасауға асықпайды, өйткені ертең баға өзгермейді деген еш кепілдік жоқ» дейді ол.

«Прогресс» тігін фабрикасы ЖШС өкілі Нұржан Манкинның айтуынша, оның фабрикасы Қорғаныс министр­лігімен өткен жылдың күзіндегі бағамен келісімшартқа отырған. Бірақ, қазірдің өзінде Қытай мен Ресей өндіретін материалының бағасы 30-40 пайызға қымбаттап кеткен.

Оның әріптесі «ҚазСПО-N» ЖШС бас директоры Елена Свечникова қазіргі жағдайда Қорғаныс минис­трлігімен келісімшарт жасауға ниеттенгенімізбен, мәміле бағаның өсуіне байланысты тиімсіз болып отыр дейді. Осы себептен «Мемлекеттік сатып алу туралы» Заңына сәйкес кәсіпкер ісін адал жүргізбейтін тапсырыс орындаушылар тізіміне еніп кетемін деп қауіптеніп отыр. Оның кәсіпкерлер палатасынан осы бағытта қолдау шараларын көрсету туралы өтінішіне жиынға қатысушы кәсіпкерлер де қосылды.

Одан бөлек, басқосуда сөз алған «Еurasia Group Kazakhstan» ЖШС өкілдері Еуропа мен АҚШ-тан келуі тиіс ауыл шаруашылығы техникасы Беларусь Республикасы мен Ресей жақтан кешеуілдеп жатқанын тілге тиек етті. Аталмыш техника келе жатқан көктемгі дала жұмыстарын бастау үшін керек боп отыр дейді серіктестік өкілі. Көктемгі жұмыстар кеш басталса, күздегі ахуал қалай боларын топшылау аса қиын емес.

«Көктемгі науқан бір жарым айдан соң басталады. Логистика маршруты мәселесінде алаңдаушылық бар. Егер Беларусь пен Ресей шекараны жапса, тауар ағыны Түркия мен Әзербайжан арқылы тасымалданады. Баку мен Ақтау порттары мұндай жүктемеге дайын ба? Мұның салдары техниканың тұрып қалуына, көлік кептелісіне әкеліп соғады! Сонымен қатар сөзсіз кешігу болады. Бізге тиімді тұсы Беларусь пен Ресей шекарасының ашық болуы» дейді аталмыш компания өкілі.

Сондай-ақ «ҚР Жиһаз және ағаш өңдеу өнеркәсібі кәсіпорындарының қауымдастығы» ЗТБ президенті Қанат Ибраев отандық жиһаз өнеркәсібі тұралап қалмауы үшін бірнеше ұсыныстармен бөлісті. Оның пікірінше бірінші кезекте плиталық материаларды тасымалдауды субсидиялау қажет. Бұған дейін мұндай ұсынысты әзірлеп, тиісті орындарға табыстаған. Алайда ұсыныс Ұлттық экономика және Қаржы министрліктерінің назарынан тыс қалған. Плиталық материал бағасындағы ең көп үлесті, өндіруші зауытқа байланысты мөлшермен 40-50 пайыз тасымалдау құрайтын көрінеді.

«Келесі ретте плиталық материал мен фурнитураны жеткізуге арналған салық жеңілдіктерін әзірлеу керек. Шетелдік жабдықты жеткізуге арналған преференцияларға ұқсас, өйткені екеуі де Қазақстанда өндірілмейді. Сондай-ақ келешектегі 3 жылға корпоративті табыс салығына мораторий енгізу қажет» дейді Қ.Ибраев өз сөзінде.

Сол секілді «Qazaq stone» Қазақстан тас өңдеу саласының одағы» ЗТБ төрағасы Дәурен Ағзымов одақ жыл бойы Мәскеумен отандық тасты жеткізуге келіссөздер жүргізгенін атап өтті. Бірақ, олар елдеріндегі соңғы саяси жағдайға байланысты барлық жұмыс тоқтағаны туралы одаққа хабарлама жолдаған. Осыған орай аталған бірлестік биыл жұмыссыз қалып, салы суға кетіп отыр.

Жиын соңында барлығын мұқият тыңдаған Нұр-Сұлтан қаласы кәсіпкерлер палатасы директорының міндетін атқарушы Бейсен Жолболдиев айтылған мәселелер жинақталып, баламалы шешімдерді іздеу үшін «Атамекен» ҚР ҰКП жедел штабына жіберілетінін мәлімдеді.

Сонымен бірге ол кәсіптері Ресейге салынған санкция әсерлерлеріне зардап шегіп, жұмысы тоқтап қалу қаупі бар кәсіпкерлерге Нұр-Сұлтан қаласы бойынша жедел штабқа хабарласу қажеттігін мәлім етті.

 Байжан ЕМБЕРДІ

 

 

 

 

 

 

Тағыда

Ұқсас жаңалықтар

Пікір үстеу

Back to top button