Мәдениет

Ширек ғасыр сахнада

Биыл Еркеғали Рахмадиев атындағы Мемлекеттік академиялық филармонияның симфония­лық оркестрінің құрылғанына 25 жыл толып отыр. Өнер ұжымы мерейтойына орай «Бізге 25» концерттік бағдарламасын ұсынды. Кеште шақырылған солист ретінде болгар скрипкашысы Павел Минев өнер көрсетті.

Елорданың жетекші кәсіби ұжымының бірі – Е.Рахмадиев атындағы Мемлекеттік академиялық филармонияның симфониялық оркестрі 1999 жылы құрылды. Оркестрдің көркемдік жетекшісі және негізін қалаушы – Қазақстанның еңбек сіңірген қайраткері Абзал Мұхитдин. Бас дирижер – «Дарын» мемлекеттік жастар сыйлығының лауреаты Қалқаман Дүйсембаев.

Өнер ұжымы Қазақстан қалаларында концерттік және гастрольдік қызметті белсенді жүргізеді, сондай-ақ Италия, Германия, Франция, Грекия, Египет және т. б. елдердегі халықаралық фестивальдарда сәтті өнер көрсетті.

Осы жылдар ішінде оркестр отандық дирижерлер Қанат Ахметов, Әкім Мұхатжанов, Ерлан Бақтыгерей, Берік Батыр­хан, Ернар Нұртазин, Абзал Мұхитдиновтің жетекшілігімен көптеген классикалық музыка концерттерін өткізді. Бірқатар жоба көрнекті музыканттар – танымал тенор Пласидо Доминго (Италия), Такаши Шимицу (Жапония), Глория Компанер (Италия), Ахмед Агади, Сергей Кравченко, Максим Федотов, Денис Мацуев (Ресей), Фредди Кемпф (Ұлыбритания), Фран­ческо Калеро (Испания), Франсуа Чаплин және Давид Бисмут (Франция), Армен Бабаханян (Армения) қатысуымен жүзеге асты. Оркестрмен Қазақстанның көрнекті музыканттары Бибігүл Төлегенова, Айман ­Мұсақожаева, Жәния Әубәкірова, Нұржамал Үсенбаева, Майра Мұхамедқызы, Марат Бисен­ғалиев, Әмір Тебенихин, Ержан Күлібаев өнер көрсетті.

Симфониялық оркестрге Саулюс Сондецкис (Латвия), Кшиштоф Пендерецкий (Польша), Владимир Ашкенази, Стефанос Циалес, Анастасиос Паппас (Греция), Филипп Юи (Франция), Кристиан Делисо (Италия), Беньямин Юсупов, Ваг Папян (Израиль), Габор Холлерунг (Венгрия), Юн Ки-Ён (Оңтүстік Корея), Маурицио Чампи (Италия), Хироаки Уэба (Жапония) сынды атақты шетелдік дирижерлер дирижерлік етті.

Оркестр репертуарында П.Чайковский, В.А.Моцарт, Н.Паганини, Н.Римский-Корсаков сынды әлемдік классик композиторлары мен отандық композиторлардың шығармалары енген.

Болгар скрипкашысы Павел Минев туралы «Российская газета», «Голос Америки», «Grazia» журналы (Италия), т. б. әлемдегі жетекші баспасөз құралдарында «Қазіргі заманғы Паганини» деп жазылды. Әлемдегі әйгілі залдарда ең танымал оркестрлер және музыканттармен бірге өнер көрсетті. Атап айтқанда, Карнеги-холлда, Columbia Artists Management Hall-да, Мәскеу консерваториясының Үлкен залында, Берлин филармониясы және Санкт-Петербург филармониясының Үлкен залында өнерін паш етті.

Павел Минев – Италия, Ресей, Болгария, Чехиядағы беделді халықаралық байқаулардың, сондай-ақ Польшадағы Г.Венявский атындағы халықаралық фестивальдің бірінші сыйлығының лауреаты. Музыканттың аудиожазбалары АҚШ, Еуропа, Ресейде шықты. Павел Минев Great Artists Musical World атты көрнекті музыканттардың әлемдік «топ-тізіміне» кіреді.

Еркеғали Рахмадиев атындағы Мемлекеттік академиялық филармонияның симфониялық оркестрі мерейтойы аясында 19 сәуір күні де концерт өткізеді. Онда солист болып Зарина Ақаева (фортепиано) өнер көрсетеді.

Тағыда

Ұқсас жаңалықтар

Back to top button