Басты ақпаратСаясат

«Троян атының» тарпаңы

Бұдан үш айға жуық уақыт бұрын билік басына «көше шеруі» нәтижесінде келген Армения премьер-министрі Никол Пашинян жөнінде әлем саясатшылары аузында біржақты баға жоқ. Себебі, оның көп ісі әлі олар үшін жұмбақ күйінде қалып отыр. Басқасын айтпағанда, Айастан елі Үкіметінің халықтың дүмпуімен, парламенттің екі рет бас қосуымен сайланған басшысы өз министрлерін де толық тағайындап біткен жоқ. Сондықтан сарапшылар кейде оны «Министрлері жоқ премьер» деп те атайды. Белгісіз жақтары көп болғандықтан, оны «Троян атына» теңейтіндер де аз емес.

Қалай дегенде де, Арменияның жаңа премьеріне бұдан әрі де жұмысты жалғастыра түсу оңайға соқпайтын сияқты. Оның ұлттық жиналыстың – парламенттің бірінші отырысында керекті дауысты жинай алмай қалғаны, ал екіншісінде парламент өзі тарап кететін болғасын амалсыз қолдап дауыс бергені белгілі. Мұнда да ол 8 мамыр күні билік басындағы Республикалық партия фракция­сының арқасында өзі қалаған орынға келіп еді.
Сөйтіп, 42 қарсы дауысқа 59 қолдаушыны қарсы қойған жаңа Үкімет басшысының тек осы ахуал кезінде ғана басым көпшіліктің қолдауына сүйене алатын мүмкіндігі болды. Ал бұдан әрі ол тасқын суға лақтырылып тасталған теңізшінің күйін кешті. Бұл жағдайда Пашинян тіпті премьердің орынтағына отыра алғанымен, өзімен бірге келетін министрлердің кімдер болатынын да біле қойған жоқ-тын. Соған байланысты ол қазірге дейін Үкіметті жасақтай алмай отыр.
Әзірге Никол Пашинян өзінің «бархат революциясы» кезіндегі бұрынғы баррикадалас жолдастарын қуантуды ғана батыл жалғастырып жатыр. Шілденің аяғында оның бұйрығымен Арсен Гаспарян өзіне кеңесші болып тағайындалды. Бұған дейін тағы бір әріптесі Арсен Харатян премьер-министрдің кеңесшілігіне бекітіліп еді. Ол – Грузиядағы «Алик-медиа» сайтының бас редакторы. Сонымен, ресми мәлімет бойынша, қазір Никол Пашинянға 13 кеңесші тіркелген. Атап айтқанда, Арам Гарибян бас кеңесшінің бірі болып отырса, одан басқа тағы 4 заңды кеңесші бар. Қалғандары қоғамдық негізде қызмет атқарады. Бұлардан бөлек 4 көмекші қызмет етеді. Бұдан артыққа, яғни, министрлерді тағайындауға ыңғайы келмей жатыр.
Бұған мынадай себептер бар. Армения биылғы жылы ғана президенттік басқарудан парламенттік басқару жүйесіне көшкен. Демек, енді премьер ұсынған кадрларды парламент бекітіп береді. Парламентте оны қолдайтындар саны өте аз. Олар негізінен өзінің «Елк» партиясынан шыққан 9 депутаттан ғана құралады. Бұл жағдайда оның қалай Үкіметті жасақтай алатыны түсініксіз. Ал кез келген заңның қабылдануы үшін кемінде 53 депутат оны қолдап, дауыс беруі керек. Сондықтан оған басқа фракциялармен келісімге келіп, ымыраласып отыруға тура келеді. Мұның соңы бұлардың ұдайы көпшіліктің ыңғайына қарай жығылып тұруын талап ететін болады. Соның ішінде парламентте 57 депутаты бар бұрынғы президенттің Республикалық партия­сымен келіспеске ешбір мүмкіндігі қалмайды. Бұдан кейінгі көп орынды – 31 мандатты алып отырған «Царукян» партиясы бір кездері Пашинянның да саяси ұйымы болып еді. Кейін осында басшылық қызметтердің бірінде жүрген ол Гагик Царукянның өзімен шекісіп қалып, бұл ортадан кетіп қалған болатын. Енді оған да қайта күні түсетін түрі бар.
«Мұндай жағдайда ол бірінші қадамды сайлау кодексі мен партиялар туралы заңды өзгертуге күш салады. Орталық сайлау комиссиясында да өзгеріс болады» дейді Армения грант ұйымының қызметкері Степан Григорян «Би-би-сиге» берген сұхбатында. Бірақ заңдарды өзгерту үшін тағы да парламентке амалсыз жүгінеді. Ал бұған дейін бір ел тұрмақ, рыноктағы бір шатырды да басқарып көрмеген Никол Пашинянға мұншалықты көп өзгерістерді жасап кету оңайға соқпайтын сияқты.
Соған қарамастан, Армения­ның жаңа премьер-министрі әзірге өзінің қолынан келетін біраз тірліктерге ұрынып жатыр. Алдымен бұрынғы президент Серж Саргсянның екі інісін шетелге кетіп бара жатқан жерінде ұстап, жемқорлық сипатында қылмыс жасады деген айыппен қаматып тастады. Шілденің 26-сы күні 1998-2008 жылдары Арменияның президенті болған Роберт Кочарянның үстінен қылмыстық іс қозғалды. Бұрынғы президентке 2008 жылы 1 наурызда президент сайлауынан кейін оның қорытындысына байланысты қарсылық акциясын ұйымдастырып, конституциялық құрылысты құлатпақ болды деген мазмұнда айып тағылды. Бірақ Никол Пашинянның мұндай әрекеттеріне әлем саясаткерлері арасында қарсылық білдіріп отырғандар жеткілікті. Солардың бірі – ТМД елдері институты директорының орынбасары Владимир Евсеевтің пікірінше, Кочарянның қамалуы премьер-министрдің өзіне жұрт ықыласын аударуға бағытталған кезекті әрекеті, әйт­песе, Армения конституциясына сәйкес, бұрынғы президентті қамауға алуға болмайды.
Дегенмен, жаңа премьердің әр қадамынан жаңалықтың лебін сезініп, оған қолдау білдірушілер де аз емес. Олар сондай оң тірліктер қатарында Пашинянның билеуші партияның көп жылдық функционері, Ереван қаласының мэрі Тарон Маргарянмен 2 ай бойы тартысып жүріп, оның отставкаға кетуіне қол жеткізгенін алға тартады. Сол сияқты ол Армения қоғамдық телевидениесінің билікті жақтайтын басшылығын орындарынан кетірген. Бұған қоса телеарнаға қаржы аудитін жүргізіп, оның қорытындысы бойынша қылмыс­тық іс қозғатқан. Бұрынғы премьер-министр, «Газпром адамы» Карен Карапетянды «Норфолк Конслатинг» компаниясына байланысты қуғынға түсіріп, оны Ресей асып кетуге мәжбүр еткен. Бұрынғы Үкімет шенеуніктері арасында тазалау шарасын жүргізген. Іс жүзінде барлық қалалардың мэрлері мен аймақ губернаторлары қызметтерінен алынған.
Премьер-министр сондай-ақ билеуші Республикалық партиямен байланыстары бар олигархтарға тиесілі ірі супермаркеттер желісіне байкот жариялап, олардағы бағалардың төмендетілуіне қол жеткізген. Армения Кассациялық сотының, Тергеу комитетінің, Шекара әскерлерінің, Бас штабтың және жаяу әскерлер басшылықтары алмастырылған. Қызметтік өкілдіктерін асыра пайдаланған 71 селолық қауымдастық басшысына қарсы қылмыстық іс қозғатқан. Ресейдегі армяндардың басын біріктіретін жаңа ұйымның құрылуын қамтамасыз еткен. Ол бұрынғы ұйымды тиімсіз және жемқорлықпен жұмыс жасады деп тауып, оның басшысы, олигарх Ара Абрамянға қатыс­ты тексеру жұмыстарын бастап кетті. Сол сияқты әрбір күні кешке Фейсбукте жұртшылықпен тікелей эфир хабарын ұйымдас­тырып тұруды дәстүрге айналдырған. Әскерге барудан қашқан барлық армяндарға рақымшылық жариялап, оларды елге қайтуға шақырған.Үкіметтің барлық аппаратын «Apple»-ден шығарып, ұлттық өндірістің «ArmTab» ұлттық өндірістің компьютерлеріне көшірген. «Ташир Групп» компаниясымен келісе отырып, тұрмыстары нашар отбасылары үшін электр қуатын 10 драмға дейін түсірген. Ал «Армения газпромын» өз өнімін 20 пайызға арзандатуға мәжбүрлеген.
Мұндай өзгерістер, әлбетте, қарапайым халыққа қатты ұнап тұр. Бірақ премьердің бұдан да еркін қимылдауына, ең алдымен Үкіметтің жаңа құрамын жасақтап алуына жоғарыдағыдай жағдайлар қиындық келтіріп тұр. Оның бұдан әрі қалай дамитынын, «Троян атының» ендігі тарпаңы қалай бағытталатынын таяудағы уақыт көрсетеді.

 

Тағыда

admin

«Астана ақшамы» газеті

Ұқсас жаңалықтар

Пікір үстеу

Back to top button