ЖаңалықтарМәслихат

ЖЕКЕ ТАБЫСТАР ҰЛҒАЙДЫ

DSC_5917

Астана әкімдігінде бюджет, экономика, өнеркәсіп және кәсіпкерлік мәселелері жөніндегі тұрақты комиссияның отырысы өтті. Күн тәртібіндегі мәселе – қаланың әлеуметтік-экономикалық дамуына оң әсер ететін бюджет түсімдерін нәтижелі жоспарлау мен болжау шаралары туралы Экономика және бюджеттік жоспарлау басқармасы басшысының орынбасары Гүлнәр Жүсіпова баяндама жасады.

Алдымен биылғы бюджетке тоқталған ол жыл басынан бері қала бюджетіне алты мәрте түзету енгізіліп, екі рет оны нақтылау жүргізілгенін жеткізді. Соның қорытындысында түзетілген бюджет 357 миллиард 23 миллион теңгені құрады. Оның ішінде жеке табыстар 176 миллиард теңгеге жетіп, бекітілген бюджетке сәйкес 15 миллиард 205 миллион теңгеге немесе 9,4 пайызға ұлғайған. Республикалық бюджеттен түскен трансферттер мен кредиттер 173 миллиард 519 миллион теңге болды. Осы қаржыдан қаланың дамуына 147 миллиард теңге бағытталады. Ал, жалпы алғанда елорданы дамытуға 182,6 миллиард теңге немесе бюджеттің 51 пайызын бөлу көзделмек. Әлеуметтік салаға 117,4 миллиард теңге, яғни, 32,9 пайызы жұмсалмақ.
Гүлнәр Жүсіпованың айтуынша, ағымдағы жылдың 1 шілдесі күніне қала бюджетінің түсімдері асыра орындалып, 100,5 пайызға жеткен. Мәселен, жоспар бойынша нақты түсімдер 150 миллиард теңге болу керек болса, бюджетке 150,7 миллиард теңге түскен. Соның ішіндегі салықтардан 75 миллиард теңге түседі деп жоспарланса, бұл көрсеткіш 79,4 миллиард теңгені көрсеткен. Салықтық емес түсімдер де екі еседен артық өскен. Шығыстарға келсек, 1 шілде күніне ол 97,9 пайызға орындалған.
Сондай-ақ, Гүлнәр Жүсіпова басқарма 2016-2018 жылдарға арналған бюджет жобасын жоспарлауға кіріскенін айтып өтті. Оның айтуынша, бұл жұмыс биылғы сәуір айында басталған. Бұдан әрі аталған кезеңдерді қамтитын бюджетті Қаржы министрлігінің жанындағы республикалық комиссия қарауы тиіс.

Аманғали ШМИТҰЛЫ

Тағыда

Ұқсас жаңалықтар

Пікір үстеу

Back to top button