Басты ақпаратҚұқық

Жүрекке сұғылған селебе

Астана қаласының қылмыстық істер жөніндегі аудан­аралық сотының судьясы Айжан Шаяхметова Қазақстан Республикасы Қылмыстық кодексінің 99-бабы 1-тармағы, 293-бабы 2-тармағы, 1-тармақшасы бойынша айыпталып, 2017 жылдың 27 тамызынан қамауда отырған Дархан Ахметов­ті айыптау­ға нақты дәлелдің жеткіліксіздігіне байланысты сот залынан бостандыққа шығарды.
Енді осы қанқұйлы қылмысқа алып келген жағдайды басынан бастап баяндасақ, оқиға былай өрбиді.

Ішімдік ішу жанжалға ұласты

Өткен жылдың 26 тамызы күні құрылыста жұмыс істейтін Күнсұлу Нұркеева, Жазира Михайленко, Балым Хабидуллина және Полина Шмидт күн сенбі болғандықтан, жұмыстан кейін Анар көшесіндегі Полинаның үйінде бас қосуға келіседі. Шамамен, екі сағаттан кейін бойжеткендер екі бөтелке арақ, бірнеше шиша сыра алып, айтылған үйде дастарқан басында отырады.
Біраздан соң ащы судың уыты бойларын қыздыра бастағанда жігіттерсіз отырыстың сәні жоқ екенін түсіне бастайды да, Балым ескі досы Дархан Ахметовке телефон соғады. (Содан кейін Балым бұл жерден кетіп қалған).
Сол-ақ екен, Дархан жиырма минуттан кейін қасына Қуат Әшірбеков деген танысын ертіп жетіп келеді. Олар да құр қол келмей, бір шөлмек арағын үс­телдің үстіне қояды.
Отырыс қыза түседі. Дархан, Қуат, Жазира, Полина ащы суды еркін сіміріп, ал Күнсұлу тек сыра ішіп отырады. Дауыстары емен-жарқын шығып, күліп-­ойнап отырған көңілді топтың үстіне, сағат түнгі 1.00 шамасында көршісі Роман Горулько келіп қосылады. Роман жай келмейді, бір жарым литр сырасын қолтықтай кіреді.
Алайда осы отырысқа өзі әкел­ген литрдан астам сыра оның соңғы татар дәмі екенін ол, әрине, білген жоқ. Үстел басында әңгімеге жиі-жиі араласып, барынша көңілді отырды. Көршісі Полина Шмидтпен де әңгімелері жарасып қалады.
Міне, осы кезде (шамамен бір сағаттан кейін) Полинаның үйі­не оның жүріп жүрген жігіті Игорь Драгун келеді. Күтпеген отырысты, оның үстіне сүйіктісінің бейтаныс жігіттермен көңіл көтеріп отырғанын көріп, Игорь нілдей бұзылады. Сөйтіп, есікті тарыс жауып, көлікпен келген бағытына кетпек болғанда, Полина жүгіріп шығып, алдыңғы орындыққа отырып алып, мәселенің мән-жайын жігітіне түсіндірмек болады.
Осы жерде мына сәйкестікті қараңыз, екі ғашық машинаның ішінде бірі-бірімен жаға жыртысып, қарым-қатынас тү­сінісіп жатқанда, түнгі екі жа­­рымның шамасында, тап сол жерге Дархан Ахметов пен Қуат Әшірбеков­ті іздеп ағайынды Қуанышбек пен Қалқабек Әшір­бековтер де келе қалады. Қолдарында бір-бір шыны сырасы бар екі жігіт те осы кезде масаң күйде еді.
«Іздегенге – сұраған», бір-бірімен түсінесе алмай, өздері қызылкеңірдек болып жатқан екеуге сырттан бұлар келіп қосылып, ауланың іші ызы-қиқы болып кетеді. Тосынан шыққан айқай-шуға іштен Күнсұлу Нұрекеева мен Роман Горулько шығады. Арақ пен сыраны араластыра сілтеп, көзі тұмандана бастаған Р. Горулько мәселенің мән-жайын онша ұғыңқырамай, көршісі Полинаға сырттан келген жігіттер тиісіп, ренжітіп жатыр деп ойлап, қайта кіріп, іш­тен сабына көк лейкоплас­тырь оралған асүй пышағын алып шығып, «Қыздарды неге рен­жі­­те­сіңдер? Кетіңдер, бұл жерден…» ­деген мағынада Қуаныш­бекке доңайбат көрсеткен.
Осы кезде Қуанышбек ашудан жарылардай болып, неше түрлі былапыт сөздермен інісін : « Әй, Қуатбек, сен кіммен арақ ішіп жүрсің? Мені жаңа бір орыстың сұмырайы пышақтап тастай жаздады»,- деп айқайлаған.
Іштен Қуат шығып, Қуанышбек Романға ұмтылғанда, араларына Полина мен Жазира араша түсіп, Полина Романды ішке алып кеткен. Бөлмесіне кеткен Роман Горульконы содан қайтып ешкім көрмейді.

Қолымен істемегенді мойнымен көтерген

2017 жылдың 27 тамызы күні түнгі 02.30-да, қалалық жедел жәрдем стансасының пультіне «Маған біреулер пышақ сұқты» деген хабарлама түскен. «Кім пышақтады?» деген сауалға телефон соғып тұрған Роман Горульконың өзі «білмеймін» деп жауап берген.
Оқиға орнына санаулы минуттарда жеткен «жедел жәрдем» бригадасы бөлменің қақ ортасында қанға бөгіп, ес-түссіз жатқан Роман Горульконы көреді. Жанында сабына лейкопластырь оралған көк түсті селебеге ұқсас асүй пышағы. Шұғыл дәрігерлік көмек көрсетілгенен кейін ол есін жиғандай болады. Алайда жартып ештеңе айта алмайды. Сөздері түсініксіз шығады. Сол күйі оны «жедел жәр­дем» дәрігерлері ауруханаға жеткізгенімен, сұғылған пышақ жүректі жаралағандықтан, оның өмірін құтқарып қалу мүмкін болмайды.
«Жедел жәрдем» бригадасымен ілесе келген полиция Қ.Әшірбеков, И.Драгун, П.Шмидт, К.Нұркеева, Ж.Михайленконы Алматы ауданның ішкі істер бөліміне жеткізеді. Алайда қылмысты іздестіру органы пышақ сұққан күдіктіні айқындай алмайды. Осы кезде тергеуші Е.Қыдырбайұлының ойына бір қулық сап ете түседі. Ол Дархан Ахметов пен Қуанышбек және Қуат Әшірбековтерді бөлектеп алып, «Роман Горулько қазір ауруханада сауығып келеді. Егер оған кім пышақ ұрғанын мойнына алып, емделуге кеткен 300000-500000 теңге шамасындағы шығынды өтесе, туысқандарымен келісіп, істі жабуға көмектесемін» деп көпе-көрнеу алдауға барады.
Мұны естіген Қуанышбек пен Қуат «Біз бұған дейін де істі болып, түрменің дәмін татқанбыз. Бізге «суық қару ұстадық» деуге болмайды, текке кетеміз. Ал сенің өмірбаяның тап-таза, саған ештеңе болмайды. Мен сенің ағаң Рауанның жан досымын. Мына «фольксваген пассат» машинамды сатамын да ақшасын беремін. Тек мойныңа ал» деп Дарханды жалына үгіттейді.
«Роман Горулько тірі, сауығып келеді» дегенге сеніп қалған Дархан, әлгі ұсынысқа келісе кетеді.
Сөйтіп, ыңғайға келген оны жедел өкілетті қызметкер дәліздегі баспалдақтың астына алып шығып, «қазір хаттама толтырып, аудиобейне жазба жасаймыз. Сен Р.Горульконы лейкопластырмен оралған көк сапты асүй пышағымен ұрдым деп айт» деген. Ол бұған келісіп, дәл солай деп, қолымен істемеген айыпты мойнына алған.

Жұмбақ өлімнің түйіні шешіле ме?

Сот Дархан Ахметовті ақтап шықты. Өйткені, тергеу барысында Дарханның Р.Горульконың жүрегіне пышақ ұратындай ешқандай себеп-салдар көрінбеді.
Біріншіден, аулада шыққан жанжал кезінде Дархан Романның қасына жақындамаған. Куәлардың айтуынша, Роман Қуанышбекпен жанжалдасып, оны сол жердегі адамдар айырып жібергеннен кейін ол бірден өз бөлмесіне кеткен де Дархан шарбақтың сыртында қалып қойған.
Екіншіден, Роман өлтірілді деп оқиға орнынан қылмыс қаруы ретінде табылған пышақта Дарханның не қол табы, не тер иісі жоқ.
Сот-медициналық сараптама қорытындысы өлтіруші әуелі Романның сол қолын қатты жарақаттағанын, сосын барып жүрек тұсына пышақ ұрғанын анықтады. Яғни, ол бірінші пышақ сілтегенде қолын тосып, қорғанған. Мамандардың айтуынша, мұндай кезде не денеге, не киімге қан жұқпай қалуы мүмкін емес көрінеді. Ал Дарханның не денесінен, не киімінен ешқандай қан дағы табылмады.
Үшіншіден, ол айналасына жайлы, мінезі салмақты, дау-­дамайдан үнемі аулақ жүретін адам ретінде сипатталады. Ал мұндай жанның аяқ астынан бұрын алты аласы, бес бересі жоқ, танымайтын адамға пышақ ұруы мүмкін бе?
Ал мойындауына келсек, тергеуші сотта оны алдағандығын өзі де мойындады. Туған ағасының досы қиылып, соңғы сөзін айтып, жалынып тұрғанда сеніп қалғанын айтады.
Сондықтан Астана қаласының қылмыстық істер жөніндегі мамандандырылған ауданаралық соты 1991 жылы туған Ахметов Дархан Жомартұлын ақтап, қылмыстық жазадан босатты.
Ал 2018 жылдың 12 маусымында Астана қаласы сотының қылмыстық істер жөніндегі сот алқасы осы үкімді өзгеріссіз қалдырды.
Енді сотқа дейінгі тергеу органы марқұмды өлтірген нағыз қылмыскердің кім екендігін анықтау үшін, жан-жақты сауатты тергеу амалдарын жүргізуі қажет. Сондықтан, бірінші инс­танциядағы сот қылмысқа қа­тыс­ты басқа адамдарды анықтау үшін істі прокурорға қайтарды.

Тағыда

Таңатар Төлеуғалиев

«Астана ақшамы» газетінің тілшісі

Ұқсас жаңалықтар

Пікір үстеу

Back to top button