Басты ақпарат

Күн мен желдің қуатына қашан жылынамыз?

Осы жылдың басында ҚР Экология, геология және табиғи ресурстар министрлігі өңірлердің экологиялық проблемаларын кешенді шешу жөніндегі жол карталары туралы жария етіп, іске асыру мерзімі 2025 жылға дейінгі 485 нақты іс-шараны қоса отырып, өңірлердің экологиялық проблемаларын кешенді шешу жөніндегі 16 жол картасын бекіттік деген болатын. Онда Нұр-Сұлтан қаласының жел режимін зерттеу, оның нәтижелері бойынша осы жылдың мамыр айының соңына дейін қаланың бас жоспарына түзетулер енгізілетіні айтылған. Осы ретте күн, жел, су және басқа жаңғыртпалы қуат көздерін игеру тәжірибесі туралы шолуды назарларыңызға ұсынамыз.

[smartslider3 slider=2382]

Елорданың табиғаты күн және жел қуатын молынан пайдалануға мүмкіндік береді. Бүгінде күн мен желден қуат алатын қондырғылар Ұлы дала және Т.Рысқұлов көшелерін, бірнеше саябақ пен алаңдарды, сорғы стансаларын, автобус аялдамаларын тегін жарықтандырып тұр және эко-жатақ пен гаджеттерді зарядтау қондыр­ғыларына пайдаланылады. Сонымен қатар елордада қалалық желіге электр энергиясын беруге қабілетті «жасыл» мешіт құрылысы жүргізілді. Орнатылған қондырғылардың қуаты сағатына 300 кВт құрайды.Тағы бір күн электр стансасы ЭКСПО аумағында орнатылған. Оның қуаттылығы сағатына 200 кВт құрайды. Жаңартылған энергия қуатын бөлетін құрылғылардың ең ірілері Ерейментау мен Арқалықта бар. Жел генераторы елорда маңындағы «Родина» кәсіпкерлігінде орналасқан.

2008 жылғы 23 қаңтарда Брюссельде «Жаңартылатын энергия көздерін пайдалануды ынталандыру туралы» директивасы қабылданып, онда 2020 жылға қарай энергияны тұтынудың жалпы көлеміндегі жаңартылатын энергия үлесінің 20 пайыздық деңгейіне жеткізу, ауаға бөлінетін улы газдар шығарындыларын 20 пайызға азайту туралы шешім қабылданған болатын. Бұл қажеттілік әлемдегі энергетикалық дағдарысты болдырмаудың, экологиялық қатердің алдын алудың бір амалы еді. Өйткені қуат өндірудің басты көзі мұнай болса, алдағы 40-45 жылда газ қоры 65 жылда сарқылады деген болжам бар. Ал электр қуатын өндіруде көмірсутегі шикізатын көптеп пайдалану жаһандық жылыну үрдісін алға шығарды. Ғалымдардың болжауынша, мұның зардабы ауыр. Яғни ғаламда ауа температурасы 6,4 градусқа жылынып, әлемдік мұхиттардың деңгейі 58 сантиметрге көтеріліп, барша адамзат экологиялық өзгерістерді, апатты ғасырды бастан кешірмек. Директива қабылданғалы он бес жылға жақындаса да, баламалы қуат көздерін экономиканың тірегіне айналдыру процесі баяу жүріп жатыр.

British Petroleum компаниясының өткен жылғы «Әлемдік энергияның статистикалық шолуында» қазба көмір-мұнай өнімдері дүние жүзінде жалпы энергия тұтынудың 83,1 пайызын қамтамасыз ететінін көрсетті. 2020 жылғы пандемия кезінде, аталмыш басылымның мәліметінше, жаһандық энергия тұтыну 2019 жылмен салыстыр­ғанда 4,5 пайызға, ал әлемдік CO2 көмірқышқыл газы, ауаға улы заттардың таралуы 2020 жылы да 6,3 пайызға төмендеген. Бұл 1945 жылдан бергі ең төменгі көрсеткіш болатын. Алайда барша елге індет жайы­лып етек-жеңін қымтанып жатқанда, Қытайдағы жағдай ерекше болды. Бұл елде 2019 жылмен салыстырғанда қазба отындарының барлық санатын пайдалануды арттырған және СО2 шығарындыларын арттырған әлемдегі 195 елдің ішіндегі жалқысы. Экономикасы қарыштап дамып жатқан Қытайда тек өткен жылы ғана жалпы энергия тұтыну 2,1 пайыз­ға өскен.

Адамзат алдында экономика мен экологияның бірін таңдау қажеттігі тұр. Ендігі күнде қазба байлықтарына негізделген энергетика секторына шұғыл өзгеріс енгізіп, ешқашан сарқылмайтын, қайтадан қалпына келтірілетін, қоршаған ортаға зияны жоқ баламалы энергия көздерінің түрлерін іске қосу арқылы жаңа ғасырдың энергетикалық көшбасшылығына қол жеткізу басты міндетке айналуда.

Баламалы қуат көздері дегенімізде алдымен Күн энергия­ы еске түседі. Күн – Жердегі энергияның негізгі көзі, өйткені біздің планетамызға жыл сайын шамамен 173 ПВт (немесе 173 миллион ГВт) күн энергиясы түседі және бұл әлемдік энергия сұранысынан 10 мың есе көп екен. Қазіргі күнде шатырда немесе ашық жерлерде фотоэлектрлік модульдер жартылай өткізгіштерді, негізінен, кремнийді пайдалана отырып, күн сәулесін электр энергиясына айналдыру жылдам жүріп жатыр. Күн коллекторлары үйді жылытып, суды ысытады. Жел энергиясын пайдалану – жел турбиналары арқылы ең жылдам дамып келе жатқан жаңартылатын жасыл энергия технологияларының бірі.

2020 жылғы желтоқсанда БҰҰ аясында ұйымдас­тырылған климаттық амбициялар жөніндегі саммитте Президентіміз Қасым-Жомарт Тоқаев Қазақстанның 2060 жылға қарай көміртекті бейтараптыққа қол жеткізу мақсаты туралы жариялады. Энергия өндірісінің жалпы көлемінде жаңартылатын энергия көздерінің үлесі 2020 жылғы жағдай бойынша 3 пайызды құрады. Алдағы уақытта бұл көрсеткішті 6 пайызға дейін, екі есеге арттыру жоспарлануда

ХІХ ғасырдың аяғынан бастап су энергиясы электр энергиясын өндіру үшін белсенді түрде қолданыла бастады. Одан бөлек, геотермалдық энергия жер қойнауының температурасы жердің жоғарғы қабаттарын және жерасты су объектілерін жылытуға мүмкіндік береді. Топырақтың геотермиялық энергиясы таяз ұңғымаларды пайдалану арқылы алынады, бұл үлкен күрделі салымдарды қажет етпейді. Ол әсіресе ыстық су көздері жер қыртысының бетіне жақын орналасқан аймақтарда тиімді. Биоэнергия да – әмбебап қуат көзі. Қатты, сұйық және газ тәрізді биомассадан жылу, электр және отын алуға болады. Ағыс пен ағынның, үлкен мұхиттардың толқындары да қуат көзіне жаратуда. Олар генераторды айналдырады, ол электр энергиясын өндіруге жауап береді. Осылайша электр энергиясын өндіру үшін толқынды электр стансалары гидродинамикалық энергияны, яғни энергияны, қысымның төмендеуін және теңіз толқындарындағы температура айырмашылығын пайдаланады. Бұл саладағы зерттеулер әлі де жалғасуда, бірақ сарапшылар Еуропаның жағалауы ғана жыл сайын 280 ТВт/сағ энергия өндіре алатынын есептеп үлгерді. Бұл экономикасы дамыған Германияның энергия тұтынуының жартысы екен.

Бірнеше жылдан бері Қазақстанның энергетика саласында күрделі дағдарыс орын алуда. Қолданыстағы жылу-электр стансалары (олардың үлесі 87,7 пайыз) ескі жабдықта жұмыс істейді. Электр энергиясының 70 пайызы көмір жағу арқылы өндіріледі, электр желілері және басқа да инфрақұрылымдар тозып, апатты жағдайға жеткен. Қысқы жылыту маусымында электр энергиясының бір бөлігі шекаралас жатқан Ресей, Өзбекстан мен Қырғызстаннан алынады. Солай бола тұра, баламалы қуат көздерін пайдалану тетіктері қосылмаған.

Еліміздің табиғи ерекшеліктеріне келсек, мамандар Қазақстанның жел энергетикасының әлеуеті өте жоғары дейді. Оны өндірген жағдайда, шамамен 2030 жылға қарай бүкіл елдің электр энергиясына болжамды қажеттілігінен асып түсіп, шамамен 10 есе жоғары көрсеткішті көрсетеді. Қазақстан аумағының жартысына жуығы электр энергиясын өндіруге қажетті желдің орташа жылдамдығымен (4-6 м/с) сипатталады, ал ең жоғары әлеует Каспий теңізі аймағында, еліміздің орталық және солтүстік өңірлерінде байқалады. Дегенмен Алматы облысындағы Жоңғар қақпасы мен Шелек дәлізі – жел қуатының түп қайнары. Бұл өңірде желдің орташа жылдық жылдамдығы – 9,7 м/с, ал желдің тығыздығы шамамен – 1050 Вт/м2, бұл дегеніңіз әрқайсысында жылына 1 млрд кВт/сағ электр энергиясын өндіру мүмкіндігін көрсетеді.

Еліміздің оңтүстік өңірінде күн сәулесінің мөлшері жылына 2200-ден 3000 сағатқа дейін түсетін, бұл жылына 1200-ден 1700 кВт/м2-ге тең болатын жоғары инсоляция аймақтары бар. Қазақстандағы күн энергиясының әлеуеті жылына 2,5 млрд кВт/сағ деп бағаланады, бұл жалпы тиімділігі 16 пайызды құрайтын 10 км2 күн батареяларының ауданына сәйкес келеді.

Бүгінде күн мен желден қуат алатын қондырғылар Ұлы дала және Т.Рысқұлов көшелерін, бірнеше саябақ пен алаңдарды, сорғы стансаларын, автобус аялдамаларын тегін жарықтандырып тұр және эко-жатақ пен гаджеттерді зарядтау қондырғыларына пайдаланылады. Сонымен қатар елордада қалалық желіге электр энергиясын беруге қабілетті «жасыл» мешіт құрылысы жүргізілді. Орнатылған қондырғылардың қуаты сағатына 300 кВт құрайды.Тағы бір күн электр стансасы ЭКСПО аумағында орнатылған. Оның қуаттылығы сағатына 200 кВт құрайды

Десе де кенжелеп қалған қуат алудың баламалы түрін дамытуда дәмесіз емеспіз. 2020 жылғы желтоқсанда БҰҰ аясында ұйымдастырылған климаттық амбициялар жөніндегі саммитте Президентіміз Қасым-Жомарт Тоқаев Қазақстанның 2060 жылға қарай көміртекті бейтараптыққа қол жеткізу мақсаты туралы жариялады. Энергия өндірісінің жалпы көлемінде жаңартылатын энергия көздерінің үлесі 2020 жылғы жағдай бойынша 3 пайызды құрады. Алдағы уақытта бұл көрсеткішті 6 пайызға дейін, екі есеге арттыру жоспарлануда. 2030 жылға қарай Қазақстанның энергетикасындағы жасыл энергияның үлесі 15 пайызға дейін жеткізіледі деп сендірді.

Әлемде баламалы қуат көздерін молынан пайдаланатын үш ірі ел бар. Қытай мен АҚШ-тан кейін үзеңгі қағыстырып келе жатқан Германия 2038 жылы энергия өндіруде көмірден бас тартады. Биылдың өзінде көмірмен жұмыс істейтін электр стансаларының жалпы қуаттылығы төрттен біріне қысқарды. Сырттан алып келінетін көмірмен жұмыс істейтіндер жедел қарқынмен жабылуда. Қоңыр көмір өндіру кенішін жапқандар миллиард доллар көлемінде өтем­ақы алады. Берісін айтқанда, 2030 жылға қарай Германияда тұтынылатын электр энергиясының 65 пайызы жаңартылатын көздерден, ең алдымен, жел мен күннің көмегімен өндірілуі керек деп шешіп отыр. Бүгінде бұл көрсеткіш шамамен 43 пайызды құрайды.

Немістердің экологиялық таза көздерден энергия өндіруде үлкен серпіліс жасауға ықпал еткен нәрсе – жапондық «Фукусима-1» атом электр стансасындағы апат. Осы оқиғадан кейін Германия үкіметі жаңартылатын энергия көздеріне қызығушылық танытты. Содан кейін канцлер Ангела Меркельдің кабинеті 2022 жылға дейін елдегі барлық 17 атом электр стансасын кезең-кезеңімен пайдаланудан шығару туралы шешім қабылдайды.

Халықаралық энергетика агенттігінің мәліметінше, өткен жылы Қытай Халық Республикасы жаңартылатын энергия көздерін енгізу бойынша әлемде көшбасшы болды, ал 2026 жылға қарай бұл елде жел мен күн қуатын өндіру 1200 гигават­қа жеткізеді. 2025 жылдарға арналған он төртінші бесжылдық жоспарға сәйкес, жалпы энергия тұтынуда баламалы электр көздері үлесін 20 пайызға арттыруды шамалап отырған Қытайда энергия өндірудің ұлттық құрылымындағы күн мен желдің, су мен тағы басқа қуат көздерінің үлесі 43,5 пайызға жетті. Қытайдан басқа, жасыл энергетика өсуінің негізгі драйвері – Еуропа елдері, сондай-ақ АҚШ пен Үндістан.

Америка Құрама Штаттары, Канада және Мексика да жасыл энергия серпінін арттыруға ниетті. 2025 жылға қарай олар Солтүстік Америкадағы барлық энергияның жартысын жаңартылатын көздерден алуды жоспарлап отыр. Қазіргі уақытта олар АҚШ, Канада және Мексикадағы энергия өндірісінің жалпы 37 пайызын құрайды.

Жапон үкіметінің алға қойған мақсатына сәйкес, 2030 жылға қарай күн мен жел қуаты елдегі электр энергиясының 22-24 пайызын өндіруі тиіс болса, бүгінде олардың үлесі шамамен 17 пайызды құрайды.

Мұнайдың, газдың және көмірдің орасан қорына қарамастан, Ресей Федерациясы «жасыл» көздер негізінде энергия өндіруді ұлғайтуды жоспарлап отыр. 2035 жылға дейін жел мен күннің жаңартылатын энергия көздерінің үлесі 3 пайызға дейін өседі деп күтілуде. 2035 жылға қарай бұл секторды құру мен дамытуға инвестиция көлемі 53 млрд долларды құрайды. Ресейде «жасыл» энергетиканы қолдау үшін бағдарлама қабылданды, оған сәйкес желілік компания­лар жаңартылатын энергия жеткізушілерінен электр энергиясын сатып алуға міндеттеліп отыр.

Тағыда

Айгүл Уайсова

Ақпарат саласының үздігі

Ұқсас жаңалықтар

Пікір үстеу

Back to top button