Басты ақпарат

«Сән-салтанат» салығына дайынбыз ба?

«Нұр-Сұлтан қаласында ең ауқатты, бай адамдар тұрады екен. Шаһардың әр бөлігіндегі сән-салтанатты коттеждерді көріп, сүйсіндім» деді бірде бір танысым. Расында да, елордада сәулет өнерінің соңғы үлгісімен тұрғызылған жекеменшік зәулім сарайлар аз емес. Ол шаһардың бірнеше ауданында бар. Есіме өткен жылы Парламент қабырғасында сенатор Мұрат Бақтиярұлы көтерген байлыққа салынатын «сән-салтанат» салығы туралы депутаттық сауалы түсті…

[smartslider3 slider=2384]

Әуелі декларация, сосын салық…

«Қазақстанда бай мен кедейдің арасы жер мен көктей» деген сөзді қазір жоғарғы эшелондағылардың өзі мойындай бастады. Ел байлығының тең жартысынан астамы 162 адамның қолында екенін Мемлекет басшысы да айтып қалды. Ал олай болса сол не ішейін, не киейіні жоқ, мейманасы асқан адамдардан халыққа қандай қайыр болуы керек? Осы сауал төңірегінде 2013 жылы да мәселе көтеріліп, «супер бай» адамдарға салық салу төңірегінде талай ой-пікірлер айтылған-ды. Тіпті ол кезде Үкімет те миллион доллардан қымбат үйлерде тұратындарға салықты үш-төрт есе өсіруді де ұсынған болатын. Алайда бұл төңіректе мемлекет нақты бір шешімге келе алмай, түрлі ұсыныстар мен пікірталастар әлі күнге жалғасып келеді. Енді, міне, 2022 жылдан бастап сол айтылған үдемелі салықты енгізу жоспарланып отыр. Дегенмен «бұл бастаманың елге, халыққа, қоғамға берері қандай? Бұдан қарапайым азаматтарға келіп-кетер не бар, қандай көмегі болады?» деген сауал жан-жақтан айтылып қалып жатыр.

Ебін тауып, зәулім сарай салып, байлығын еселеп арттырып отырған қазақстандықтар отандастарының алдында әлеуметтік жауапкершілік жүктеуі тиіс, сонымен қатар елдің дамуына да үлес қосуға міндетті. Аса байларға салық салу осы тұрғыдан негізделеді.

Белгілі бір дәрежеде қалтаңызға ақша басқа азаматтардан гөрі анағұрлым мол құйылып жатыр екен. Табыс көзіңіз басқаларға қарағанда молырақ екен. Соның арқасында жылжитын, жылжымайтын мүліктің иесі екенсіз. Мемлекетке артықтау салық төлеңіз. Міне, осы идея қазір нақты айтыла бастады. Бұл шешімнің негізгі мақсаты – түптеп келгенде, асқан байлар мен кедейлердің арасындағы әлеу­меттік теңсіздікті жою. Екінші жағынан, осындай салық салу арқылы елде әділет орнату. Айталық, біреулердің жеке ұшағы мен яхтасы, 300 шаршы метр пәтері мен 500 шаршы метр жеке үйі бар. Немесе бір адамдар «Aston Martin», «Bentley», «Ferrari», «Lamborghini», «Maserati» маркалы люкс автокөлік мініп жүр. Оларға неге сол «сән-салтанат» салығын салмасқа?!

«Бұл дұрыс қой, бірақ сән-салтанат иесінің барлық заттарына арнаулы салық салына ма? Осы жерін нақтылап алу керек. Егер адамның табысы айына тұрақты түрде миллионнан асып жатса, ол – басқа әңгіме, ал орташа айлық алып жүрген адамның өзі айына миллиондаған ақша жұмсауы мүмкін ғой. Мәселен, жылдар бойы үнемдеп, тырнақтап жинап, үй немесе қымбат машина сатып алады. Сонда оған да үш-төрт еселенген үдемелі салық төлеттіру керек пе? Меніңше, бұл жерде сән-салтанат салығын енгізбес бұрын халықтың табысын айқындайтын декларация тапсырту керек. Сонда ғана әділдікке бір табан жақындай түсеміз» дейді қоғам белсендісі Әсет Жанаев.

Сарапшылар не дейді?

«Егер мемлекет азаматтардың табысын шынайы бағаламайтын болса, «сән-салтанат» салығын салудың пайдасы шамалы. Ол үшін бірінші міндетті түрде табыс декларациясын тұрақты тапсырту тетігін іске қосу керек» дейді экономист-сарапшы Алмагүл Өмірбекова. Оның айтуынша, жалпы декларация тапсыру механизмін қалыптастырмай, «ресми» еңбекақыларын азайтып көрсетіп, салықтан жалтаратындар көбейеді. Сонымен қатар орташа табыс табатын адамдардың қатарын көбейтіп, әртүрлі дерек көздерінен олардың жиынтық табысын анықтап, салық ұстауды нақты жолға қою да маңызды. Ал бізде әлі солардың бірде-бірі жүзеге асырылмай жатыр, сондықтан салық реформасын жүргізу асығыстық болады. Экономист-сарапшы бұл тұрғыда салықты көтеру мәселесін әлі де бір бес жылға кейін ысыру туралы ұсыныс айтады.

«Шынында да, елімізде орта тап өкілдерінің үлесі басым болмай, экономиканың алға жылжып кетуі екіталай. Мұны адамдар түсінді. Ертең неше түрлі құйтырқыға барады» дейді белгілі заңгер Жанкелді Сүлейманов.

«Ұлттық экономика министрлігінің есебі бойынша дербес кіріс салығының азаюы айына 240 мыңға дейін жалақы алатын барлық азаматтарға қатысты болады. Салық жүктемесін елу пайыздан жоғары көтеру 500 мыңнан жоғары жалақы алатын 190 мың жұмыскерді қамтуы керек.

«Экономист ретінде мен салық салудың үдемелі түріне қашан да қарсы болдым. Бұл бұдан да жоғары салық мөлшерінен жалтаруға дейін жеткізуі мүмкін. Мен айына 500 мың теңге алатын қызметкерді бай адам деп ойламаймын. Үдемелі салық жүйесін енгізіп алып, сосын ертең салықтан жалтарудың неше түрін естіп жүрмейік» дейді экономист Әлімжан Сабыров.

Шетел тәжірибесі қалай?

Сән-салтанатқа салық салу әлемнің көптеген елінде бар. Бірақ бірде-бір мемлекет мұндай салықты керемет табысты жүргізіп кетіпті деген мәлімет кездеспейді. Айталық, 1990 жылы осы үдемелі салықты АҚШ енгізіп еді, жұрттың басым бөлігі байлығын жасырып, жаппай салық төлеуден жалтарған соң алып тастады.

Ал Сингапурдың тәжірибесі сәл басқалау. Онда табысы орташа жалақы көрсеткішінің 40 пайызынан аз болса, жұмысшы жеке кіріс салығын төлемейді. Бірақ бұл біздің елде қолдануға келе ме, келмей ме, әбден зерттеу керек.

Сардинияда 2006 жылы вилласы, яхтасы, жеке ұшағы бар адамдарға «сән-салтанат» салығы енгізіліпті. Сонда ең көп салық төлеген аралда жеті вилласы бар елдің бұрынғы премьер-министрі болыпты. Бірақ 2009 жылы миллиардерлер бас көтеріп, салық түгелімен жойылған.

Францияда да бұл салық 2013 жылы енгізілген. Ел билігі осы салықпен қазынаның қалтасын қампитамыз, жылына бюджетке бір миллион еуро түсу керек деп болжағанмен, бар-жоғы 260 миллион еуромен қанағаттаныпты. Келесі жылы бұдан да аз – 160 миллион еуро түскен. Алайда бұл салықтың іскер адамдар мен елдегі оппозицияға ұнамағаны өз алдына, Францияны олигархтар мен ең танымал актерлер тас­тап кете бастаған. Осы жағдай ел үкіметін біраз ойландырып тастады.

Заңды айналып өтпесе дейміз

Міне, дамыған дерлік Еуропа елдеріндегі осындай салықты енгізу мысалдарын көре отырып, «шындығында, біз осы «сән-салтанат» салығына дайынбыз ба?» деген сауал туындайды.

Жоғарыда келтіргендей, отандық қаржыгер-сарапшылардың айтуынша, егер осы аталған салықты асығыс енгізетін болсақ, ақшаның жаппай шетелге шығарылуының үдеуі әбден мүмкін. Есесіне көшемізде Ресейдің, Қырғызстанның, тағы басқа да одақтас елдердің автокөліктері қаптап, нағыз байлар дүние-мүлкін атасының, енесінің, тағы да басқа толып жатқан туыстарының атына жазып, элита нағыз сән-салтанатты байлықты Лондоннан, Монакодан, Кипрден, басқа да шет елдерден сатып алып, сол жақта тіркететін болады.

Ол үшін не істеу керек? «Ең бірінші мемлекет іштегі капиталдың сыртқа шығуына мықты тосқауыл қою қажет. Елдегі ақшаны ешкім де заңсыз шетелге шығара алмайтындай қамал қойылса, сосын барып «сән-салтанат» салығын бірте-бірте енгізуге болады. Кем дегенде оған бес жыл уақыт қажет. Онсыз да элита ақшасынынң көбін офшорларға тығып отырғаны жасырын емес. Үдемелі салық саясатын дәл қазір енгізсек, елден ақша кетіп қалады. Өз қолымызды өзіміз кескендей боламыз. Шынын айтсақ, мемлекеттен қатаң бақылау болмағандықтан, олигархтар қазірдің өзінде кез келген елден кез келген ақшаға элиталы дүние-мүлік сатып алып жатыр» дейді қоғам белсендісі Ерғали Абдуллин.

«Әрине, әлеуметтік теңсіз­дікпен күрескен дұрыс. Бірақ оның басқа да жолдары бар емес пе? Оның ең бастысы – сыбайлас жемқорлықтың тамырына балта шабу, екіншіден, кландық, тамыр-­таныстыққа тосқауыл қойып, еңбекақыдағы жер мен көктей алшақтықты теңестіру. Есесіне білімге, ағарту ісіне, оның ішінде жас ұрпақ тәрбиесіне көбірек қаржы құю керек. Сонда біз сапалы адам капиталын жасай отырып, теңсіздіктің келешекке өтпеуін қамтамасыз ете аламыз» деген экономист-сарапшы пікірімен толық келісуге болады.

Тағыда

Таңатар Төлеуғалиев

«Астана ақшамы» газетінің тілшісі

Ұқсас жаңалықтар

Пікір үстеу

Back to top button