ЖаңалықтарМәслихат

СЕНАТ ДЕПУТАТТЫҒЫНА ҮМІТКЕР ТІРКЕЛДІ

DSC_8886

Қалалық мәслихаттың кезектен тыс отыз сегізінші сессиясына Астана қаласы әкімінің бірінші орынбасары С.Хорошун, қала әкімінің орынбасарлары, Алматы, Сарыарқа, Есіл аудандарының әкімдері мен бұқаралық ақпарат құралдарының өкілдері қатысты.

Сессияда сөз алған қалалық мәслихаттың хатшысы Сансызбай Есілов Елбасы Жарлығымен Қазақстан Республикасының Парламенті Сенаты депутаттарының сайлауы биылғы қазанның 1-іне тағайындалғанын, осыған орай, сенатор ретінде кандидаттарды ұсыну мәслихаттардың сессияларында, сондай-ақ өзін-өзі ұсыну тәртібімен жүзеге асырылатынын айта келе, Қазақстан Республикасы Парламенті Сенатының депутаттарын сайлау науқаны қарсаңында қалалық қауымдастықтың атынан Сенат депутаттығына лайықты үміткерді ұсынуымыз қажет екенін жеткізді. Бұл ретте №12 сайлау округінің депутаты Сапар Ахметов елордамыз – Астана қаласының атынан болғандықтан, ұсынылғалы отырған үміткер бас қаламыздың беделді азаматы болуы қажеттігін ескере отырып, қалалық мәслихаттың депутаты, «Нұр Отан» партиясының мүшесі, «Цесна» корпорациясы» АҚ директорлар кеңесінің төрағасы Серік Жақсыбековтің кандидатурасын ұсынды.

«1997 жылдан бастап 2007 жылға дейін «Цесна» корпорациясы» АҚ Басқармасының төрағасы, 2007 жылдың наурызынан «Цесна» корпорациясы» АҚ Директорлар кеңесінің төрағасы қызметтерін атқарып келе жатқан Серік Рыскелдіұлы мәслихат депутаты, партия мүшесі ретінде де қоғамдық, әлеуметтік жұмыстар мен қайырымдылық шараларына белсене араласып жүр» деді депутат.

Тың өлкесінде дүниеге келіп, осы өңірді өркендетуге үлес қосқан С.Жақсыбеков әр жылдарда Қазақстан КП Шортанды аудандық комитеті ұйымдастыру бөлімінің инструкторы, аудандық мамандандырылған шаруашылық бірлестігі партия комитетінің хатшысы, Целиноград қалалық атқару комитеті төрағасының көмекшісі, Целиноград қалалық әкімшілігі басшысының кеңесші-консультанты, ҚР ҚМ Ақмола облысы бойынша Кедендік басқарманың бастығы қызметтерін атқарды. Оның өмір жолы мен адами қасиеттері, өскен ортасы туралы әңгімелеген депутаттар Қ.Құлмұқанов пен З.Шибкенов те әріптестерін осы үміткерді қолдауға шақырды.

Осылайша, қалалық мәслихаттың депутаттары Серік Жақсыбековті Қазақстан Республикасы Парламенті Сенатының депутаттығына үміткер ретінде тіркеуді бірауыздан мақұлдады.

Гүлбаршын ӨКЕШҚЫЗЫ

Тағыда

admin

«Астана ақшамы» газеті

Ұқсас жаңалықтар

Пікір үстеу

Back to top button