Басты ақпаратБілім

Қазақ тобы жоқ төрт бірдей балабақша

Аяқастынан «Америка» ашайық деген ниет жоқ. Бұл – талай мәрте айтылған, талай мәрте жазылған таныс тақырып. Біздікі – ел есінде жүрсін деген азды-көпті ескертпе. Қазір біздің айтпағымыздан да сорақы құбылыстар тұс-тұстан тісін ақситып, анталап тұрған жоқ па?! Дүйім елді әбігерге салған қарғын судың азабы-ақ есімізді тандырып, бүтіндей ырғақты тірлігімізден айырды. Ал мұның қасында біздікі әншейін ғана кемшілік. Осы «әншейін ғана кемшіліктің» кейін, жүре келе ұлттық проблемаға айналып шыға келетінін көріп-біліп жүргелі қашан…

Иә, балабақшаның жетіспейтіні – ежелгі «сырқаттың» бірі. Күн сайын дамудың даңғыл жолына түскен Астанамызда, шүкір, балабақшалар салынып-ақ жатыр, бүлдіршіндер топ-тобымен қабылданып-ақ жатыр. Әйтсе де балабақша жетімсіз. Себебі жұрттың бәріне аян, үлкен қалаға қоныс аударып, тіршілігін жаңаша бастағысы келетіндердің қарасы қалың және бұл ағысқа тосқауыл қою мүмкін емес. Біздің де айтпағымыз осы таныс «жыр». Қаланың күн батыс бөлігіндегі жаңа аудандамыз. «Театральный» тұрғын үй мекенжайының сәулет-құрылысы жұтынып-ақ тұр. Қоныстанғанымызға екі-үш жыл. Көшенің аты әлі толық айқындалмаған, Е-67, №6-үй. Тұрғын үйге 280 пәтер қоныстанған. Бір ауыл. Сол бір ауылдағы балабақша жайы қиын-ақ. Жо-жоқ, жекеменшік балабақша деген жетерлік. Осы үйдің астыңғы қабатына қоныстанған бір емес, төрт бірдей жекеменшік балабақшаның жарнамасы көз сүріндіреді. Бәрі бар. Керек пе, қалауыңыз білсін, балаңызды орыс, неміс, ағылшын тобына бергіңіз келе ме, «пажалста!» Тек қанша сандалсаң да осы балабақшалардың бірде-бірінен қазақ тобын кездестіре алмайсыз.

Еріккеннен емес, жанымыз ауырғандықтан, балабақша меңгерушілерімен тілдесіп көрдік. Олардыкі жаттанды бір жауап: «қазақ тобына ана-аналар балаларын бергісі келмейді!» Шылғи өтірік, көрші-көлеммен де пікірлестік, олар: «қайтеміз, амалымыз жоқ, ертеңді-кеш жұмыстамыз, қазақ тобы болмаса да мына жер тиіп тұр, уақытымызды алмайды, ыңғайлы» деп жүре жауап береді. Бізді құртқан осы «амалымыз жоқ!» Республика халқының 80 пайыздан астамы қазақ екенін, жер иесі, атамекен иесі қазақ екенін дереу естен шығарып аламыз да, «амалымыз жоқ» деп, дауыл соқпай, жасын ұрмай пұшайман, бейшара қалыпқа қалай түскендігімізді байқамай да қаламыз. Осы бейшаралық түбімізге талай мәрте жетсе де, осы келеңсіздіктен тістесіп, әлі айырылмай келеміз.

Қазақ тілінің болашағы туралы мәселе туындай қалса мінбеге шығып, екі білекті сыбанып тебірене сөйлейміз. 280 пәтерлік тұрғын үйдегі жағдай әлгідей болғанда тіл тағдыры, ана тіліміздің тағдыры қайтіп шешілмек, қайтіп өз жемісін бермек? Бүгін балабақшаға барған сәби – ертең мектеп табалдырығын аттайтын оқушы, еліміздің келешегі. Еліміздің келешегіне «амалдың жоғынан» кедергілерді қолдан туындатамыз, бар мүмкіндікті пайдалана білмейміз. Құқығымызды қорғауға келгенде баяғы құлдық психология шеңберінен батпақтап шыға алмай жатамыз. Орыс, неміс, ағылшын топтары бар төрт бірдей балабақшадан жалғыз қазақ тобын кездестіре алмау неткен сұмдық?! Сорақылықтың көкесі! Ал сол төрт бірдей балабақшаның кейбір иелері өзге ұлт өкілдерінен. Оларға қазақ тілінің тағдыры «пішту»! Көбіне-көп ай сайын тиесілі қаражатты жинап алып, шетелде демалыста жүреді.

Айтпасаң аузың күйетін тағы бір жағдай, бір үйдің астыңғы қабатындағы осынша жекеменшік балабақшаларды ашуға кім рұқсат берді екен деп ойлайсың. Қалалық Білім басқармасы ма, аудандық әкімдік пе? Сондағы ұлтқа жаны ашитын азаматтар ең болмаса: «сіздер қазақ тобын ашамысыздар?» деп неге сұрамайды. Дәл осы уақытта мұндай сұрақтың қойылуы да ерсі, жаңадан ашылған, жекеменшік болмақ түгілі, тағы бірнәрсе болса да, қазақ тобы туралы сөз қозғау ұяттың ұяты! Бұл – табиғи түрде айтқызбай жүзеге асатын құбылыс. Осы төрт бірдей балабақшаның балалар ойнайтын алаңы жоқ. Бәрі бір сәтте тұрғын үйдің ауласына лап береді. Төрт балабақшаның әрбірінен ең кемі 20 баладан шыққанда, 80 бала ауланы «жаулап» алады. Тұрғындар бейшара, әлгі балабақшалардың балалары қашан құмардан шығып ойнап біткенше бүлдіршіндерін үйінде «қамап» отырады. Бірде болмаса, бірде «ауру, тұмау» жұғып қала ма деп қауіптенеді. Ал тұрғын үйді екі жыл кешіктіріп берген «Астанатрансстройдың» есебі түгел. «Бұл үйдің ауласындай кең аула ешжерде жоқ, таза кірпіштен соғылған керемет үй» деп жарнамалайды. Тұрғындарды да соған иландырды. Егер үйдің төменгі қабатында төрт бірдей балабақша ашылады дегенде ешкім бұл үйдегі пәтерді, алтын болса да сонша қаражат шығарып, сатып алмас еді. Бірақ олардың қазір құйрығын ұстай алмайсың! Іс бітті, қу кетті…

«Театральный» ТК тұрғындары атынан – Қуаныш ЖИЕНБАЙ,

жазушы, Қазақстанның еңбек сіңірген қайраткері

Тағыда

admin

«Астана ақшамы» газеті

Ұқсас жаңалықтар

Back to top button