ӘлеуметБасты ақпарат

Шешімін күткен шаруа көп

Астанадағы Қоғамдық кеңес мүшелері екі күн бойы елордадан сырт­қары орналасқан елді мекендерді аралап, ондағы тұрғындардың ­тұрмыс-тіршілігімен танысты. Бұл жолы топты қалалық кеңестің энергия тиімділігі, тұрғын үй-коммуналдық шаруашылық, құрылыс және экология мәселелері жөніндегі комиссия төрағасы Юсуп Келигов бастады. Олар алдымен Нұра ауданына қарасты «Үркер» тұрғын алабына барды.

Ауданның белсенді тұрғындары билік өкілдерін «Нұра» дене шынықтыру-сауықтыру кешенінде қарсы алды. Жергілікті жұртшылықтың оларға айтары аз болмады. Алдымен сөз алған комиссия төрағасы халықтың көкейінде жүрген, елді мекендегі шешілмей жатқан келелі істерді алдын ала анықтап, Қоғамдық кеңестің кезекті отырысында талқылап, мәслихаттың қарауына ұсынатынын жеткізді.

Елді мекенде шешімін күткен шаруа аз емес екен. «Үркер» тұрғын алабының инспекторы Жарқын Айтжановтың айтуынша, аймақты абаттандыру, көріктендіру және көгалдандыру жұмысы жоспарға сәйкес жүргізіліп келеді.

– Бюджет бағдарламасы бо­йынша жыл басынан бері Жол картасы аясында аулаларды абаттандыру, көшелерді көріктендіру, көгалдандыру және жарықтандыру жұмысы тұрақты түрде жүргізілуде. Қараша айының соңына дейін тұрғын алапта 150 контейнер орнатылады, қазір оның 120-сы дайын. Аймақтағы мәселелердің негізгісі «Үркерді» дамыту Жол картасының үшінші кезегіне байланысты болып отыр. Тұрғындар көтерген кейбір мәселелер мердігерлердің ауысуына байланысты уақытылы орындалмай жатады. Дегенмен Жол картасы тұрғындардың тікелей қатысуымен бекітілгенін атап өткім келеді. Аудан тұрғындарының бастамасымен оған 65 мәселе енгізілді, биыл соның 45-і орындалуы тиіс. Бүгінгі таңда 45 мәселенің 39-ы өз шешімін тапты. Тағы 6-уы жыл соңына дейін шешіледі, қалғанын келесі жылы атқаратын боламыз, – деді инспектор.

Одан соң тұрғындар өздерін толғандырған өзекті мәселелерді ортаға салды. Сөздерінен ұққанымыз: аймақтағы ең өзекті мәселе – инженерлік кәріз желілерін қалпына келтіру. Бұл ретте үркерліктер осыдан 5 жыл бұрын тұрғын алапта 10 кәріз сорғы станциясының болғанын, бүгінгі таңда көзделген 20 станцияның 15-і ғана жұмыс істейтінін, жыл өткен сайын халық санының артуына байланысты мұның аздық ететінін ескере келе, алдағы уақытта жылына бір станциядан іске қоспаса, жағдайдың дұрысталмайтынын жеткізді. Ал Энергетика және коммуналдық шаруашылық басқармасы инфра­құрылымды дамыту бөлімінің жетекшісі Бақытжан Жолмұқан аталған жобаның 3-кезеңін қаржыландырудың республикалық бюджет есебінен жүзеге асатыны жөнінде алдын ала келісілгенін, жалпы кәріз желісі мәселесінің аса өзектілігін атап өтті.

Бюджет бағдарламасы бойынша жыл басынан бері Жол картасы аясында аулаларды абаттандыру, көшелерді көріктендіру, көгалдандыру және жарықтандыру жұмысы тұрақты түрде жүргізілуде. Қараша айының соңына дейін тұрғын алапта 150 контейнер орнатылады, қазір оның 120-сы дайын. Аймақтағы мәселелердің негізгісі «Үркерді» дамыту Жол картасының үшінші кезегіне байланыс­ты болып отыр

– Жұмысты алғаш бастаған мердігер ұйым сот шешімімен жауапсыз деп танылып, ақыры 2021 жылы басқа мердігер іске кірісті. Бұл күнде «ДК Проект» ЖШС кәріз желісі бойынша жұмыстың 90 пайызы аяқталды. Құбырлардың 80 пайызын алдыңғы мердігер орнатқан болатын. Уақыт өте олардан ақау шығуы жиілеп, биылдың өзінде осындай 370 жағдай тіркелді. Сондай-ақ, сот шешімімен жосықсыз деп танылған алдыңғы мердігер салған құбырлар сапасыз болып шықты. Осындай жосықсыз компаниялардың кесірінен жұмыс баяулады, – деді маман.

Тұрғын алаптағы жолдар мен жаяу жүргіншілер жолының мәселесі де жұртшылықты қатты алаңдатып отыр. Жыл сайын осы саланы дамытуға қыруар қаржы бөлінгенмен, атқарылған жұмыс көңіл көншітпеуде. Дана есімді келіншектің сөзіне сенсек, аймақта соңғы кезде салынған жаяу жүргіншілер жолы тым тар екен. Бұл жолдардың қандай құжатқа сүйене отырып салынғанын түсінбеген тұрғын тиісті орган өкілдерінен сол құжаттың көшірмесін талап етті. Оның сөзін келесі бір қатысушы да растап, тротуардың тарлығы сондай, екі адам қарама-қарсы жолықса қатар өте алмайтынын, бұл жерден балалар арбасымен өту мүлде мүмкін еместігін, ал мүгедектер арбасы туралы сөз тіпті басқа екенін алға тартты. Мәселен, Әміре Қашаубаев атындағы көшенің мектеп жағында 1,5 метрлік заңды тротуарлар салынған, ол жақтың тұрғындарында тротуарға қатысты ешқандай шағым жоқ. Тек сол көшеге қарама-қарсы бағыттағы тұрғындар кішкентай баласы бар аналардың арбамен жүре алмайтынына қынжылды.

Екінші мәселе жатын полиция туралы болды. Бұл ретте «Динара» дүкенінің жанына 2 бөгет қойылған. Ал мектеп пен егде адамдар көп жүретін №12 емхананың алдында ешқандай жатын полиция жоқ, көліктер ол жерден аса жоғары жылдамдықпен ағып өтеді. Тұрғындар болса айдаладағы Қараөткелде, тіпті оның ең шеткі көшесінің өзінде 1,5 метр тротуар барын, қалаға тиіп тұрған аймақтағы жаяу жүргіншілер жолының ені неге 80 сантиметр екенін түсінбей дал.

«Үркер» тұрғындарын аялдама мәселесі де алаңдатып отыр екен. Көшпелі отырысқа қатысушылардың мәлімдеуінше, мектептің жанындағы аялдамаға – қаладағы «Хан Шатырдың», соңғы аялдамаға «Керемет» моншасының қасындағы аялдаманы әкеліп қоя салған. «Біз жаңадан құрылған ауданбыз. Халықтың атынан сұрайтынымыз, жаңа ауданға тек жаңа дүниелер керек. Мұнда­ғының бәрі заман талабына сай болуы тиіс. Ал бізде керісінше, бәрі ескі. Осы дұрыс па? Әкімдік бұл мәселені бақылауға алсын» деді тағы бір тұрғын. Осыған орай, тұрғын алаптың инспекторы қараша айының соңына дейін тағы 2 аялдама павильоны орнатылатынын, жұртшылықтан түскен өтініштер негізінде 10 күннің ішінде Исатай және Әміре Қашаубаев көшелеріне аялдамалар қойылатынын, барлық жұмыс бекітілген жоспарға сай атқарылып жатқанын атап өтті. Сондай-ақ үркерліктер иесіз жатқан жер телімдеріне жазда қалың қамыс өсіп, жағымсыз иіске маса, ал жаңбыр болса су жиналатынын, бұл әсіресе кішкентай балалардың өміріне қауіпті екенін жасырмады. Тұрғындар бұл жерлердің иесін тауып, жиналған жаңбыр суы құрғатылса деген пікір білдірді. Бұл ретте инспектор Батыр Баян, Шаяхметов, Доспанбетов көшелерінде осындай жерлер анықталғанын, оқыс оқиғалардың алдын алу мақсатында ол жерлерге грунт төгіліп, көпшілік жүретін көшелерге бейнебақылау камераларының қойылғанын айтты.

Жұртшылықты ерекше толғандырған мәселенің бірі – елді мекенді газдандыру. Үркерлік Байниязов әкімдердің бұл мәселені жыл сайын кейінге қалдырып келе жатқанына наразы. «Өз басым қыркүйекке дейін көмір сатып алмап едім. Күн суытқан соң, амалсыз сатып алдым. Енді күлді қайда төгерімді білмей далмын. Газдандыруды әлі қанша күтеміз?» десе, екінші бір егде ана өзінің жалғыз тұратынын, жасына байланысты пеш жағып, көмір тасып, күл шығара алмайтындықтан, үйін электр энергиясымен жылытып жүргенін жасырмады. Тұтынған тогы үшін ай сайын 120 мың теңге төлейтінін айтып, ағынан жарылған әжей «Үркердегі» үйлердің нақты қашан газбен жылытылатынын білгісі келетінін сұрай келе, мәселе биыл шешілмейтін болса, электр энергиясына түнгі тарифті төмендету туралы мәселені көтерді. Осыған орай, комиссия төрағасы тұрғын алапты газдандырудың 2024-2025 жылдарға жоспарланғанын, электр энергиясына түнгі тарифті енгізу бюджеттік жоспарлау жөніндегі мәслихаттың таяудағы отырысында қаралатынын айтты. Энергетика және коммуналдық шаруашылық басқармасының өкілі болса бүгінгі таңда аймақта газдандыру жобасы әзірленіп жатқанын, мемлекеттік сараптама қорытындысы шамамен келесі жылдың қаңтарында дайын болатынын, конкурс өткізілгеннен кейін жұмыс басталатынын жеткізді. Айтуынша, алдын ала есептеулер бойынша жоба құны – 5,1 млрд теңге.

Көшпелі отырысқа қатысқан Қоғамдық кеңестің әлеуметтік саясат саласындағы азаматтық қоғамның мүдделерін білдіру жөніндегі комиссия төрайымы Рамзия Умербаева тұрғындардың белсенділігіне, азаматтық көзқарасына қайран қалды.

– «Үркерде» белсенді тұрғындар өте көп. Елді мекенді көркейтуді мақсат еткен жандардың бас қосып, пікір алмасатын орны бар. Кездесулер ұйымдастырып, ауқымды жобаларды талқылап, кез келген мәселені бірлесіп шеше алады. Бұл азаматтардың қала орталығы тұрғындарынан еш айырмашылығы жоқ. Олардың құқығы астаналықтармен бірдей. Қаржы бөлініп жатыр, сондықтан қолайлы жағдай жасалсын, – деді Рамзия Умербаева.

Одан әрі Қоғамдық кеңес мүшелері Есіл ауданына қарасты «Интернациональный» тұрғын алабында орналасқан №24 орта мектептің ғимаратына барды. Мұнда оларды осы елді мекен мен «Тельман» тұрғын алабының жұртшылығы күтіп отыр екен. Бұл жерде де тұрғындарды толғандырған мәселе газдандыру мен кәріз мәселелері төңірегінде болды.

25 жылдан бері «Тельман» тұрғын алабында тұратын Нұрлан Сыздықбаев бұл жердегі проблемаларды бүге-шігесіне дейін біледі. Аудан әкімімен болған кездесулерде үнемі осы елді мекен тұрғындарының тұрмысын түзету үшін шырылдап, шындықты айтатын жан бұл жолы да үнсіз қала алмады.

– Біздің тұрғын алапта екі үлкен маңызды мәселе бар. Оның біріншісі газдандыру болса, екіншісі – канализация. ХХІ ғасырда өмір сүріп жатқанымызға қарамастан, бізде әлі күнге дейін адамдар ауылдағыдай дәретханаға далаға шығып жүр. Газбен қамтамасыз ету де біздің тұрғындар үшін ең күрделі проблеманың бірі. Алдағы жылы осы мәселелер толығымен шешіледі деген сенімдемін, – деді тельмандық тұрғын Нұрлан Сыздықбаев.

Елді мекенде апатты жағдайда тұрған 2 жатақхана бар. Кездесу барысында олардың қашан ысырылатыны туралы да сөз болды. Әңгіме ауанынан аңғар­ғанымыз: біз барған барлық елді мекеннің тұрғындары қай істе де бақылаудың болғанын, атқарылған жұмыстардың аяғына дейін жеткізілгенін қалайды. Әрине, Астана сынды алып шаһар бір орында тұрмай, күн са­йын дамып, қарыштап өсіп келе жатқандықтан, оның бюджеті мен жоспарында үнемі өзгеріс­тердің болатынын ескерсек, тұрғындардың талабы заңды да. Тек қай іс болсын бекітілген жоспарға сәйкес жүргізілуі керек. Жұртшылықтың сұрағанынан түйгеніміз осы болды.

Көшпелі отырысты қорытындылай келе, Қоғамдық кеңес­тегі комиссия төрағасы біздің қоғамның басты байлығы адам екенін, сондықтан әр адамның пікірі маңызды екенін ескертті.

– Ең бастысы, біз бейбіт ас­пан астында алаңсыз өмір сүріп жатқанымызды бір сәтке де ұмытпауымыз керек. Бірлессек, біріксек, бітпейтін шаруа жоқ. Әлбетте, мұндай мәселелер халық саны артып, үздіксіз дамып келе жатқан кез келген қалаға тән. Тек түсіністік пен төзімділіктен айнымаңыздар. Ақылдасып пішкен тонның келте болмайтыны секілді, туындаған проблеманы бірлесіп шешейік, сіздердің пікірлеріңіз бен өтініш-тілектеріңізді біз мәслихатқа жеткізетін боламыз, – деді Ю.Келигов.

Тұрғындар көтерген мәселелердің барлығы Қоғамдық кеңестің отырысында талқыланып, бақылауға алынады.

Тағыда

Гүлбаршын Өкешқызы

«Астана ақшамы» газетінің тілшісі

Ұқсас жаңалықтар

Пікір үстеу

Back to top button