Қоғам

Білім мен ғылым қайраткері

Кемел келешекке бастайтын халық ауыз әдебиеті, оның ішінде  шешендіктану, педагогика туралы сөз қозғалғанда бүгінгі ғалымдардың қатарында республикамызға танымал ғалым, қоғам қайраткері, ұлт жанашыры Абат Қыдыр­шаевтың есімі ерекше аталады.

Өмірден тоқығаны мол, терең білім мен парасат иесі, Абат Сатыбайұлы өзінің ақкөңіл, байсалды да, байыпты мінезімен, көпшілдігімен әсіресе студент жастарды өзіне баурап, Абай, Шәкәрім тағылымдары туралы әңгіме айтудан бір танған  емес. Оның  бойындағы бар асыл қасиет­тер ата-анасының тәрбиесімен, үлгі-өнегесімен қатар, туған жер, өскен өлкеден сусындап, оның нәрін бойына сіңіре білуден өрбіген. Абат Сатыбайұлы табиғаты жанға жайлы, қоңыр желі көңіліңді әрқашан сергітіп тұратын Атырау атырабының Тайланбай ауылында туып өсті.

Болашақ ғалым студенттік шақтан ғылыми ізденістерге именбей араласып, өмірінің мақсаты үлкен ғылымда екендігін түсінді. Ғылыммен айналысу – үлкен шыдамдылықты, қажыр-қайратты, үздіксіз ізденуді қажет етеді. Онсыз ешкім белес түгілі, қарапайым табалдырықтан аттай алмайды. Еңбек жолын орта мектепте қазақ тілі мұғалімінен бастаған Абат – бүгінде елімізге танымал ғалым. Ол негізінен қазақ тілін оқыту әдістемесі, шешендік өнерді оқыту теориясы мен практикасы тұрғысында ғылыми-зерттеу жұмыстарын жүзеге асырып келеді.

Рас, ғылымның нәтижесі өте көп уақытты, бірнеше жылдарды талап етеді. Ол темірдей берік төзіммен талмай ізденді, қиындықтан еш қорықпай, өзін-өзі аямай тыңнан жол табу оның өмір жолындағы адастырмас темірқазығына айналды. Зерттеу жұмысында жүйелілікті жаны сүйетін, асығыс ой қорытуды, лепірме бос сөзділікті ұнатпайтын кірпияз ғалым принципшілдігінен ешқашан ауытқыған емес. Қиыншылықты айналып өтіп, ұрандатып ойқастау оның табиғатына жат. Ол тіл тану педагогикасы мен психологиясы, шешендіктану және әдебиеттану педагогикасы бағытында 500-ден астам ғылыми еңбек,  3 монография және бірнеше оқулық пен оқу құралдарын жазды. Алғаш 1995 жылы академик Нұржамал Оралбаеваның ғылыми жетекшілігімен «Ахмет Байтұрсыновтың әдістемелік мұрасы» тақырыбында кандидаттық дисертацияны абыроймен қорғады. Оның тиянақты теориялық ойы, қазақ тарихымен сабақтасып жататын салиқалы пікірі, бүгінгі жаңашылдықты жария етуі ғылымның биік сатысына көтерілуге жетеліп келеді.

Осындай қасиеттерге ие болу үшін тұлғаның тегі, білімі, еңбек етіп жүрген ортасы үлкен маңызды роль атқарады емес пе?! Осылармен қатар, ғылымда, өмірде өз орнын таба білуге дұрыс бағыт-бағдар нұсқап отыратын жанашыр ұстаз-жетекшінің орны орасан зор.

Абаттың ғылымда сара жол салып, өзін де, өзгені де жетілдіре білетін кемел ойлы тұлғаға айналуына ұстаздары Серікқали Шарабасов, Қалимолла Мырзағалиев, Мәтжан Тілеужановтардың ерекше ықпалы болды. Ұлы ұстаздары жайлы, олардың еңбектері, жасаған жақсылықтары туралы ол ерекше тебіреніспен айтады. Көп оқитын, тереңнен қопара қазатын ізденімпаз ғалым осындай рухани бай жандардан үлгі-өнеге алып, ұлағатты ұстаздары сілтеген жолды меңгере отырып, ғылым шыңын бағындырды. Осындай, ауқымды да терең мағыналы ғылыми-теориялық зерттеу жұмыстары Абат Сатыбайұлын елімізге танымал етті. Оның педагогикалық бағыттағы  ғылыми мақалалары, шет ел басылымдарында жарық көрді.

Ой-өрісі кең, ғылымның көптеген саласынан энциклопедиялық білімі бар, жан-жақты ғалым – әдебиетті, журналис­тиканы, тарихты, ұлттық мәдениетті, салт-дәстүрді жақсы білетін, өнердің сан саласына ой жіберіп, жақсы пікірлер айтып отыратын ұлағат иесі. Ол мемлекет және қоғам қайраткері ретіндегі ғылым мен жоғары білім саласына сіңірген еңбегі ескерусіз қалған емес. Биыл «Ерен еңбегі үшін» медальмен марапатталды. Сондай-ақ «Астана патриоты», «Қазақстанның құрметті азаматы» атты қоғамдық төсбелгінің иегері. Ол сонымен қатар, туған жері «Құрманғазы ауданының құрметті азаматы». Аяулы жары Диамара Қабденқызы да ғалым, ауыл шаруашылығы ғылымдарының кандидаты. Екеуі – «ұлын ұяға, қызын қияға» қондырған үлгілі ата-ана.

Ел игілігі үшін білімін сарп еткен ірі дарын иесі, білімділігімен, ғалымдығымен, жан-жақтылығымен, ерекше еңбексүйгіштігімен халықтың құрметіне бөленген ғалым педагогикалық ғылымдағы ілгері ойдың, барша жаңалықтардың бастаушысы болып келеді. Әсіресе, шешендік өнерді талмай дәріптеп келе жатқан ол, шешендік тіл өнері ол – сөйлеу мәдениетінің ең жоғарғы сатысы деп айтудан жалыққан емес.

Адам білімді, сауатты болған сайын оның дүниетанымы кеңейіп, креативті ойлау жүйесі дамып, басқа адамдармен қарым-қатынас жасап сөйлесу барысында көп нәрсе үйренуге және үйретуге мүмкіндігі арта түседі емес пе?! Міне, осы бағытты берік ұстанған  Абат Сатыбайұлы бүгінгі жастарды білім жолына салып, түзу жолдан тайдырмай, келе жатқан азамат.

– Білімді ұрпақ – еліміздің болашағы, ертеңі. Тәуелсіз еліміз қанатын кере жайып, ел мәдениеті өркендеген қазіргі заманда тек білімді де, тәрбиелі жастар ғана ұлтымызды асқақ, елімізді көкке көтереді. Қоғамның негізгі өзегі – жастар. Сондықтан еліміздің болашағы жас буынның еншісінде екенін ескерсек, сол жастардың сапалы білім алып, тәрбиелі, парасатты азамат болып қалыптасуына әр адамның ықпалы  зор болуы тиіс, – дейді профессор Абат Қадыршаев  бізбен әңгімесінде.

Жаны жайсаң, жүрегі жомарт ғалымның бұл сөзінің астарында үлкен мән-мағына жатыр. Оның сонау жастық шағынан басталған қиял-арманы мен мақсаты бүгінде қанатын кеңге жайып, жарқын күндердің жақсылығына бастап келеді.

Мағжан Садыханұлы,

 журналист,  «Жаңа Қазақстан» республикалық қоғамдық бірлестігінің директоры, философия ғылымдарының кандидаты

Тағыда

admin

«Астана ақшамы» газеті

Ұқсас жаңалықтар

Пікір үстеу

Back to top button