Талайғы тарихТаным

Қазақ жауынгерлері Наполеонмен қалай соғысты?

Қазіргі уақытта әлеуметтік желілерде қазақтардың 1812 жылғы Ресей соғысындағы ерлігі туралы ақпарат көптеп таратылуда. Бұл ақпарат қаншалықты объективті, қаншалықты көңілге қонымды, қаншалықты сенімді? Соғысқа қатысқан үш этносаяси бірлестіктен шыққан қазақтардың саны бойынша келтірілген деректерге сенуге бола ма? («92 000 қазақ жауынгері орыс әскері жағында» – бұл өте артық емес пе?) Осыған байланысты біз аздап түсініктеме бере кетуді ұйғардық, өйткені таратылатын ақпаратта тарихи шындыққа мүлдем сай емес және қолда бар архив деректері растамайтын әрі бұрмаланған мәліметтер бар.XIX ғасырдың басында шекаралас аймақта орналасқан қазақ және орыс халқы арасында тату көршілік қарым-қатынас орнағаны, бұрынғы өзара шабуылдар біртіндеп басыла бастағаны белгілі. Шекара маңындағы жәрмеңкелер мен «сатовкаларда» сауда күшейе түсті, дала халқы мен отырықшылар арасында «тамыр болу» кең таралды. 1801 жылы Кіші жүз қазақтарының Бөкей сұлтан бастаған 5 мыңға жуық шаңырақ Жайықтың оң жағалауына қоныс аударды.
Сонымен қатар жайылымдық жерлердің едәуір қысқаруы, Кіші және Орта жүздің далалық бөлігін жайлаған қазақтарға шекараның ішкі жағына еркін өтуге тыйым салуы мал шаруашылығының біртіндеп жойылуына және автохтонды қазақтардың әлеуметтік-экономикалық жағдайының айтарлықтай әлсіреуіне әкелді. Сонымен 1803-1808 жылдар аралығында Жайықтың дала жағында шөп өнімі нашар болды, бұл малдың жаппай қырылуына әкелді. Жергілікті тұрғындар арасында жаппай ашаршылық басталды.
Мұрағат деректері мен жазба мәліметтер көрсетіп отырғандай, осы жағдайларда басталған ашаршылықтың зардабы ауыр болғаны соншалық, өз балаларының өмірін қалайда сақтап қалу үшін дала тұрғындары оларды Хиуа көпестеріне, Жайық және Орынбор казактарына, орыс шаруаларына, Орынбор көпестері мен мещандарына амалсыз сата бастады: қазақтар осындай бұрын-соңды болмаған, дәстүрге, адамгершілікке жатпайтын шараға баруға мәжбүр болды. Қазақ балаларын тұтас христиан қоғамдары сатып алатын жағдайлар болды.
Жайық және Орынбор шекаралық желілерінде кедейленген қазақтардың шоғырлануы және олардың балаларын сату жағдайларының көбеюі, ­Жайықтың арғы жағына заңсыз өтуіне Орынбор басшылығын қауіптендірмей қоймады: бұл жағдайда патша бұрын жасамаған қадамға барады: 1808 жылғы 23 мамырда Орынбор әскери губернаторы князь Г.­Волконскийге «Орынбор шекара желісінің маңында көшіп жүрген ­қырғыздарды (қазақтар-авт.) тұтқындау туралы» атаулы Жарлық шығарылады). Осы Жарлыққа сәйкес қазақтар шекараның ішкі жағына мынадай шарттармен жіберілді: біріншіден, оларға ішкі жаққа өту үшін тек башқұрт мұсылмандары арасында қоныстануға рұқсат етілді. Қоныс аударуға әрбір көшпелі жер телімін алып, 10 жыл бойы «салық және қызметтің барлық түрлерін» төлеуден жеңілдік алды. Жаңа қоныс аударушылар шекараның ішкі жағына әдеттегі аң аулау үшін қолданған садақ пен жебеден басқа қару-жарақсыз өтті. Осы Жарлықтың шығуы қазақтардың Жайықтың оң жағалауына көшуінің көбеюіне әкелді: XIX ғасырдың 20-жылдарына қарай шекараның ішкі жағындағы қазақтардың саны 20 мың адамға жуықтады. 23 мамырда қазақ балаларын орыстардың сатып алуына және оларды біртіндеп империяның ішкі уездеріне өткізуге қатысты екінші жарлық шығады.
1808 жылдан бастап қоныс аударған қазақтардың басым көпшілігі башқұрт кантондарының аумағында тұрды. Тіпті «Байсакаловка» деп аталатын бүтіндей ауыл құрылды, онда 1818 жылға қарай шамамен 300 тұрғын болды және олардың барлығы башқұрт класына өтті. Байсақалдықтар үлгілі қоғам болып көрінді: олардың арасында отырықшы-егіншілік өмір салтына көшуде қандай да бір қылмыс пен теріс қылық жасау жағдайлары тіркелмеді. Мұрағат құжаттары олар туралы былай дейді: «олар үйлермен жабдықталды, мешіті мен училищесі бар, егіншілікпен айналысады, өз жағдайы бойынша мал өсіреді». Олардың көпшілігі бай башқұрттарға, түрлі жұмыстарға жалдануға мәжбүр болды, көбінесе жалақыға өздерінің орнына мигрант қазақтарды әскери қызметке жіберуге тырысты.
Шекаралас қазақтардың бір бөлігінің желінің ішкі жағына қоныс аударуы оларды аштықтан құтқарғанына қарамастан, башқұрттар арасында оларды жинақы және отырықшы қоныстандыру іс жүзінде болған жоқ. Қазақтар мен башқұрттар арасында 1755 жылғы оқиғаға байланысты бұрыннан келе жатқан кикілжің болған еді (сол кезде Кіші жүз қазақтарының бір бөлігі Орынбор генерал-губернаторы И.Неплюевтің айдап салуымен, қазақ жерін паналап келген 50 мыңдай башқұрт отбасыларының мүшелерін талқандаған болатын-авт). Башқұрт старшындары қазақтарға жер телімдерін бермеуге тырысты. Бұл уақытта олар өздері де жерлерін Ресей помещиктеріне ысырапсыз жаппай сатудың салдарынан жерден таршылық көріп жатыр еді. Қазақтардың башқұрт сословиесіне көшуі оларды көпжылдық армиялық қызметіне мәжбүрледі, бұл далада еркін өмір сүріп үйреніп қалған қазақтарға ауыр тиді. Отырықшы өмір салтын ұнатпайтын көшпенді қазақтардың менталитеті өзгеше еді. Сондықтан кейінірек олардың едәуір бөлігі өз даласына қайтып оралды. Бірақ қазақтардың башқұрттарға әскери қызметке жалдануы сияқты құбылыс кең таралды, содан кейін олардың кейбірі француз әскерлеріне қарсы ресейлік тұрақты емес әскер құрамында батыл шайқасты.
1812 жылы I Наполеон әскері Ресей аумағына басып кірді. Орыс халқы үшін отан соғысы басталды, оған Ресей этностарының өкілдері де қатысты. Өте күрделі жағдайда 1812 жылғы 6 шілдеде патша Үкіметі империя халқына Ресейді шетелдік басқыншылардан қорғау қажеттілігі туралы үндеу жасады, ол туралы ақпарат Орынбор өлкесінің генерал-губернаторы Г.Волконский арқылы шалғайдағы қазақ ауылдарына да жетті. Манифест татар тіліне аударылып, мұсылман халқы арасында, соның ішінде дала тұрғындары арасында да жарияланды.
Осыдан кейін Ресей мемлекетін қорғау үшін Орынбор аймағы әр түрлі халықтардың өкілдерінен тұратын 31 атқыштар полкін азаттық соғысқа жіберді, олардың ішінде 5 Орынбор, 5 Жайық казагы, 19 башқұрт және 2 тептяр полкі болды. Қазақтардың дербес әскери құрамасы болған жоқ, бірақ олар соғысқа көпұлтты Ресейдің орыс, қалмақ, татар және башқұрт сияқты басқа халықтарымен бірге белсене қатысты. Негізінен қазақ неофиттерінің едәуір бөлігі башқұрт және тептяр полктері мен Орынбор полктерінің құрамында соғысқан. Мәселен, генерал М.Платовтың казак корпусына кірген I тептяр полкінің құрамындағы қазақтар француз басқыншыларымен атақты Бородино шайқасында ерлікпен шайқасқан: осы шайқасқа қатысқаны үшін қазақ жауынгері Майлыбайұлы күміс медальмен марапатталған, ал старшина Қарынбай Зындағұлы көгілдір ленталы медаль алған, батыр жауынгер Мұрат Құлшаранұлы мен Ерік Азаматұлы чин хорунжи атағын алған. Француз басқыншыларымен болған шайқастарда жауынгер Боранбай Шәушбайұлы мен жасауыл Ықсан Әубәкірұлы ерлік көрсетті. Вязьма түбіндегі шайқаста I Тептяр полкінің жасауылы Сағит Хамитұлы 3-дәрежелі Әулие Анна орденін алды. Башқұрт құрамасында шайқасқан Нарынбай Жанжігітұлы Георгий орденінің кавалері болды. Осы полктерде басқа қазақтар да шайқасты. Мысалы, Әмен ­Байбатырұлы Лейпциг және Глогау түбіндегі шайқастарда көрсеткен ерлігі үшін күміс медальмен марапатталды. Көптеген қазақтар орыс әскерлерінің шетелдік жорықтарына қатысты.
Соғысқа қатысқандардың арасында шоқынған қазақтар да аз болған жоқ. Мысалы III Орынбор полкінде қызмет еткен Яков Беляков орыс қолбасшысы М.Кутузовтың қолынан марапатқа ие болды. Кейін ол зейнетке шығып, туған ауылына оралып, мұсылман дініне қайта оралды. Соғысқа қатысқан кейбір қазақтардың найза, сойыл, айбалта, шоқпар, қылыш және садақ сияқты ұлттық қару-жарақтары болды.
Соғыс басталғаннан кейін қазақ-­орыс саудасы күшейе түсті. Майданға мал, тамақ және киім керек болды. Ішкі Орда мен Кіші және Орта жүз қазақтары көп мөлшерде жылқы жеткізіп отырды. Мәселен, 1804-1815 жылдар аралығында Ішкі Орда қазақтары соғыс мұқтажына 47,2 мың жылқы сатқан. Шығыс Қазақстанда Риддер, Зырян кеніштерінде жұмыс істеген қазақтар Ресейге қорғаныс қажеттіліктері үшін 22 мың рубль, ал Елтон тұз кенішіндегі қазақтар әскерлерге 1 миллионға жуық пұт тұз жинады. Қазақтар тарапынан мұндай көмек жағдайлары аз болған жоқ.
Қазақтардың француз басқыншыларына қарсы орыс халқының азаттық соғысына қатысуының үлкен тарихи маңызы болды, қазақ және орыс халықтары арасындағы қарым-қатынастарды жақсартуға қолайлы әсер етті. Бұл құлдық қаупі туғанда екі халықтың алғашқы бірлескен жауынгерлік бауырластығы болды. Дала халқы қанды шайқас алаңында олардың жауынгерлік рухының қаншалықты күшті екенін көрсетті. Бұл жылдардың қазақтар үшін ауыр болғанына қарамастан, 1822-1824 жылдары Кіші және Орта жүзде мемлекеттілікті жою басталды, ол ұлт-азаттық көтерілістермен қатар жүрді.
Енді осы соғысқа және орыс армиясы­ның Батыс Еуропаға жорықтарына қатысқан қазақтардың нақты саны туралы айтайық. Әлеуметтік желілерде бұл кездегі қазақ жауынгерлерінің саны өте жоғары болғаны жайлы бұрмаланған мәліметтер бар: «Орыс патшасы І Александрдың өтініші бойынша Ұлы жүз 50 мың шабандоз, Орта жүз 12 мың шабандоз, Кіші жүз 30 мың адам бөлді». Бұларды қоссақ 92 мыңға жетеді. Әлбетте, бұл сандар дұрыс емес, бұрмаланған және асырып көрсетілген. Неліктен бұлай болды:
Біріншіден, Ұлы жүз аумағы Ресей империясына XIX ғасырдың 50-60 жылдарында әскери жолмен, зорлық-зомбылық арқылы қосылды. Әлі Ресейге бағынышты болмағандықтан да Ұлы жүз қазақтары Ресей жағында соғыса алмайтын еді.
Екіншіден, 1810 жылы Кіші жүз қазақтарынан ең құнарлы деген Елек қаласының жалпы ауданы 600 мың десятина жері тартып алынды, бұл қазақтардың наразылығын тудырды және кейінірек Жоламан Тіленшіұлы бастаған көтеріліске алып келді. Бұл жағдайда Батыс Қазақстанның ­Новоилецк ауданынан қоныс аударған қазақтар осыншалық мол жауынгер бере алмайды.
Үшіншіден, қазақтардың шекара сызығын кесіп өту оқиғасының әрқайсысы казак әскерлері өкілдерінің рапорттарында нақты белгіленіп отырды: екі аптада бір рет Омбы мен Орынборға қазақ даласымен шекарадағы жай-күй туралы кезекші мәліметтер беріліп отырды. Біз көптеген ресейлік мұрағаттарда жұмыс істей отырып, осыншама дала қазақтарының қарумен көшіп жүргені жайлы мәлімет таппадық.
Төртіншіден, шекара шебінің ішкі жағына дала қазақтары ерекше жағдайларда ғана, сондай-ақ атыс қаруынсыз өтті.
Бесіншіден, осы соғыста марапатталған дала тұрғындарының саны 10-нан әрең асады.
Бір айтарлық жайт, француздарға қарсы соғыс қимылдарына 1808 жылғы 23 мамырдағы екі жарлық бойынша, XIX ғасырдың басындағы жаппай ашаршылық жылдарында бұрын христиан дінін қабылдауға мәжбүр болған дала қазақтары және башқұрт кантондарына өткізіп жіберілген кедейленген қазақтар қатыса алды. Сондай-ақ теориялық тұрғыдан Ресей жағында соғысып жатқан армия құрамына 1801 жылдан бастап Жайық пен Еділ өзендері аралығындағы аздаған Бөкей қазақтары берілуі мүмкін еді. Қарапайым есеп бойынша, француздарға қарсы соғысқа қатысушылардың саны 5 мыңнан 10 мыңға дейін болуы мүмкін. Бұл үшін қосымша зерттеулер қажет, француз мұрағат қоймаларында да зерттеу жүргізу қажет.

Зиябек ҚАБЫЛДИНОВ,
тарих ғылымдарының
докторы

Тағыда

Ұқсас жаңалықтар

Пікір үстеу

Back to top button