Әлеумет

ҰЛЫҢ БОЛСЫН ОН ШАҚТЫ, ҚЫЗЫҢ БОЛСЫН МОНШАҚТЫ

ERA_9768

Күнде кездесе бермейтін кейіпкер

Кейіпкерімізбен ас үйде таныстық.

Әңгімені әлқиссасынан бастайық. «Адамның бір қызығы бала деген». Әріптесіміз әрі көршіміз Раушан Төленқызының маңдайына басқан жалғызы – Мұқиятының оқу бітірген қызықшылығына ортақтасқан дастарқанда отырмыз. Бір кезде табақ тартатын жігіттер керек боп жеңімізді түре дәмхананың ас үйіне кіріп бардық. Жанып жатқан от, буып тұрған ыстық ауа… ал ортасында тартынған алжапқышының өзі ай-күні жетіп қалғанын айғақтап тұрған аққұба келіншек аспаздармен жағаласа, маңдайдағы терді алақан сыртымен сылып тастап, шаруаға ынта қоя кірісіп кеткен.

– Құдай-ау, елгезек аты шыққан кімнің келіні болсаңыз да, мынауыңыз тым асыра сілтеу екен. Ет пен оттың ортасында не істеп жүрсіз, жеңеше? Жедел жәрдем шақырып жүрмейікші қазір, – деп қаупімді қалжыңмен қоса айтып қалдым.

– Кімнің келіні болсақ та, осы үйдің адамымыз, жігіт. Есің ауыспай, ет көтер! – деп қолыма үйме табақты ұстата салды. Білем қазыны бұзбай салған астың үлкенін мықшыңдай көтеріп біз кеттік.

Тілек тілекке тоғысқан сол отырыстан өз басымыз екі бірдей өмір шындығына келетін жәйтті ойға түйіп қайтып ек. Біріншісі, қонақтардың қара сөзге келгенде қаражаяуы болмаса да, ақын Ерлан Жүніс бауырымыздың: «Бізде қарап тұрсақ, батырларға, қоғам қайраткерлеріне бір-бірінен аумайтын ескерткіш қоя береді. Әрине, тарихи тұлғаларымызды ұлықтаған артық емес қой. Бірақ әлі күнге дейін анаға ескерткіш арналмапты. Тек ескерткіш емес-ау, жалпы, қай жағынан болса да аналар культін көтермей, қоғамда өзі көп нәрсе дұрыс бола қоймайтынына көзіміз жетіп жатыр» деп осал тұсымызды бір осып өткені. Рас-ау….

Ал, екіншісінде асаба жігіт: «Баяғыда балажанды ата-әжелеріміз: «Айналдырған он бала, көп баладай шулама» деп айтушы еді, заманның кең, технологияның тар уақытында қазекең баланың санына қараған жоқ, қазір ғой алты балаға күміс алқа, жеті-сегіз балаға алтын алқа тағынады. Әсіресе, қаланың жағдайында тұрмысқа қарай туу сиреді. Дегенмен, батыр аналар қаламызда да бар екен, осы «Астана палау орталығының» иесі Ұлданай дейтін келіншек жасы отыздан енді асқанына қарамай, әне-міне оныншы баланың анасы атануға дайындалып жүр» дегенде отырғандар гу ете қалған.

Қош, араға уақыт салып күнде кездесе бермейтін кейіпкерімізді іздеп «Палау орталығын» бетке алдық. Әйдік көліктен түсіп келе жатқан ақсары, жұқалтаң келіншек жылышырай қарсы алды.

– Көріп тұрсыз ғой, аяқ суытуға мұрша болмайды. Балаларымды сабаққа апарып, жолай тапсырыс берушінің Самарқанд палауын есігінің алдына дейін жеткізіп тастап келе жатқан бетім еді, – деп бізбен ентігін баса амандасты.

Ұлданайдың осылай бала тәрбиесімен айналасып қана қоймай, қолда бар кәсіпті қожыратпастан бесігін мен берекесін бірге тербетіп келе жатқанына – аттай 22 жыл. Он сегізге толар-толмастан ысты деген қалың елдің Әбдікәрім атты жігітінің етегінен ұстады. Қыз болып қылмыңдаған жоқ, аттыны алыстан танитын жеңгесінің қосуымен он үш баланың сүт кенжесі Әбдікәрім Әлімбаевтың түтінін түтетіп, отауын жылытты.

– Екеуміз ауылдаспыз. Сарыағаштанбыз. Ал, Астанаға 2004 жылы осында сонау Ақмола кезінен бері қызмет бабында жүрген Амангелді Күдербекұлы атты ағамыздың шақыруымен көшіп келген едік. Балаларыңды аяқтан тұрғызыңдар, елдің ордасында ортамызды толтырып жүріңдер деп осы дәмхананы қарамағыма берді. Әбдікәрім кішігірім құрылыс фирмасын құрып, қаланың көркеюіне атсалысуда. Төрт баламен келдік, келгелі бес құрсақ көтердім, оныншысы, міне, маңдайы торсықтай бір ұл күтіп отырмыз Алла жазса, – деп тәубесін айтып ернін жыбырлатты.

Басыңды басқа емес, балаң сүйейді

Осы жерде айрықша атап өтетін бір жәйт бар. Әбдікәрім бен Ұлданай толғағына төзген тоғыздың алғашқы екеуі – Бекболат пен Жанболатты есепке қоспайды. Баяғының салтымен баланың басын ата-әжесінің бауырына басып, атағына жаздырған. Ал, одан кейінгілері Жұлдыз, Сәбит, Малика, Эльонора, Дәурен, Сара, Дариға, (2 жас төрт айлық) бір-біріне жетелесіп, тетелесіп өсіп жатыр.

Ұлданайдың өзі де әжесі Нарқалдың бауырында жетілді, туған әке-шешесін аға-жеңге деп атайтын. Оған үлкендер кәрі әжесі, яғни әжесінің енесі Ұлданайдың атын ырымдап қойыпты. Соғыс жылдарында тылдағы еңбекке бел шеше кіріскен, тақымын темірге қажатып әйел басымен трактор айдаған кәрі әжесі қарулы, алғыр кісі болған деседі. Ал, оның алдын көрген Нарқал әжесі көрген-түйгенін көз қуанышы немересі Ұлданайға да үйретіп бағыпты.

– Біз үйленген жылдары ақша ауысып, ел есі кіресілі-шығасылы боп жүрген кездер еді ғой. Қазақ тілі мен әдебиеті пәнінің мұғалімі боп жұмыс істеймін. Әбдікәрім де жұмыста. Жалақымызды айлап, жылдап кешіктіреді. Сол кезде әжемнен үйренген ісмерлігім әжетке жарады. Біреу қыз ұзатады, біреу келін түсіреді. Жасауын түгендеп, көрпе-жастығын тігіп беремін. Әлі есімде, Әбдікәрім де жұмыстан шаршап келдім деп шалжиып жатуды білмейді. Көзім қызарып, түнімен көрпе қауып отырған мені көріп аяй ма, «Әкелші, маған да ине-жіпті» деп бір жағымнан болысатын. Ерлі-зайыптылар бір-біріне сүйеу болса, қиыншылықтың небір өтелек-төтелегінен өтуге болады екен, – дейді Ұлданай.

Қазір де қарап жатпай, дәмханасындағы үстел жапқыштан бастап, орындықтың арқалығы, терезенің пердесі, майлық-сулыққа дейін өзі тігіп жайнатып жіберетін Ұлданайдай ағайын арасында сыйлы келін жоқ. Бастары қосылған той-томалақта статустары қарайластардың арасынан (абысын-ажындарды айтамыз) әуелі сөз Ұлданайға беріледі, тіпті бір туыс қайнысының да жақында дүниеге келген қызының атын аға-жеңгесінен рұқсат алып Ұлданай деп қоюы көп нәрсені аңғартқандай.

– Қызымыздың еңбекқорлығын кейбір аузына салып берген асты шайнап жей алмайтын кержалқау жандарды көргенде мақтана айтатыным рас. Тіпті, жұмыстан айы-күні жетіп, бір апта қалғанда «кет» деп зорға жібереміз, – деді біздің арнайы іздеп келіп отырғанымызға риза болған Амангелді ағасы.

Расында, етекте бір бала, жетекте жеті бала жүрсе де қалай ғана барлығына үлгеретіні тек біз емес, көпшілігі жиі қоятын сұрақтың бірі екен. Оның сырын Ұлданай мен Әбдікәрім былай бөлісті:

«Әрине, құдайдың бергенінен, құрсаққа бітіргенінен бас тартуға болмайды. Бұл – өмірдің санқилы қиыншылығынан қашқақтап, баланы бейне бір чемоданның түбінде сақтаған қыстық киімдей әріге ысырып қоятын осы күнгі жастарға қарата айтқан сөзіміз. Ал, денсаулықтары жетіп тұрса да, бір бала, екі баламен тоқтайтындарға айтарымыз – екі-үшеуден гөрі, көп баланы жетілдірген әсте оңайырақ. Себебі, естісі кішісіне қарайласады, әркімнің өз міндеті бар, тете өскен баланың тентектігі де білінбейді. Сабақтары мен балабақшаға таңертеңгісін біреуміз, түстегісін екіншіміз апарамыз. Ең маңыздысына келер болсақ, бүгінгі біздің баланы да өсіріп, оларды ештеңеге кіріптар қылмаймыз деп жатпай-тұрмай екі жақтап еңбек етіп жүргеніміз – ертең біз қартая қалғанда, басыңды сүйейтін басқа емес балаң болады» дейді.

«Кіші мемлекетке» көзқарас түзейтін кез келді

Осы орайда, әңгіме отбасы деген «кіші мемлекеттің» үлкен мемлекет ішіндегі өсіп-толуына жасалып жатқан жағдайға келіп тіреледі. Ол жөнінде Ұлданай мен Әбдікәрімнің де өзіндік ойы жоқ емес.

«Әрине, көп бала таптық деп мемлекет алдында міндетсуге болмайды. Әркім баланы өзі үшін табатыны рас қой. Үкіметке рахмет, балаларымыздың жолақысы тегін, тиесілі жәрдемақысын береді, мектепте ыстық тамақпен қамтылған. Десе де, ара-тұра көп балалы отбасылардың мәселесін қозғаған жиналыстырға шақырып тұрғанда байқағанымыз – бізде демографиялық саясатқа әлде де «ойбай фигурам бұзылады» деп қырыққа келгенше бала таппай жүрген заты қалалық қақсал жеңешелеріміздің көзімен қарайды. Оның ең үлкені – баспана мәселесі.

Біріншіден, мемлекеттік тұрғын үй кезегіне соғыс ардагері, тыл еңбеккерлері, мүгедек жандар, мемлекеттік қызметкерлер санатымен қабаттастырып қойды. Әрине, баршасы да лайық. Бірақ мемлекет үшін ең маңызды адам факторы – халық санының көбеюі десек, көп балалы отбасыларға айрықша мәртебе берілсе де артық етпес еді.

Екіншіден, кезегі әне-міне келіп қалғанда балаларының алды кәмәлет жасқа толып кетіп, қалған үш-төртеуімен көп балалы деген мәртебеден бір, тигелі тұрған бас­панадан екі айырылып қалып зар жылаған талай бейбақты көзіміз көрді. Сонда мемлекет оларға кексе тартқанда келіндерімен жарысып бала тапсын дей ме?

Үшіншіден, қазір «Жас отбасы» мемлекеттік бағдарламасы жүріп жатыр. Тағы да жас межесін отыздан әрі асырмай, қолдан тарылтып отырғандай әсер қалдырады» дейді өздеріндей аздың жағдайымен жақсы таныс ерлі-зайыптылар.

«Өздеріндей аз» деп отырғанымыз, осы күні бала санын онға жеткізіп отырған отбасы ілу де біреу. Бар болса да, олардың жағдайы анау айтқандай аста-төк боп жатқаны шамалы ғой.

«Өйткені, кейде мемлекеттің берген көмегі жұғынға жұқ болмай қалғанда, қысылғаннан сенің қолың ұзын ғой деп өзімнен жәрдем сұрап келетін талай таныс отбасы бар. Жағдайлары адам аярлықтай, түу қаланың сырт жағында мыжырайған дачаларда күй кешіп жатыр. Қайтсін, жарымай жүр ғой деп күнделікті табысымнан 500-1000 теңге тастап отырамын. Айдың соңына қарай базарға шығып, азық-түлікті толтырып әкеліп қоямын. Өздері уақыттарын біледі, алып кетеді» дейді Ұлданай.

Осы бауырмал, қайырымды қасиетінен бе оның қарамағына келген даяшы қыз-жігіттер де Ұлданайды өз анасындай көреді. Ата-аналары да өзектен теппейтін ортаға тап болғанына риза боп жатады.

Бүгінде Әбдікәрім мен жары әр баласының қадамына қуанып отырған жәйі бар. Ұл-қыздары –зеректі. Сәбиті жазуға ынтасы бар. Кезінде әжесі Сәбит Мұқановтай болсын деп бекер қоймаған екен. Қалғандары домбыра тартып, ән айтады, би үйірмесіне барады. Үлкендері Жұлдыз заңгерлік оқуды тәмамдап, тұрмысқа шығып, Айбике есімді жиен сүйдіріп отыр. «Пәлегінен дәнегі тәтті» демекші, қазір Ұлдекең мен Кәрім өз балаларын қойып, бар тілегі осы жиентайдың үстінде. Ұрпақ жалғастырған Ұлданайдың әлі де көрер қызыға алда, тәуба!

Әділбек ЖАПАҚ

Тағыда

admin

«Астана ақшамы» газеті

Ұқсас жаңалықтар

Пікір үстеу

Back to top button