Денсаулық

Көзімнің қарашығы…

Бүгінде көздің қуатын сарқыған компьютер, қалта телефондары мен планшеттен бойды таса ұстау үлкенге де, кішіге де қиын болып тұр. Себебі, заман талабы сондай. Кешқұрым қос жанарың ұясынынан шығып кетердей суырылып ауырған кезде еріксіз «Көзілдірігіңізді клиника ішінде тастап кетесіз» дегендей жалаулатқан жарнамаға елең ете қаламыз. Көңілдегі күдікті сейілту мақсатында «Ұлттық ғылыми медицина орталығы» АҚ «Көз микрохирургия бөлімінің» жоғары санаттағы офтальмологы, PHD докторы Мәншүк Елтоқованы әңгімеге тартып, осы саладағы жетісітктер мен мүмкіндіктер жайында сөз қозғадық.

 

– Қазір жеке меншік клиникалар тумысынан көзәйнекке тәуелді болған жандарға ота жасап, 100 пайыздық көру қабілетін қалпына келтіріп жатқанын жарнамалап жатады. Сұранысқа ұсынысы дайын тұратын нарықтық заманда мықты дәрігердің қолына түсу үшін қандай негізгі факторларға көңіл бөлу керек?
– Адамның қос жанары – табиғаттың бізге берген өлшеусіз сыйы.Қоршаған әлем туралы ақпараттың 90 пайызға жуығын көз арқылы қабылдаймыз. Адам денесіндегі өзге бұлшық еттермен салыстырғанда өте жылдам қозғалатыны да осы көз бұлшық еттері. Ал қасаң қабақ ақуызы мен көз бұршағы 70 градусқа дейінгі температураға төтеп береді. Ендеше көздің адам ағзасында алар орны ерекше. Сондықтан ота жасату алдында клиниканы, хирургты тексеріп алу қажет. Дәрігердің еңбек өтіліне, жеткен жетістігіне аса мән берген жөн. Айта кету керек, тәжірибемде жеке меншік медицина орталығында сапасыз жасатқан лазерлік отадан кейін орны бітпей, күйік шалған науқастарды да емдедік. Абырой болғанда, ондайлардың қатары аз.
– Кезінде катаракта, глаукома сынды диагноздар емделмейтін. Заманауи технологиялардың ар­қа­сында бүгінгі медицина көзге протез жасап, тың тәсілдерді қолданып жатыр. Бұл ретте «Ұлттық ғылыми медицина орталығы» су қараңғылыққа жетіп, үміті үзілген науқастарға қандай жаңа қызмет түрлерін ұсынбақ?
– «Ұлттық ғылыми медициналық орталық» АҚ «Көз микрохиругия бөлімі» халықаралық білігі мен тәжірибесі бар мамандармен жасақталған. Біздің клиника – көз ауруларына тың технологиялар арқылы күрделі оталарды жасайтын бірегей орталық.
Бүгінде дүние жүзі офтальмологтарын су қараңғылық (глаукома) алаңдатып отыр. Осы дертпен күресудің жолдарын қарастыру үшін жыл сайын Еуропалық конгресс өтеді. Бұрындары глаукома қарттықтың белгісі ретінде қабылданса, бүгінде бұл ауру түрленіп, жасарып келеді. Жасына жетпей көзден кәріп болған жас пациенттеріміз алдымызға жиі келетін болды. Мұндай құбылыстың белең алуына көп жағдайда дипрессия, экологияның нашарлауы әсер етуде. Өкінішке орай, күнделікті күйбең тірлікте күйзеліске душар болмайтын адам аз. Дегенмен, бұл сырқаттың да асқынған түрін емдеп жатырмыз. Сондай-ақ, көздің ішіндегі бұршақтың қартаюы (катарактаны) да емдеудің жолдары табылды. Рефракциялық хирургияның арқасында катарактаны жоюмен қатар, науқастың көру қабілетін 100 пайыз­ға дейін жақсарту мүмкіндіген қол жеткіздік.
– Көзге отаны тек ақылы түрде жасайды ма?
– Ақылы ота жасауға мүмкіндігі жетпеген адамдар тұрақты мекенжайы бойынша көз дәрігеріне қаралып, қажетті құжаттарды жинап, порталға кезекке тұруы қажет. Өз кезегінде біздің дәрігерлер науқас­тың диагнозын зерттеп, белгіленген уақытта мемлекеттік тапсырыс бо­йынша отаны тегін жасайды.

Сұхбаттасқан
Лаура БЕКЖІГІТ

Тағыда

admin

«Астана ақшамы» газеті

Ұқсас жаңалықтар

Пікір үстеу

Back to top button