Мәдениет

ТОЛАҒАЙ ИДЕЯЛАР ТОҒЫСЫ

0U3A8981

Тұңғыш Президент күні қарсаңында елордадағы ең көрнекті нысандардың бірі – Елбасы кітапханасында қонақта болдық. Көз жанарының пішіні секілді салынған ерекше ғимарат архитектурасы кім-кімді де қызықтыратыны рас. Жоба авторы – британиялық сәулетші Норман Фостер екен. Бүгінде мұндай мекемелер АҚШ, Ресей, Әзербайжан секілді елдерде жұмыс істейді. Атақты көшбас­шылардың сая­си мұрасын сақтау және дамытуға бағытталған өзара ұқ­сас ұйымдар Франция мен Түркияда да бар. Президенттік кітапхана­да жинақталған зияткерлік капитал мемлекетті басқару ісі жөнінен елдің келешек басшылары мен саяси қайраткерлері үшін бағдарламалық өсиетке айналады. Нақ осы оң тәжірибе – Елбасы кітапханасын жасақтаудың басты себебі.

 

Елбасы ескеретін ережелер қандай?

Орталықтағы кітап қоры Нұрсұлтан Әбішұлының жеке кітапханасы базасында құрылған. Мұнда Елбасының 1960 жылдардан бастап жинаған кітаптары сақтаулы. Олардың өзі үш галереядан тұрады. Біріншісінен өзге ел басшыларының, әлемдік тұлғалардың, қоғам қайраткерлерінің Президентке сыйлаған кітаптарын табамыз. Сөрелерді аралағанымда, тоз-тозы шыққан сарғыш мұқабаны көзім шалып қалды. Байқасам, халық ақыны Тұрмағамбет Ізтілеуұлының 1936 жылғы қолжазбасы екен. Әйгілі шайыр бұл дастанды «Шахнаманың» ізімен жырлапты. Құнды жәдігерді Қызылорда облысының әкімдігі сыйға тартқан. Сондай-ақ, Билл Клинтонның «My life», Джордж Буштың «All the best, George Bush», Маргарет Тэтчердің «The path to power» атты танымал туындыларын да кездестірдім. Басқы бетте авторлардың Нұрсұлтан Назарбаевқа арнаған ақжолтай тілектері тұр.

Кітапхананың келесі галереясы «Тәуелсіз Қазақстан» деп аталады. Бұл жерде ел тарихынан сыр шертетін дүниелер, әлеуметтік-саяси тақырыптағы еңбектер мен Ұлт көшбасшысының өз кітаптары бар. Ал әлем әдебиетіне қатысты шығармалардың бәрі қордың үшінші бөліміне қойылған.

Айтпақшы, бәріңіз де «Елбасы қандай кітаптар оқиды?» деген сұраққа жауап іздеп отырған шығарсыздар? Бұл тізімге Абай Құнанбаев, Мұхтар Әуезов, Шерхан Мұртаза және Әбіш Кекілбаевтың шығармаларын жатқызамыз. Сонымен қоса, бразилиялық жазушы Пауло Коэльоның «Заир», Жозе Сарнейдің «Легенда о вороном коне» сияқты туындылары да кіреді. Кейбір кітаптарды мұқият оқығаны соншалық, өзіне ұнаған цитаталардың астын сызып, белгі қойыпты. Джефф О’Лиридің «Принципы центуриона. Уроки боя для лидеров на линии фронта» деген кітабын ақтарғанмын. Нұрсұлтан Әбішұлының сары түсті маркермен ерекшелеп кеткен тұстарына көз жүгірттім: «Учитесь на своих ошибках, чтобы в будущем делать новые ошибки, а не повторять старые», «Будьте открыты для обратной связи и критики», «Учитесь у тех, кто был побежден вашими врагами, – они лучше других представляют, как и почему проиграли», «Добиться единства означает не научить всех произносить одинаковые слова, а научить команду говорить на одном языке»… Елбасы ұстанатын ережелер мен қағидаларды осы жолдардан-ақ аңғардық.

 «Ой фабрикасы» орнықты жобалар әзірлейді

Мекемедегі бөлекше бөлімдердің бірі – талдау кешені. Мұндағы қызметкерлер қоршаған ортадағы құбылыстарды бақылап, өңірлік зерттеулермен айналысады, стратегиялық болжамдар жасайды, халықаралық жобалар даярлайды. Несіне бөле-жара тоқталды дейсіздер ғой?! Айтайын. Кешен «think tank» әдісі бойынша жұмыс істейді. Қазақшалағанда, «ой фабрикасы» деген мағынаны білдіреді. Бұл тіркес Джеймс Киран есімді америкалық журналистің «Нью-Йорк Таймс» газетінде жарияланған мақаласынан кейін кең тарады. Ол Франклин Рузвельттің 1932 жылғы президенттік сайлауда жеңіске жетуіне жәрдемдескен кеңесшілер тобын «think tank» деп атаған еді. Яғни, осы саланың мамандары – алдағы мақсаттарды шешуге күш салатын, жаңа жобаларды ұсынатын әрі орындайтын сарапшылар. Батыс мемлекеттеріндегі Президент орталықтарына осындай қызмет түрін енгізу – қалыптасқан үрдіс. Сондықтан Елбасы кітапханасындағы эксперттер де өзекті проблемалар мен айтулы оқиғаларға байланысты пікір айтуға әрқашан дайын. Конференциялар ұйымдастырып, жұртшылықпен кері байланыс орнатуға мүдделі.

  Бұдан соң, кітапхананың мұрағатына жол тарттым. Архивте жатқан құжаттардың ұзын-саны 130 мыңнан асатын көрінеді. Оның ішінде Елбасының оқушы кезіндегі табелі, достарына, замандастарына жазған хаттары бар. Сіздің де, біздің де оқығымыз келіп құмартатыны – осылар ғой. Әрқайсысына бір үңіліп жүргенімде, Елбасының марқұм жазушы Әзілхан Нұршайықовқа арнаған бір беттік хатына көзім түсті. Былай делініпті онда: «Құрметті Әзеке! 1991 жылы Тұңғыш Президент сайлауынан кейінгі кездесуде Х.Ерғалиевпен бірге маған баталарыңызды беріп, ақылдарыңызды айтып едіңіздер. Бәрі де есімде. Содан бері тәуелсіздікті нығайтып, Қазақстанды мемлекет ету жолындағы менің істеген еңбегімді әрдайым қолдап келесіз. Маған хат жазып ойыңызды ортаға салып, елдегі болып жатқан өзгерістерге оң пікіріңізді айтып жүресіз. Сондықтан да мен сізге әр кезде зор ризамын. 5/І болған кездесуде «Махаббат, қызық мол жылдарды», «Халиманы» сыйға тарттыңыз. Біріншісін бұрын оқыған едім, екіншісін қолыма алған бойдан бас көтермей оқып шықтым. Тәлім-тағылымы мол, керемет шығарма екен. Дәл қазіргі заманда жастар көбірек оқитын хикая. Сіздің шығармаларыңыз, ойларыңыз – ел қазынасы, өміріңіз – үлгі! Аман-сау болыңыз, Әз-аға!». Хат 2003 жылы жазылыпты. Әр сөйлемі жып-жылы көңілге, аппақ алғысқа толы, иә?!

 Қағаз тырналар тыныштықты тілейді

Кітапхананың экспозициялық көрме секторы да – таңдай қақтырарлық тамаша орын. Бүгінде мұнда 400-дей экспонат ұсынылған. Оның қатарына Елбасының өзі қолданған заттар, шетелге сапары барысында оған сыйланған бұйымдар, тарихи раритеттер кіреді. Бәрінен бұрын Хиросима қаласының жастары жазған хат пен сыйлық біздің назарымызды бірден аударды. Жапон балалары өз қолдарымен бүктеп, 1000 қағаз тырнаны 2002 жылы Нұрсұлтан Әбішұлына тарту етіпті. Жапондарда қағаздан жасалған тырнаның тыныштықты тілейтін дұға іспеттес екені белгілі. Президентіміздің Семейдегі ядролық полигонды жабу және халықаралық «АТОМ» (abolish testing – our mission; сынақты болдырмау – біздің міндетіміз) жобасын құру жөніндегі бастамаларына күншығыс елінің ұландары өз ризашылықтарын осылай білдіріпті.

– Біздер 20 мыңдай ядролық зарядтың Жер-Анаға қауіп төндіріп тұрғанына қатты алаңдаулымыз. Осы мәселені жою үшін сізден және басқа да елдердің басшыларынан көмек сұраймыз, – дей келе, жапон жастары 67 жыл бұрын өздерінде жарылған атом бомбасының кесірінен мыңдаған жазықсыз жандардың құрбан болғанын айтады: – Үкімет пен азаматтар осынау қорқынышты қарудан әлемді азат етпесе, біздің басымызға келген нәубет бір күні басқаларды да жалмайды. Біз осыдан қорқамыз…

Сауд Арабиясының королі  Фахд бин Әбдел Әзиз әл-Саудтың Елбасына берген тарту-таралғысы да – көрмедегі қымбат ескерткіштердің бірі. Қасиетті Қағба мен Әл-Харам мешітінің макетін Нұрсұлтан Әбішұлы 1994 жылғы қыркүйекте Сауд Арабиясына жасаған алғашқы сапарында қабыл алыпты. Араб королімен жоспарланған жарты сағаттық кездесу екі сағатқа ұласқан. Әңгіменің әсерлі болғаны соншалық, қасиетті мекенге тәу еткісі келген Елбасы Қағбаның ішіне кіру құрметіне ие болған екен. Мединеде де Мұхаммед Пайғамбар жерленген зияратқа кіріпті. Сол кезде көптен күткен жауын жауып, қаланы қуаңшылықтан құтқарған. Мұны жұртшылық жақсы ырымға балап, Елбасының алдағы жолы ашық боларын болжаған.

Сондай-ақ, кітапханада олимпиада чемпионы, велошабандоз Александр Винокуров сыйлаған жейде, ғарышкер Талғат Мұсабаевтың космосқа алып ұшқан көк туы, испаниялық теннисші Рафаэль Надаль тарту еткен қолсағат та сақталған. Уақыт өткен сайын көрме қоры жаңа экспонаттармен толығып тұрады.

 P.S. Мекемеде біраз күннен бері Елбасының қызметтік жолынан сыр шертетін деректі фильмдер көрсетілуде. Осылайша, орталық қызметкерлері елдегі және әлемдегі айтулы құбылыстар жайлы көпшіліктің, әсіресе, жастардың әр кез хабардар болуына жағдай жасап отыр. Сонымен қоса, кітапхана қабырғасында қазан айынан бастап «Әлемді өзгертетін идеялар» атты семинар-тренинг өткізіліп келеді. Ол бір реттік шара емес, тұтастай жыл бойы жүргізіледі. Оған республиканың түкпір-түкпірінен жалпы саны 3 мыңдай бала қатыспақ. Кітапхана қызметімен танысуға ынталы кез келген кісі үшін де ғимарат есігі айқара ашық.

Ботагөз МАРАТҚЫЗЫ

 

Тағыда

admin

«Астана ақшамы» газеті

Ұқсас жаңалықтар

Пікір үстеу

Back to top button