Басты ақпарат

Түлектер кеші даңғаза думанға айналмасын

Елордада қала әкімінің орынбасары Малика Бектұрованың төрағалығымен «Астана – адалдық алаңы» жобасы аясында білім жүйесінде жемқорлықтың алдын алу мәселелеріне арналған кеңес өтті. Мәжіліс депутаты Ирина Смирнова, Білім және ғылым вице-министрі Бибігүл Асылова, Мемлекеттік қызмет істері және сыбайлас жемқорлыққа қарсы іс-қимыл агенттігінің Нұр-Сұлтан қаласы бойынша департамент басшысы Жазира Жылқышиева, қалалық мәслихат депутаттары, ата-аналар қатысқан жиында саладағы маңызды мәселелер талқыланды.

– Өткен жылдан бері елордада «Астана – адалдық алаңы» жобасы табысты жүзеге асырылып, аймақтарға да таралып жатыр. Бұл жоба білімді ғана емес, денсаулық сақтау саласын да қамтып отыр. Соның арқасында қамқоршылық кеңестер, ата-аналар комитеттері мектептердегі тамақтану мәселесін, бюджет қаржысының жұмсалуын бақылауына алды. Қазіргі кезде жаппай оқыту қорына қатысты түсіндіру жұмыстарын дұрыс жүргізу өзекті болып отыр. Әр мектептегі әлеуметтік қызметкерлер осы қордан қандай көмек берілетінін, кімдер бұл көмекті ала алатынын ата-аналарға түсіндіре білу керек. Жалпы тиісті ақпаратты бұл көмекті алуға құқылы әр отбасыға жеткізу қажет, – деді М.Бектұрова.
Қала басшысының орынбасары білім саласын цифрландыру бағытында атқарылып отырған шараларға тоқталды. Былтырдан бастап елорда мектептеріне қаржы оқушылар санына қарай бөлінетінін айтып, бұл жүйенің артық­шылықтарын атап өтті.
«Бұдан бұрын мектептерге қаржы бөлінгенде кейбір шығындар есепке алынбайтын. Сондықтан ата-аналар қалталарынан ақша шығаруға мәжбүр болатын. Жан басына шақ­­қанда қаржыландыру жүйесі енгізілген уақыттан бар­лық шығындар есептелетін болды. Атап айтқанда, тазалық құралдарын, басқа да керек-жарақтарды алуға қазір қаржы бөлінеді. Мұның бәрі білім мазмұнына енгізілді. Мектептерді жан басына шаққанда қаржыландырудың артық­шылықтарын анық көріп отырмыз. Бұрын мектеп директорлары қаржы аз бөлінді деп шағымданатын. Енді мұндай жоқ, ақша оқушылар санына қарай бөлінеді. Мектептің оң немесе сол жағалауда орналасуы, ескі немесе жаңа болуы маңызды емес» деді М.Бектұрова.
Білім және ғылым вице-­министрі Бибігүл Асыл­ова мұны растап, бекіте түсті. Оның айтуынша, өткен жылы жан басына шаққанда қаржыландыру жүйесі әлі енгізілмей тұрғанда елордадағы №1 мектеп-лицейіне 291 млн теңге бөлінетін. Жаңа жүйе енгізілгенде, бұл оқу орны бюджеті 398,5 млн теңгеге өсті. Яғни, 100 млн теңгеден артық қосылды. Вице-министрдің сөзінше, енді осы жылдың қыркү­йегінен бастап жан басына шаққанда қаржыландыру жүйесі Алматы мен Шымкент мектептеріне енгі­зіледі.
Кеңесте мектептерде ақша жинау мәселесі де қозғалды. «Оқу жылы бас­талған уақыттан мектептерде ақша жинауға қатыс­ты 68 арыз келіп түсті. Біз оның бәрін тексердік. Біреуі ғана дәлелденді» деді бұл туралы М.Бектұрова.
Оқу жылының аяқталуына он күндей ғана қалды. Елордадағы «Жас ұлан» республикалық қоғамдық бірлестігі «Адал ұрпақ» клубтарымен бірге мектеп бітіру кештерін ақшаны шашпай, оқу орындары қабырғаларында қарапайым ғана өткізуді ұсынды. Бұл бастаманы елорданың жиырма төрт мектебі қолдады. «Астана – адалдық алаңы» жобасының жетекшісі, қалалық мәслихат депутаты Мирас Шекенов мұны дұрыс деп есептейді. Оның айтуынша, Алматының кейбір мектептері де осыны құптап отыр.
«Жобалық кеңсемізге келіп түскен арыздарды сараптай келе, осындай кездерде ата-аналарға қар­жы жағынан едәуір сал­мақ түсетінін байқадық. Отбасында бірнеше бала балабақшаға барып, мек­тепте оқитын болса, тіпті, қиын. Жан басына шақ­қанда қаржыландыру жүйесі енгізілгелі мектептерге қаржы жеткілікті мөлшерде бөлініп жатыр. Алайда кейбір ата-аналар бұл жағынан хабарсыз болуы мүмкін. Жазда мектеп жанындағы лагерьлер жұмысын сараптауға кірісеміз. Ондағы білім беру, уақытты тиімді де, пайдалы өткізу, тамақтану – осының бәрін бақылауға аламыз. Бастысы, оқу орындары қызметі ашық болуы керек» деді  М.Шекенов.
Нұр-Сұлтан қаласы Ата-­аналар қоғамдастығының төрайымы Гүлнәр Омарова аталмыш ұйым да барлық ата-аналарға мектеп бітіру кештерін оқу орындарында өткізу туралы ұсыныспен шыққанын жеткізді. «Кейінгі 10-15 жылдың көлемінде кештерді қымбат мейрамханаларда өткізу салтқа айналды. Түлектер оқу жылы басталғаннан мектепті бітіру кешінде қандай көйлек кие­міз, кешті қайда өткіземіз деп ойлана бастайды. Бұл дұрыс емес. Біздің мақсатымыз – ата-аналар мен балаларға осыны түсіндіру. Әдемі көйлекті мектепте де киюге болады ғой» деді ол.
Мемлекеттік қызмет істері және сыбайлас жем­қорлыққа қарсы іс-қимыл агенттігінің Нұр-Сұлтан қаласы бойынша департамент басшысы Жазира Жылқышиева жоғары оқу орындары мен колледждерде жүргізілген сауал­нама нәтижелерімен та­ныстыр­ды.
«Сауалнама білім саласында жемқорлықтың бар екенін көрсетті. Онымен ұстаздар да, студенттер де күресуге дайын. Оқу орындары арасында М.Нәрікбаев атындағы ҚазМЗУ үздік болып шықты. Мұнда жемқорлық көрсеткіші нөлге тең екені анықталды. Білім беру мекемелерінде мәжбүрлі түрде ақша жинауға қатысты арыздар, әсіресе, мерекелер жақындағанда көбейеді. Олар әлеуметтік желілер, мессенджерлер және агенттігіміздің Қоғамдық бақылаудың интерактивтік картасы арқылы келіп түседі» деді Ж.Жылқышиева.
Департамент басшысы да түлектер кештерін мектептерде өткізуге шақырды. «Мектеп директорлары ата-аналарға кештерді мейрамханаларда өткізу бос шығын екенін ұғындыру үшін оқу орындары басшыларымен сөйлеспекпіз. «Көрпеге қарай көсілген» жөн. Кейбір мектептер бір түлектен 150 мың теңгеге дейін ақша жинап жатыр деп естиміз. Бұл әжептәуір қаржы ғой. Бұған шамасы келмейтін ата-аналар да бары анық. Мектеп бітіру кештеріне дейін әлі уақыт бар. Соған дейін ойлана түссе екен» дейді ол.
Сондай-ақ кеңесте соңғы қоңырау мен түлектер кештері кезінде қоғамдық тәртіпті сақтау шаралары сөз болды. Онымен Нұр-­Сұлтан қаласы Полиция департаменті бастығының орынбасары Рустам Шарибаев таныстырды.

Тағыда

Ұқсас жаңалықтар

Пікір үстеу

Back to top button