Жаңалықтар

СМАРТФОНДАҒЫ СҮЗГІМЕН САПАНЫ ТЕКСЕР

IMG_0026

«TechConnect» жарысында жеңімпаз атанған «Wipon» жобасы жайлы жазғанымыз естеріңізде шығар?! Жуырда аталған компанияның директоры Рүстем Сұлтанмұратовпен жақынырақ танысудың сәті түсті. Өнертапқыш жігіт Алматыдағы КИМЭП университетін тәмамдапты. Өзі – небәрі жиырма төрт жаста. Елордаға көшіп келгелі бір жылдан енді асқан.

– Рүстем, «Wipon» қосымшасын шығару идеясы ойыңа қалай келді?
– Дүкеннен бірнеше рет жалған тауарды сатып алған соң, осы проблеманы шешетін жол ойластыра бастадық. Достарымның бәрі – техникалық инженерлер. Сөйтіп, былтырғы тамыз айында іскерлік командамызды жинап, жаңа жүйені құрастыруға кірістік. Онда да мейлінше оңайырақ әдістерді пайдалануға тырыстық. Әдетте кез келген адам смартфонын қолынан тастамайды. Бізге де керегі сол, яғни, қай уақытта да қолайлы болатын құрал іздегенбіз. Ақыры, ақылдаса отырып, контрафактілі өнімді анықтайтын мобильді қосымша жасап шығардық. Бүгінде ол қосымшаны «Play Market», «App Store» және «Windows Store» дүкендерінен жүктеп алуға болады.
– Мен соны телефоныма жүктеп алған едім. Бағдарламаны ашып, қосылған камераға ерін далабының штрих-кодын тостым. Алайда ештеңе көрсетілмеді…
– Косметикалық тауарларды тексеретін қызметті әлі енгізгеніміз жоқ. Әзірге «Wipon» арқылы алкогольді сусындардың сапасы қадағаланады. Ол үшін дүкеннен әкелінген ішімдіктің акциздік маркасын смартфонмен сканерлейміз. Бағдарлама бірден оның жасанды не түпнұсқа екенін айырып береді.
– Әр сканерлеудің қорытындысы қандай да бір жерде тіркеле ме?
– Иә. Біз Мемлекеттік кірістер комитетімен келісімшартқа отырғанбыз. «Wipon» бағдарламасының көмегімен айқын болған ақпараттардың бәрі комитет сайтындағы жеке кабинетте сақталады. Сондықтан ондағылар қай дүкенде қандай контрафактілі өнім сатылып жатқанынан әрқашан хабардар. Сондай тауардың табылғаны туралы мәлімет түсе салысымен, дереу әлгі дүкенді тексереді. Қазірдің өзінде Астанада 120-дан аса тексеріс жүргізіліп, 16 мыңға жуық контрафакт ішімдік әшкереленді.
– Мұншама пайдалы жобаны басқа да тауар түрлерінің жалған еместігін анықтауға пайдаланар болсақ, нұр үстіне нұр ғой.
– Әрине. Енді біз «Wipon» қосымшасын азық-түлік пен дәрі-дәрмектің сапасын бақылайтын құрылғы ретінде де дамытамыз. Бұйырса, келер жылдың екінші тоқсанынан бастап осы функция қолжетімді қызметке айналады.
– Сол функция іске қосылса, өнімнің халал екенін де айғақтау мүмкін бе?
– Бұл да жоспарда бар. Өкінішке қарай, қазіргі уақытта өзін халал деп жарнамалайтын көп компанияның арнайы сертификаты жоқ. Халал деген ұғымды шошқаның етінен жасалмаған өнім деп қана түсінбеу керек. Оның сақталу тәсілі, құрамындағы қоспалары, дайындалу амалы – бәрі-бәрі нақты талаптармен бекітіледі. Солардың үдесінен шыққанда ғана тауар толықтай халал. Жетілдірілген «Wipon» дәл сондай жалған өнімді «танып», белгі береді.
– Интернет-дүкеннен сатып алынған дүниелерді де тексеретін бір жүйе құрылмаған. Тауардың түпнұсқалығына ешқандай кепілдік жоқ. Осы олқылықты жою қолдарыңыздан келе ме?
– Алдағы уақытта «Aliexpress, «E-bay», «Tao-bao» сияқты ірі интернет-дүкендермен ортақ шарт жасасу ойымызда жүр. Мақсатымыз орындалса, ол да – үлкен жетістік. Бір жағынан, тұтынушыларды, екінші жағынан, кәсіпорын иесін алаяқтықтан қорғап, біраз заңсыздықты тұсаулар едік.
– Отандық нарықта бәсекелестеріңіз бар ма?
– Жалпы, әлемде құрылымы, қызметі біздікіне ұқсас бірнеше компания бар. Бәрін де жақсылап зерттедік. Кемшін тұстарын қайталамай, барынша ыңғайлырақ платформа құруды көздедік. Штрих-кодты сканерлейтін жекелей бағдарламалар көп. Бірақ олар тек заттың атын ғана айтады. Контрафактіні анықтайтын да қосымшалар бар, бірақ олар тым күрделі. Әрқайсының осындай сипатын біз бір қосымшаға жинақтадық. Ал отандық нарықта бәсекелестеріміз жоқ.
– Жобаны жасауға қанша қаржы кетті? Демеушілер болды ма?
–Бас-аяғы 200 мың АҚШ долларын жұмсадық. Алғашқы қаржылай көмекке «Дүниежүзілік банктің» технологияларды коммерцияландыру жобасы бойынша қол жеткіздік. Жақында қатысқан «TechConnect» сайысынан 25 мың АҚШ долларын ұттық. Осылардың арқасында ешқандай материалдық қиындыққа ұшырамай, емін-еркін жұмыс жасауымызға мүмкіндік туды.
– Жобаның өзін-өзі ақтауы да үлкен міндет қой.
– Келесі жылдан бастап пайда табатын механизмдерді іске қосамыз. Әзірге қосымшаны жүктеу тегін. Әуелі тұтынушыларды, өндірушілерді шақырып, мүддемізбен толықтай таныстырып алғанды жөн көрдік. Негізінен IT-жобалардың жұмыс істеу тәсілі осындай. Тамыз айынан бері 12 мыңнан аса адам «Wipon» қосымшасын жүктеген. «TechConnect» конкурсынан соң ол көрсеткіш 2-3 мыңға өсті. Бүгінде 16 мыңға жуық пайдаланушымыз бар.
– «Wipon» деген атау нені білдіреді?
– Бұл – қысқартылған ұғым. Мағынасы – зияткерлік меншікті қорғауға арналған халықаралық жүйе. Осы мақсатта қолдан келгенше аянып қалмауға тырысамыз. Көлеңкелі экономикамен кешенді күресті күшейтуге атсалысамыз. Қазірдің өзінде біз тексерген өнімдердің 30 пайызы контрафакт болып шықты. Болашақта қызмет аясын кеңейтсек, бұдан да кәделірек тірлік тындырамыз.
– Әңгімеңізге рахмет. Істерің алға бассын.

Ботагөз МАРАТҚЫЗЫ

Тағыда

Ұқсас жаңалықтар

Пікір үстеу

Back to top button