Жаңалықтар

Тұсаукесер рәсімі 5 шілдеде өтеді

«Астана» халықаралық қаржы орталығының (АХҚО) ресми ашылу рәсімі биылғы 5 шілдеде өтеді. Бұл жаңалықты сейсенбідегі Үкімет отырысында АХҚО-ның басқарушысы Қайрат Келімбетов жария етті.

«Қазақстанның елордасы – Астана қаласының 20 жылдығын атап өту аясындағы іс-шаралар жоспарының шеңберінде Мемлекет басшысының қатысуымен «Астана» халықаралық қаржы орталы­ғының ресми ашылу рәсімін өткізу жоспарланған. Бұл тұсаукесер рәсімі ЭКСПО аумағындағы Конгресс-орталық ғимаратында биылғы 5 шілдеде өтеді. Рәсімге қатысуға ірі халықаралық қаржылық компаниялардың, даму институттарының, қаржы ұйымдарының басшылары, атап айт­қанда, Еуропалық қайта құру және даму банкінің (ЕҚҚДБ – Т.Т.) президенті Сума Чакрабарти, Blackstone Group төрағасы Стивен Шварцман, Азия инфрақұрылымдық инвестициялар банкінің президенті Цзинь Лицюнь, Дубай қаржы орталығының басқарушысы Исса Казим және т.б. шақырылды» деді Қайрат Келімбетов.
АХҚО басқарушысының айтуынша, ресми тұсаукесер алдында 13-інші Дүние­жүзілік исламдық экономикалық форумын және Назарбаев орталығында АХҚО-ның құқықтық мәселелер бойынша алғашқы халықаралық конференциясын өткізу жоспарланып отыр. Қ.Келімбетов сондай-ақ Астана қаласының көліктік қолжетімділігі қаржы орталығының даму деңгейінің басты көрсеткіштерінің бірі екенін атап айтты. Қаржы орталығын ресми іске қосқаннан кейін бұл мәселе айрықша өзекті болмақ. «Бұл орайда Қазақстанның астанасын Шанхай, Нью-Йорк, Сингапур, Гонконг, Токио, Цюрих сияқты және т.б. әлемнің ең ірі қаржы орталықтарымен тұрақты, тікелей әуе байланыстарымен қамтамасыз ету еліміздің капитал нарығына шетелдік инвестицияларды одан әрі тартуға қатысты мүмкіндіктерді кеңейте түседі» деді ол. Мәжіліс соңында Үкімет басшысы Бақытжан Сағынтаев бұл мәселеге арналған бөлек отырыс өтетінін ескертті.

Төлен ТІЛЕУБАЙ

Тағыда

Төлен Тілеубай

«Астана ақшамы» газетінің шеф-редакторы

Ұқсас жаңалықтар

Пікір үстеу

Back to top button