SportӘлеумет

«Жұлдыздың» жетістігі

img_20161202_134605-3-asli

«Сарыарқа» велотрегінде орын тепкен «Жұлдыз» көркем гимнастика мектебі «Саламатты Қазақстан» мемлекеттік бағдарламасына сәйкес ашылған. 

Мектеп елордалық жеткін­шектерді көптеп тартып, еліміздегі көркем гим­нас­тиканың дамуына жаңа серпін беріп келеді.
Еліміздің ұлттық құра­масының жеткіншектер тобына осы мектептің тү­лектері еніп отырғанын «Жұлдыздың» жетістігі деп айту керек. Селина Жұматаева, Медина Нұрғали, Азалия Бейбітова, Дара Затынбек секілді спортшылар – «Жұлдыздың» мақ­танышы.
Жас өрендерді көркем спортқа білікті жаттықтырушылар, хорео­графтар дайындайды. Ерекше ептілігі бар, тал бойында міні жоқ қыздардың арасынан жұлдызы жанып тұрғандарының талантын байқап, шеберлігін шыңдайтын – бапкерлер. Солардың қатарында Айжан және Гүлжан Жолымбетовалар да бар. Егіз қыздар – көркем гимнастикадан спорт шеберлері. Алты жасынан бас­тап спорттың осы түрімен ай­налысқан қыздар қазір мектепте жаттықтырушы болып қызмет етіп жүр. Айжан үш жарым жас­тан енді асқан балдырғандармен жұмыс істесе, Гүлжан жасөспірім қыздарды баптайды.
– Орыстың Мария театрының білікті ұстаздарының ойлап тапқан өнер мен спорттың ұш­тасқан түрі өткен ғасырдың қырқыншы жылдары пайда болды. 1984 жылдан бастап Олимпиада ойындарының тізіміне енгізілген болатын. Көркем гимнастикадан алдына жан салмайтын ресейлік спортшылар екені даусыз. Алайда үлкен додада бақ сынаған қазақстандық гимнастшыларымыз да жоқ емес. «Жұлдыз» сияқты барлық өңірлердегі мектептер қазақ қыздарының жұлдызды сәттеріне даярлық жасап жатыр деуге әбден болады, – деді жаттықтырушы Айжан Жолымбетова.

bishi-asli
– Спорттың бұл түрі қыз­дардың тұлғасының әсем болып қалыптасуына, әсемдікке, тіпті бәсекеге де баулиды. Бір-бірінен қалыспауға қай­рап, намысын шыңдап, тек жетістіктерге жетелейді. Мұн­дай қасиеттер адам бала­сының өмірінде де керек, – дейді егіз­дің сыңары Гүлжан.
Көркем гимнастика – бұл тек ептілік, күш және төзімділік қана емес, ұршықтай үйіріліп, мың бұралып билеуді де талап етеді. Одан басқа, гимнастикалық бұйымдарды шеберлікпен қолдана білу қажет. Шеңберді белінде шыр айналдырып, әуелете лақтырған допты қағып алып, жібек лентаны шатастырмай, «булава» дейтін білемді қолындағы қамшыдай шыр үйіру керек. Балеттің бір бөлігі болған соң, музыка және хореографиямен байланысы тағы бар. Демек, спортшылардан ырғақ сезімі мен әуенділікті талап етіп, қозғалыстардың мәнер­лілігіне мән береді. Бұл бал­дыр­ғандардың эстетика­лық тал­ға­мын шыңдауға жәрдемдеседі.
«Жұлдыздың» да жұлдызды сәттері әлі алда. Десе де, жас қыздардың бой-тұлғасының жарасымды дамып-өсуіне, денінің саулығының негізін қалайтын мектептің жұмысы өте маңызды. Мұнда сәмбі талдай иілген, тал бойында міні жоқ қазақ қыз­дарының қатары өсіп келеді.

Айгүл УАЙСОВА

Тағыда

Айгүл Уайсова

Ақпарат саласының үздігі

Ұқсас жаңалықтар

Пікір үстеу

Back to top button