Денсаулық

Жасы ұлғайған адам неге аурушаң?

Адамдардың көпшілігінің жасы қырықтан аса (кәзір тіпті 30 жастан) жүректің шаншуы, қан қысымының жоғарылауы, аяқ-қолдың сырқырауы, бел ауруы сияқты сырқаттардың белгілері көрініс бере бастайды. Егер емдеу, алдын алу шаралары жасалынбаса, 50-ден кейін 60-қа қарай айқындалып, гипертония, жүрек ишемиясы, омыртқа остеохондрозы, тірек-қозғалыс аппараттары ауруларының созылмалы түріне әкеліп соғады.

Дәрігердің бақылауында есепте тұратын созылмалы сырқаты бар адамдар аурудың белгілері сезіле бастасымен таблетка қабылдап, қимыл-қозғалыс­ты шектейді. Зейнет жасындағы сырқаттар «тұрсам басым айналады, жүрсем тізем бастырмайды» деп аз қозғалып, көп уақытын отырумен өткізеді. Тамағы сау мұндай адамның салмағы өседі.
Жиі әрі көп мөлшерде қолданған медициналық препараттардан асқазан, шек жолдары мен бауыр, бүйректердің қалыпты жұмысы бұзылады. Ауруына ауру жалғайды. Әрі – беріден соң өзіне өзі гигиеналық қызмет жасай алмайтын, мүгедектік жағдайға жетеді.
Соңғы деректерге қарағанда Қазақстан бойынша психиатриалық ауруханаларда емделушілердің 34 пайызы Альцгеймер ауруына шалдыққандар, басым көпшілігінің жасы 47-ден жоғары. 13 пайызы синильдік деменцияға шалдыққандар, бұлар 63-тен жоғары жастағылар. Мұндай адамдарға арнайы күтуші қажет. Сөйтіп бір адамның проблемасы отбасылық мәселеге айналады. Ондай аурулардың енді сауықпайтынын білетін учаскелік дәрігерлер кәріліктің белгісі ғой деп жеңіл-желпі ем тағайындап шығарып салады. Сырқаттың пайда болу себептерін түсіндіріп, шығатын жолдарын айтпайды.
65-70 жастан кейін дене қуатының әлсіреуін көптеген адамдар қалыпты жағдай ретінде, кәріліктің белгісі деп қабылдайды. Негізінде ол, олай емес. Күнделікті өмірге қажетті қарапайым қозғалыс емес, дұрыс бағытталған, әр бұлшық еттің функ­ция­лық қасиеттерін ескере отырып, дұрыс жасалған физикалық жаттығулар адам өмірін ұзартады. Оның физикалық жағдайы мен санасы қалыпты сақталып, ұзақ уақыт творчестволық жұмыспен айналысуына мүмкіндік туады.
Біріншіден, адамның дене мүшелерін қозғалысқа түсіретін бұлшық еттер. Олар адамның дене массасының 60 пайызын құрайды.
Екіншіден, артериялар, веналар, нерв тамырлары, негізінен, бұлшық еттердің арасынан өтеді. Капиллярлар ірі, орташа және сүйекке жабысқан ұсақ бұлшық еттерді клеткалық деңгейде қоректік заттармен (оттегімен, белок, май, көмірсутегі және басқа қажетті микроэлементтермен) қамтамасыз етеді, қажетті температуралық режимді қалыптас­тырады.
Үшіншіден, өте маңызды фактор – бұлшық еттердің насостық функциясы. Бұлшық еттер жиырылып, созылғанда өзіндік қан тамырлары жоқ буындардың, омыртқа аралық дисктердің қоректенуін арттырып дегенеративті өзгерістерді болдырмайды.
Адамдардың көпшілігі организмнің тұтастай қанмен қамтамасыз етілуі тек жүректің жұмысына ғана байланысты, сондықтан қалыптан тыс физикалық салмақ түскенде жасы ұлғайған адамдардың ентігіп, тез шаршауы, қимылсыз бір жерде ұзақ отырып қалса қол-аяғының мұздап тоңуын, жүрек қызметінің әлсіреуінен, перифериялық тамырларға қанның қажетті мөлшерде бармауынан деп есептейді. Бұл – шындық. Перифериялық тамырларға қан дұрыс бармаған соң ол жер жылымайды, бұлшық еттері әлсіз болады. Салмақ жүрекке түседі. Бірақ бұл құбылыстар аурудың пайда болуының себебі емес, салдары ғана.

Дайындағандар:
Хамитбек МАХМҰТОВ,
жоғары санаттағы дәрігер – нейрохирург,
Бақытбек БӘЙТЕМІРОВ, аудармашы

Тағыда

admin

«Астана ақшамы» газеті

Ұқсас жаңалықтар

Пікір үстеу

Back to top button