Басты ақпаратҚұқық

Жемқорлықсыз ашық қоғам құру – өз қолымызда

Президент Қасым-Жомарт Тоқаев Жолдауында «Сыбайлас жемқорлықпен күрес барынша жүйелі сипат алуда. Жемқорлықтың пайда болу себептеріне көбірек назар аударылып, алдын алу жұмыстары жүргізілуде. Енді жемқорлыққа апаратын факторларды анықтау үшін мемлекеттік органдар мен квазимемлекеттік сектордың нормативтік актілері және жұмыс үдерісіне жемқорлыққа қарсы күрес тұрғысынан арнайы талдау жүргізген жөн» деді. Соңғы кездері сыбайлас жемқорлықпен күрестің шынымен де жаңаша сипат алғанын көреміз. ҚР Сыбайлас жемқорлыққа қарсы іс-қимыл агенттігінің Нұр-Сұлтан қаласы бойынша департаментінің басшысы Шыңғыс Қабдула сұхбат барысында осы саладағы жүйелі іс-әрекеттер туралы баяндайды.

– Шыңғыс Қайыпұлы, былтыр агенттік қайта құрылғаннан кейін бұрынғы жұмыс тәсілдеріне де өзгерістер енгізілгені белгілі, сіз басқарып отырған департаменттің қызметінде бұл қалай көрініс тауып отыр? Президент тапсырмасына орай қандай шаралар жасалып жатыр?
– Мемлекет басшысы Қасым-­Жомарт Кемелұлы Тоқаев «Жаңа жағдайдағы Қазақстан: іс-қимыл кезеңі» атты Қазақстан халқына арнаған Жолдауында бірқатар тапсырмаларды іске асыруды міндеттеді. Агенттік қызметінің басым бағыттарының бірі – жемқорлық тәуекелдерінің алдын алу және оны болдырмау, сондай-ақ азаматтардың бойына адалдықты, әділеттілікті, парасаттылықты сіңіру. Цифрландыруға ерекше назар аударылуда, өйткені бұл процесс адами факторды жояды. Әкімдік 160 мемлекеттік қызмет көрсетеді, оның 148-і электронды форматқа көшірілді.
Осыған байланысты биыл 18 қыркүйекте адами фактормен байланысты сыбайлас жемқорлық көріністерін жою мақсатында мемлекеттік қызметтерді автоматтандыру, мектептік тамақтануды электронды форматта мемлекеттік сатып алу порталы арқылы жүргізу және басқа да бірқатар мәселелер Алтай Көлгіновтің басшылығымен Нұр-Сұлтан әкімдігінде өткен Сыбайлас жемқорлыққа қарсы іс-қимыл жөніндегі ведомствоаралық комиссия отырысында талқыланды. Жыл соңына дейін барлық мемлекеттік қызметтерді автоматтандыру жоспарланды. Мемлекеттік органдардың ашықтығын қамтамасыз етудің негізгі құралы ретінде Агенттік қолдауымен Ашық бюджеттердің интерактивті картасы ашылды. Азаматтар осы сайт арқылы түрлі әлеуметтік нысандарды салу, жөндеу және қызмет көрсету үшін қанша бюджет бөлінгенін көре алады. Бұзушылықтар анықталған жағдайда сол картада пікір қалдырып қосымша фотоматериалдарды қоса жіберуге мүмкіндік бар.
– Президент Қ.Тоқаев түрлі тарту-таралғы беру, сыйлық талап ету болмауы тиіс деп, Сыбайлас жемқорлыққа қарсы іс-қимыл агенттігіне Үкіметпен, бірлесіп тұрмыстық жемқорлықпен күрес жөніндегі жол картасын әзірлеуі керек деп тапсырма берді. Мемлекеттік қызметкерлер мен олардың отбасына сыйлық беру туралы сіздің пікіріңіз қандай?
– Тұрмыстық сыбайлас жемқорлықты азайту, мемлекеттік қызмет көрсету сапасын жақсарту мақсатында құрылған «Адалдық алаңы» жобасының аясында түрлі саланы қамтитын «Саналы ұрпақ», «Адал ұрпақ», «Сапалы жол», «Адал жол», «Protecting Business and Investments» жобалық кеңселері, қоғамдық бақылауды қамтамасыз ететін арнайы мониторингтік және ақпараттық-ағарту топтары жұмыс істейді.
Мемлекет басшысы «Қазақстан Республикасының кейбір заңнамалық актілеріне сыбайлас жемқорлыққа қарсы іс-қимыл мәселелері бойынша өзгерістер мен толықтырулар енгізу туралы» Заңға қол қойды. Заң сыбайлас жемқорлық көріністерін жүйелі түрде алдын алу бойынша қосымша шаралар енгізуге бағытталған. Атап айтқанда, Азаматтық кодексте мемлекеттік қызметшілерге кез келген құнды сыйлықтарды сыйға тартуға тыйым салынады (мемлекеттік қызметшілерге олардың лауазымдық міндеттемелеріне байланысты құны 10 айлық есептік көрсеткішке (27 780 теңгеге) дейін сыйлықтар беруге рұқсат етілген.)
Азаматтық кодекстің мемлекеттік қызметшілерге қатысты сыйға тарту мәселелерін реттейтін ережелерін қолданыстағы заңнама нормаларымен үйлестіру қажеттілігі «Қазақстан Республикасындағы конституциялық заңдылықтың жай-күйі туралы» Конституциялық Кеңестің 2018 жылғы 5 маусымдағы жолдауында көрсетілген болатын. Өздеріңіз білетіндей, қазіргі уақытта Қылмыстық кодекстің 367-бабына сәйкес («Пара беру») мемлекеттік функцияларды атқаруға уәкілетті тұлғаларға, оларға теңестірілген тұлғаларға, жауап­ты мемлекеттік лауазымды атқаратын тұлғаларға немесе лауазымды тұлғаларға бұрын жасаған заңды әрекеттері (әрекетсіздігі) үшін құны 2 айлық есептік көрсеткіштен асатын сыйлықтар тарту қылмыстық жауапкершілікке әкеп соғады. Ал Әкімшілік құқық бұзушылық туралы кодекстің 676, 678-баптарына сәйкес, жеке немесе заңды тұлғалардың аталған тұлғаларға заңсыз сыйлықтар беруі әкімшілік сыбайлас жемқорлық әрекет болып табылады. Осылайша қолданыс­тағы заңнамада сыбайлас жемқорлық субъектілеріне олардың лауазымдық жағдайына байланысты кез келген құнды сыйлықтарды сыйға тартуға тыйым салынады. Сондықтан Азаматтық кодекстің 509-бабымен көзделген норманы Қылмыстық және Әкімшілік кодекстерінің нормаларымен сәйкес келтіруге тура келді. «Сыбайлас жемқорлыққа қарсы іс-қимыл туралы» Заңда сыбайлас жемқорлыққа қарсы шектеулер қабылдайтын тұлғалардың отбасы мүшелерінің материалдық сыйақы, сыйлықтар немесе көрсетілетін қызметтерді қабылдауына тыйым салынады. Осы уақытқа дейін ҚР Сыбайлас жемқорлыққа қарсы іс-қимыл туралы заңының 12 бабы Сыбайлас жемқорлыққа қарсы шектеулеге байланысты мүліктік және мүліктік емес игіліктер мен артықшылықтар алу немесе табу мақсатында ресми таратылуға жатпайтын қызметтік және өзге де ақпаратты пайдалануға шектеу келтірілген. Бұл дегеніміз сыбайлас жемқорлық тәуекелдері деңгейін біршама төмендетуге ықпалын тигізеді.
– Нұр-Сұлтан қаласы бойынша мемлекеттік органдарда бюджет қаржысына байланысты болсын, жалпы құқық бұзушылыққа қатысты тіркелген істердің қарасы қанша? Нақты мысалдар келтірсеңіз.
– Ағымдағы жылдың басынан Сыбайлас жемқорлыққа қарсы іс-қимыл агенттігінің Нұр-Сұлтан қаласы бойынша департаментімен 100 сыбайлас жемқорлық қылмыстары тіркелді. Оның 37-сі сотқа жіберілді. ҚР Қылмыстық кодексі 189-бабына сәйкес «Сенiп тапсырылған бөтен мүлiктi иемденiп алу немесе талан-таражға салу», яғни бюджет қаражатын жымқырту фактісі бойынша 27 іс тіркеліп, 12 сотқа жіберілді.
– Шыңғыс Қайыпұлы, Президент жемқорлықпен күресте ешқандай көзбояу­шылыққа жол берілмесін деді. Көптеген басшылар сыбайлас жемқорлықтың алдын алу дегенді ұжымға ескерту, түсіндіру деп қана түсінеді, іс жүзінде күресте нәтиже бар деуге бола ма?
– Жемқорлықтың салдарымен емес, оның негізгі себептерімен күресу керек. Агенттік бүгінгі таңда жазалаудан алдын алу шараларына көшкен болатын. Шетел тәжірибесіне сүйенсек, 80 пайызы превенция, яғни сыбайлас жемқорлықты алдын алуға бағытталған. Бізде де сол көрсеткішке жету мақсаты тұр.
Алдын алу жұмыстарының бір көрінісі сыбайлас жемқорлықтың тәуекелдеріне сыртқы және ішкі талдаудың жүргізілуі, нәтижесінде ұсыныстардың енгізілуі – бұл жемқорлық атты індеттін алдын алуына мүмкіндік береді. Transparency International халықаралық үкіметтік емес ұйымы 2019 жылғы «Сыбайлас жемқорлықты қабылдау индексі» атты жыл сайынғы басты зерттеулерінің нәтижелерін жариялады. Қазақстан 100-ден 34 балл жинап, 180 елдің арасынан 113 орынды иеленді. Осылайша, индексті 3 баллға және 11 орынға жақсартты.
Мұхтар Әуезов айтқандай «Қай істің болсын өнуіне үш шарт бар: ең әуелі ниет керек, одан соң күш керек, одан соң тәртіп керек», біздің жұмыста жемқорлық атты індетті аластау – басты міндет.
– Мемлекет басшысы Қ.Тоқаев «кәсіпкерлер жер комитеті, салық, кеден органдарын жемқорлық жайлаған деп есептейді» деді, жағдай шынымен осындай ма?
– Өкінішке қарай, әлі де жемқорлық фактілері орын алуда, себебі бұл аталған салаларда көрсетілетін мемлекеттік қызметтер саны бойынша көп қызмет атқаратын мемлекеттік мекемелер болып табылады.
Transparency International зерттеулерінде Кәсіпкерлердің пікірінше, қарапайым азаматтар тарапынан үлкен сенімге лайық бес субъектінің ішінде бірінші орында Сыбайлас жемқорлыққа қарсы іс-қимыл агенттігі (72,4%). Бұл да – біздің жұмысымыздың дұрыс бағытта жүзеге асырылуының көрінісі.
Өзіңізге белгілі 2018 жылдан бері «Рrotecting business and investments» жобасы бизнес пен инвесторлардың мемлекеттік билік институттарына сенімін арттыру мақсатында іске қосылған болатын. 2020 жылдың басынан бері елорданың ірі кәсіпкерлік субъектілерімен 8 ынтымақтастық туралы келісім жасалды, жобалардың сомасы шамамен 17 млрд теңгені құрады. Қазіргі уақытта инвесторлар жобаларды іске асыру бойынша жұмыс істеуде. «Tamos Space School» ЖШС Малайзиядан инвесторлардың 40 пайыз қатысуымен қазақстандық компания болып табылады. Қазіргі уақытта Серіктестік «Қазақстан Ғарыш Сапары «Ұлттық компаниясы» АҚ меншігіндегі жалға алынған жер учаскесінде жеке ғарыштық технологиялар мектебін (бұдан әрі-жоба) салуды жүзеге асырады. Жобаны табысты іске асыру және мектеп ғимаратын пайдалануға беру үшін Нұр-Сұлтан қаласының жаңартылған егжей-тегжейлі жоспарлау жоспарына сәйкес Тұран даңғылы 89/1, мекенжайындағы жер учаскесінің нысаналы мақсатын өзгерту қажет болды.
«Қазақстан Ғарыш Сапары «Ұлттық компаниясы» АҚ тарапынан бірнеше рет сұратуларға қарамастан, Нұр-Сұлтан қаласының сәулет, қала құрылысы және жер қатынас­тары басқармасы тарапынан жер учаскесінің нысаналы мақсатын өзгертуге 7 рет бас тартылды. Нұр-Сұлтан қаласы бойынша Сыбайлас жемқорлыққа қарсы қызметіне қолдау сұраған соң инвесторға Нұр-Сұлтан қаласының сәулет, қала құрылысы және жер қатынастары басқармасынан қоңырау шалып, аталған мәселенің оң шешілгені туралы хабарлады.
– Жемқорлық фактілерін хабарлағандарды ынталандыру тәжірибесі туралы не айтасыз, бұл халықтың белсенділігіне әсер етті ме? Сонымен бірге сыбайлас жемқорлық туралы шағымдар дер кезінде қарала ма?
– Хабарлаушыларды көтермелеудің ұқсас жүйесі бірқатар шетелде (Германия, АҚШ, Ұлыбритания және Гонконг) табысты қолданылады. Сот үкімі шыққаннан кейін, парақорлық туралы хабарлаған азаматқа қылмыстың ауырлығына қарай белгілі бір мөлшерде сыйақы төленеді. Жыл басынан бері Департаментте қаралған үш іс бойынша 527 820 тг мөлшерінде сыйақы төленді. Бүгінгі күні азаматтардың өтініштері бойынша тіркелген қылмыстық істер бойынша бірқатар үкімдер заңды күшіне енді.
Өздеріңізге белгілі Сыбайлас жемқорлық қылмыстарды анықтау, жолын кесу, ашу және тергеу бойынша ақпарат бергені үшін немесе өзге де түрде көрсетілген жәрдем үшін қаржылық ынталандыру мөлшері ұлғайтылған болатын, бұл өз кезегінде сыбайлас жемқорлыққа қарсы күресте халықтың азаматтық ұстанымын жандандыруға бағытталған.
– Сұхбатыңызға рахмет.

 

Тағыда

Ұқсас жаңалықтар

Пікір үстеу

Back to top button