Мәселе

Ымырасыз күрес жалғасады

Бүгінгі қоғамды қатты алаңдататын өзекті мәселенің бірі – есірткілерді, әсіресе синтетикалық препараттарды тарату. Астана қалалық Полиция департаменті осы бағытта тиісті жұмыс жүргізуде. Дегенмен есірткі айналымына жастар мен жасөспірімдердің көп тартылуы ерекше алаңдаушылық туғызып отыр­ғаны жасырын емес.

Астана қалалық есірткі қылмысына қарсы іс-қимыл жөніндегі басқармасы биыл өткен 10 ай ішінде есірткіге қатысты 843 құқық бұзушылық фактісін тіркеді. Заңсыз айналымнан 265 келіден астам түрлі есірткі заты тәркіленген. Бұл көрсеткіш былтыр 252 кг болған. Атап айтқанда, биыл марихуана, героин, наша, синтетика, каннабис шайыры, қарасора сияқты есірткі түрлері заңсыз айналымнан анықталған. Есірткімен байланысты 124 қылмыстық іс аяқталып, сотқа жолданған.

Есепті кезеңде елорда аумағында 5 есірткі зертханасы қызметінің жолы кесілсе, соның ішінде төртеуі фитозертхана болды, бұл ретте үй жағдайында түрлі тәсілмен есірткі заттардан тұратын өсімдіктерді жасанды түрде өсірумен, есірткі дайындаумен айналысатын елордалық тұрғындар ұсталды. Сонымен қатар Қарағанды облысы аумағында синтетикалық есірткі заттарын өндіру бойынша зертхана жұмысын жүргізген Украинаның 3 азаматы қолға түсті. Жедел іздестіру іс-шараларын өткізу кезінде 22 келіден астам синтетикалық есірткі мен оларды өндіруге арналған 2 тоннадан көп прекурсор тәркіленді. Бүгінгі таңда Қарағанды облысы прокуратурасымен бірге ҚР ҚК 264-бабына сәйкес қылмыстық іс қозғау мәселесі қаралып жатыр. Одан бөлек, есірткі контрабандасы фактісі анықталып, Қазақстан аумағы арқылы асқазанына салмағы 300 грамнан көп «MDMA-Экстази» синтетикалық есірткісін салып алып өтпек болған Ресей азаматы ұсталған. Есірткі заттарынан тұратын өсімдіктерді жасанды жағдайда өсірумен айналысатындар бойынша 5 факті тіркеліп, құрамында есірткі заттары бар 273 өсімдік көшеті жойылды.

– Тағы бір жедел-іздестіру іс шарасы кезінде ­Моисеев деген азаматтың өз пәтерін есірткіге тә­уелді адамдарға есірткі заттарын пайдалану үшін ұсынғаны анықталды. Бұл дерек сотқа дейінгі тергеп тексерудің бірыңғай тізілімінде ҚР ҚК 302-бабы бо­йынша тіркелді. Соттың шешімімен аталған азамат 5 жыл бас бостандығынан айырылды. Ал 1 маусым мен 31 қазан аралығында өткен «Қарасора-2023» кең ауқымды жедел-профилактикалық іс-шарасы кезінде 515 құқық бұзушылық анықталды. Біздің тарапымыздан есірткі қылмысына қарсы іс-қимыл бойынша қылмыстарды дер кезінде анықтау және нашақорлықтың алдын алуда барлық тиісті шаралар қабылданып отыр, – дейді Астана қалалық ПД есірткі қылмысына қарсы іс-қимыл жөніндегі басқарма бас­тығының міндетін атқарушы, полиция полковнигі Еркеш Қалықов.

Бір өкініштісі, қазіргі таңда есірткілерге үйден шықпай-ақ, «ешкіммен тікелей кездеспей-ақ», әлеу­меттік желідегі, мәселен, Google арқылы іздеп қол жеткізуге болады. Осы ретте есірткі заттарын тарату бойынша ақпараттардан тұратын «есірткі дүкендері» контентін анықтау үшін арнайы топ құрылды, олар күн сайын ғаламтор кеңістігіне мониторинг жүргізумен айналысады.

– Сонымен қатар Полиция департаментінің бастамасымен елорда тұрғындары мен қонақтары үшін «Smart Astana» электронды тұғырнамасында «Есірткіге жол жоқ!» үндеуін жолда» деп аталатын қосымшаның жобасы әзірленіп, іске қосылды. Бұл қосымша есірткіге қатысты интернет-дүкендердің барлық жарнамасынан хабардар болып отыруға мүмкіндік береді, соның арқасында полиция қызметкерлері қысқа уақыттың ішінде есірткі тарату бағытындағы парақшалар мен суреттер граффитиін жою бойынша кешенді іс-шаралар қабылдайды. Жыл басынан бері есірткі жарнамасын жариялайтын 60 сайттың қызметі бұғатталды. Есірткі заттарын заңсыз жарнамалау және насихаттау бойынша ҚР ҚК 299-1-бабына сәйкес 11 іс тіркелді, – дейді полиция полковнигі.

«2023-2025 жылдарға арналған ҚР нашақорлыққа қарсы іс-қимыл іс-шараларының кешенді жоспары» шеңберінде Мемлекет басшысының тапсырмаларын орындау бойынша Астана қаласы әкімдігі барлық мемлекеттік және мемлекеттік емес ұйымдарды тарта отырып, «Астана – есірткісіз қала» іс-шаралар жоспарын әзірлеп, бекітті. Соның шеңберінде уәкілетті органдардың қатысуымен заңсыз есірткі айналымындағы қылмыстарды анықтау және нашақорлықтың алдын алуға бағытталған бірқатар іс-шара жүзеге асуда.

Тағыда

Райхан Рахметова

«Астана ақшамы» газетінің шолушысы

Ұқсас жаңалықтар

Пікір үстеу

Back to top button