Руханият

Сәкеннің ізі сақталған…

Биыл көрнекті қоғам қайраткері, дауылпаз ақын Сәкен Сейфуллин музейінің құрылғанына отыз жыл толды.

Ардақты азамат есімі 1957 жылы жазықсыз жаладан толық ақталып шықса да, қайраткерге арнап музей ашу жабық күйінде қала берді. Тек 1980 жылдардың орта кезінен бастап қаланың көзіқарақты қариялары Сәкенге арнап мұражай ашу туралы мәселе көтереді. Ақыры осы ізгілікті бастама шешімін тауып, 1988 жылы 20 ақпанда Қазақ КСР Министрлер Кеңе­сінің сол кездегі төрағасы Нұрсұлтан Назарбаевтың қау­лысымен Сәкен Сейфуллин мұражайы ашылды.
Кеңес өкіметі кезінде Ақмо­лада қазақтың қасиеті мен бол­­­мысы сақталған үш мекеме болды. Біріншісі – атақты діни қай­раткер Сәдуақас Ғылмани атамыз іргесін қайта көтерген ескі мешіт, екіншісі – Жамбыл атындағы №4 қазақ орта мектебі, үшіншісі – Сәкен мұражайы.
Сәкен мұражайының алғаш­қы тізгінін ұстаған Роза Асылбекова деген апамыз. Бұл кісі­нің киелі шаңырақтың қалып­тасуына сіңірген еңбегі зор. Музейдің экспонаттарын толық­тыруға Өзбекәлі Жәнібеков ағамыздың қолдауы да көп болған. Бұл уақытта ақынның асыл жары Гүлбахрам апамыз дүниеден озған. Алайда Сәкен­нің көзін көрген адамдар мен жақындары бар болатын. Музей қызметкерлері ең алдымен қайраткерге қатысты құжаттардың көшірмелерін, отбасының тұтынған заттарын жинайды. Мәскеудегі кинофотоқұжаттар мұрағатына, Алматыдағы мемлекеттік мұрағаттар мен мұражайларға, Сәкен қызмет атқарған Қызылорда, Ташкент қалаларына, кіндік қаны тамған жері Жаңаарқаға барып, зерттеу жұмыстарын жүргізеді. Асыл тұлғаны көрген адамдармен кездесіп, естеліктерін жазып алады. Сөйтіп, бірте-бірте мұражайдың қоры толыға түседі.

Бүгінгі музей ғимаратының өзі – өткен тарихтың көзі. Бұл екі үйді 1846 жылы Самарадан келген ресейлік көпес Казанцев салған. Кеңес өкіметі құрылған 20-ыншы жылдары Сәкен Сейфуллин Ақмолада уездік атқару комитетінде қызмет атқарады. Сол кезде әкімшіліктің кабинеттері осында орналасқан. Сондықтан бұл ғимаратта асыл азаматтың табанының ізі қалған.


1994 жылы Ақмолада ақынның жүз жылдық торқалы тойы өтеді. Мұражай жанынан ақын­ның үлкен еңселі ескерткіші бой көтерді. Бұл бейне – бүгінгі таңда елордаға ерекше көрік, рух беріп тұрған көркем ескерткіш. 1995 жылы тамыз айында Елбасымыз Нұрсұлтан Назарбаев Ақмолаға келгенде ақын музейіне бас сұғып, «Асыл бабамыз Сәкен Сейфуллин аруағы тәуелсіз елімізді желеп-жебеп жүрсін» деген қолтаңбасын қалдырады.
Қазір мұражай қорында алып азаматқа қатысты құнды жәдігерлер мен қызықты деректер көп. Мәселен, солардың арасы­нан Л. Мирзоян сыйлаған жазу машинкасы мен Сәкеннің үйленер алдында өзі сатып алған кереуетін айтуға болады. Бұл кереует туралы жары Гүлбаһрамға жазған хаты да сақтаулы. 1930 жылдары киген костюмі, өзбек достары сыйлаған тақиясы мен шапаны, тағы басқа да осындай қайраткердің жеке нәрселері мен бұйымдары бар. Оларға келушілер қызығып қарайды. Сондай-ақ, есіл ердің хаттары мен түрлі құжаттары, мақалалары, фотосуреттері, жарық көрген кітаптары да сақталған.
Ақын мұражайын Роза апамыздан кейін белгілі ақын Серік Тұрғынбек, әнші, өнер зерттеу­шісі Серік Оспанов басқарды.

Қазір қасиетті шаңыраққа көрнекті ақын, Мемлекеттік сыйлықтың лауреаты Несіпбек Айтұлы бас-көз болып отыр. Мұра­жайдың екі ғимаратына толық жаңғырту жұмыстары жүр­гізілді. Жан-жағы қоршалды.
Биыл ақпан айында музейге Сәкеннің фарфордан жасалған мүсіні қойылды. Сонымен қатар, мұражай басшылығы үш жылдан бері дарынды қаламгер шығармашылығын зерттеуге арнаған «Сыр сандық» сериясымен кітаптар шығарды.

Тағыда

admin

«Астана ақшамы» газеті

Ұқсас жаңалықтар

Пікір үстеу

Back to top button