Экономика

Қаржылық сауаттылық байлыққа бастайды

«Егер халқымыздың санын 19 миллионға жақын десек, оның 90 пайы­зы дерлік өзінің жеке қаржысына көңіл бөлмейді деп айтуға болады. Тәуелсіздік алып, мемлекетіміз ілгері басқанымен, тұрғындарымыздың әл-ауқаты озық елдермен салыстырғанда сын көтермейді. Неге? Адамдар банк кредитінің «жасыл шамы» жағылып, жаппай несиелендіру басталғанда қарызға белшесінен батты. Көпшілігінің жұмыс орындары жақсарып, жалақылары көтерілсе де, әл-ауқат деңгейі көтеріле қоймады. Үкімет инфляцияны ескеріп, оқтын-оқтын индексация жасаса да, тұрмыс дәрежесі неге өспей отыр? Өйткені адамдар өзінің жеке байлығына көңіл бөлмейді» дейді консалтинг компаниясына жетекшілік ететін белгілі қаржыгер Сайлау ҚАЛЫМЖАНҰЛЫ.

– Дәстүрлі Қазақстан қор биржасы былтыр ғана өмірге қадам басқан Астана қаржы орталығының биржасы отандық алпауыт компаниялардың акциясын көпшілікке ұсынатын алаң екені белгілі. Ал шетелдік табыстылардың немесе енді ғана акциясын орналастыратын кәсіпорындардың акция­сын алғысы келетін, оларға үлестес болуды армандайтын отандастарымыз қайтпек керек?
– Біріншіден, бұл – шетелдік инвестицияны Қазақстанға әкелудің оңай жолы. Ұлыбритания­ның заңнамасы қолданылады. Енді отандық компаниялар инвестиция тартудың төте жолын пайдаланады, экономикалық әл-ауқат өсе түседі деген сөз. 2018 жылы күзде «Самұрық-Қазынаға» қатысты «Қазатомпром» алғашқы қарапайым акциясын орналастырды. Сарапшылар бұл мезетте компанияның құнды қағаздарын жіті тексеріп, жан-жақты қарайды. Әлемдік уран көрсеткішіне сүйе­ніп, бұл компанияның акцияларын алу тиімді. Диджиарлары Лондонда доллар бағамына сәйкес өсе береді. Біздің тұрғындар өз ақшасын қағаз күйінде ұстап отырмай, ұзақ мерзімге инвес­тицияға салу керек. Мәселен, жаңағы айтқан «Қазатомпром» акциялары қателеспесем, 4322 теңгеден сатылды, ал қазіргі бағасы 5600 теңге болып үлгерді.
– Ал енді акция туралы бі­лімді қайдан алу керек?
– Алуан түрлі тренинг, семинарлардан басқа, тым болмаса, өздігінен іздену керек. Мәселен, ақпарат сайтынан «Қазатомпромды» оқығаннан кейін оның акцияларын қайдан аламын деп, сол компанияның сайтындағы телефонға хабарласыңыз. Олар сізге «қор биржасына тікелей шыға алмайсыз, арнайы лицензиясы бар инвестициялық брокерлік компанияларға телефон шалыңыз» дейді. Солайша сіз кәсіби кеңесшілерден мағлұмат алып, өз таңдауыңызды жасайсыз. Оп-оңай.
Мен Қазақстанда жұмыс істейтін адамдардың 90 пайызы дерлік қаржылық білімі саяз деп айтар едім. Алдымен ақша жинап үйрену керек. Кредит алмай, несиенің қандай да бір түріне соқтықпай, өз ақшаңды жинай алуың керек. Сосын өз компанияларымыздан, отандық өндірісшілерден бастаған абзал. Неге? «Инвестиция жасау үшін оны қолданып көр» деген әйгілі инвестор Уоррен Баффет. Жас мемлекетіміздің тұрғысынан да бұл өте қуатты күш болар еді. Мен жоғарыда айтып кеткен 90 пайыз халқым тым болмаса 6 айға инвестицияласыншы, біздің мекемелердің акциясы күрт өсер еді. Ақша айналып өз атажұртыңда, өз экономикаңда қалады.
– Қазір орта жастағылар мен жастар шетел асып, білім алып, көп жақсылығы бар елдердің тәжірибесін әкеліп жүр. Сіз қалай ойлайсыз, қоғамды ілгерілететін күш-амал ­Қазақстанда отырып-ақ табылар ма еді? Нені қабылдап, неден қашқанымыз абзал?
– Бұл сауал қазір көп адамның, әсіресе жастық шағы «кеңестік» болған біздің буынды көбірек мазалайды. «Таяқтың екі ұшы бар» дейді ғой қазақ, бір жағынан, Абай айтқан шетелге құлаш ұратын замандар келді. Өзгенің жақсылығын көріп, көңіліңді, тіпті еліңнің мерейін толтыру бар. Шекаралар шалқасынан ашылып, ғаламтордың күші тез-тез тықсырып барады.
Енді мұндай кезеңде екі есе отаншыл болуың керек: неғұрлым түп-тамырымызды сақтап, теріс ықпалдарға тойтарыс беретін иммунитет қалыптасқаны жөн. Иә, экономикада да. Тіпті өзім маман болып отырған құнды қағаздар нарығында да, инвестицияда да… Неғұрлым өз еліңнің мүддесін алға қойсаң, соншалық дәулетке жету жолындағы амал-әрекетіміз өміршең болмақ. Мемлекетіміз әркімнің, әр отбасының қаржылық сауаттылығы, қаржылық мәдениеті өспейінше экономиканың қуаттануы бекер екенін білген соң да 2007 және 2011 жылдары екі қаулы шығарды. Меніңше, мұндай қамқорлық, қаржылық сауат ашу сабақтарын қолға алу көрші мемлекеттердің ешқайсысында болған емес. Осынау халықтық бағдарлама өміршең, қолданбалы болды. 2010 жылдың басында Ұлттық банктің орталық депозитарийінде құнды қағаздарды сатып алу-сату жөнінде заңды тұлғалар мен қарапайым адамдардың 9 мың есепшоты болса, халықтық құнды қағаздарды тұңғыш көпшілікке ұсынғаннан (халықтық IPO-дан) кейін мұның саны 10 есе өсіп, 100 мыңға жетті. Адамдар құнды қағаздар тақырыбын қызықтап, шараның мәнін түсінуге тырыс­ты. Осы науқанның дер кезінде басталғаны дұрыс болды, қазіргі кезде адамдар осы акцияларды орналастыру нарығына біртіндеп келіп жатыр.
– Ең алғашқы халықтық IPO қалың орманнан адасып барып соқпаққа түскен жолау­шының әсеріндей. Жуықта бір сарапшының «ай-пи-о» деп атағанымыздың өзі дұрыс емес, қазақша, орысша түсінікті атауларымен-ақ бұқараға жақындау керек еді дегенін құлағым шалды. Сіз қалай ойлайсыз, Сайлау Қалымжан­ұлы? Қарапайым атауға халық та «қарапайым, оңай нәрсе екен» деп тартылмай ма?
– Сайлау кезіндегідей үй-үйді араламаса да, уақытында халық­тық IPO өте жақсы жарнамаланды деп ойлаймын. Бұқаралық ақпарат құралдары: радио, телеарналар мен газеттер жарыса хабар беріп жатты. Сол кезден осы салада болғандықтан да есімде қалды, тек журналистерге өкпе артуға болады. Шынын айту керек, бізде экономикалық салаға маманданған журналистер өте кемшін. Жаппай білімдерге ғана негізделіп дайындалған журналистердің заманы өтіп барады. Салалық маманданған, мүмкін журналистік шеберлікпен қоса қаржы-экономиканы, яғни екі мектеп тәмамдаған мамандар өсіп шыққаны құба-құп болар еді. Мен өзім «халықтың көзі, құлағы ғой» деп журналистерге арнайы шеберлік сыныптарын өткізгім келіп жүр. Құдай оңғарса, биыл журналистерге қаржылық сауат­тылық бойынша дәрістер бере бастаймын.
– Заманға сай әр салада кә­сіби білім, қаржылық сауат­тылық өте қажет. Оның үстіне, миллионер адамдардың айтқан көп кеңестерінің бірі – жақсы қаржылық кеңесші тап дейді. Сізді өз бетінше түрлі тренинг, семинарлар мен әдебиеттерден білім жинаған қағылез бизнес тәлімгері ретінде жақсы білгендіктен осы тақырыпқа қатысты ойыңызды білсек…
– Жас мемлекетіміздің ширек ғасырдан мол асқан тәжірибесінде ақырындап тоң жібіп, халық­тың басым бөлігі қаржылық сауаттылыққа бет бұратын кез жақындады. Бұл арада мектеп мұғалімдері, колледж, жоғары оқу орындарының оқытушылары шәкірттеріне жеке кәсіп, стартап, бизнес туралы ұдайы дәріс бергені абзал. Өйткені қандай да бір мамандыққа үйрену үшін сапалы білім қажет.
Орайы келген соң айта кетейін, менің мектепте Түлкібек Құрақбаев деген ұстазым болды. Ол кісі қазақ тілі мен әдебиетінен сабақ берді. Филологияны ғана емес, басқа мамандыққа ұмтылғандардың бәріне өмірлік ұстаз бола білді. Неге? Өйт­кені тәлімі өміршең еді, тереңнен жан-дүниемізге үлкен парасаттылық, мәрттік, ұлттық болмыс еге білді. Кім болсақ та, ол кісінің білімі кәдеге асты. Мәселен, мен экономиканы бастан-аяқ орысша оқыдым, бірақ бизнес-тренер ретінде қазақ аудиториясын таңдадым, өйткені ұстаздың бойға сіңірген білімі қазақы қалыппен дәріс оқытуға жол ашты.
Қандай да бір жаңалық енгізу үшін қаржы институттары жақсы жұмыс істеу керек. Кәсіби ойыншылар нарықтың жасампаз бәсекелестігін тудырады әрі жұртшылықтың жеке қаржыға деген көзқарасының қалыптасуына түрткі болады.
Біз халқымызды 19 млн деп асыра шамаласақ, оның бәрін қаржылық сауатты ету мүмкін емес. Бір қызық нәрсе, адамдардың бәрі жол ережесін біледі ғой, иә, олар ешқашан қызыл шамға жүрмейді, тоқтайды. Ал қаржылық салада мұндай қауіпсіздік мәдениеті қалыптаспаған, бірсыпыра адамдар шетелдік күмәнді нәрселерге оп-оңай ақша сала салады. Дегенмен тағы қайталаймын, сең қозғалды, енді кәсіби жеке қаржылық сауаттылық қарыш­тап дамиды деген ойым бар.

Әңгімелескен
Қарлығаш ИСИНА,
журналист

Тағыда

Ұқсас жаңалықтар

Пікір үстеу

Back to top button