ӘлеуметҚоғам

Кәсіпкер келіншек

nazgul-makzhan-asliҚоғамда белсенді әйелдер көп. Солардың бірі әрі бірегейі – Назгүл Мақжан. Бірегей дейтін себебіміз, энергетика саласында бизнесін бастаған келіншек аз уақыттың ішінде өз ісін дөңгелетіп үлгерді. Биыл Назгүл Сейітқожақызы басқаратын «Astels» ЖШС кәсіпорыны  энергетика саласы бойынша еліміздегі ең үздік 10 компанияның құрамына енді.

Назгүл Мақжан – Ақмола өңірі­нің тумасы. Мамандығы – заңгер әрі экономист. Қара­пайым отбасынан шыққан ол еңбек жолын жарнама менеджері қызметінен бастап, «Көкшетау» газетінде журналист, одан кейін ҚР Ішкі істер министрлігі Қылмыстық-атқару жүйесі комитетінің Ақмола облысы бойынша департаментінде арнайы жасақталған бөлімнің жедел уәкілі болып еңбек етті.
«Бұл жерде 5 жылдай жұ­мыс істедім. Мойындаймын, өз қызметімді дұрыс атқар­ғаныммен, мұнда ұзақ уақыт істей алмайтынымды ұқтым. Бар ойым кәсіппен айналысу болды. Кейін Қазақстан Коммунистік Халық партиясы баспасөз қызметінің жетекшісі болдым. Саяси ұйымның оң имиджін қалыптастыра жүріп, кәсіп ашу туралы ойымды пісіп-жетілдірдім. Нәтижесінде бизнеске бет бұрып, энергетика саласында қабілетімді сынап көргім келді» дейді кәсіпкер.
Әрине, бизнес бастау оңай емес. Назгүл бұған дейін бас­пахана саласында өзін әбден шыңдаған. Кәсібін белгілі бір деңгейге жеткізгеннен кейін өзін жаңа қырынан танығысы келіп, алты ай бойы қолынан келетін барлық бизнес бастамаларды сараптайды. Соңында тың салаға бет бұрғанды жөн көреді. «Менде бизнес жоспарлар көп болды. Алдымен бәрін зерттеп шықтым. Қай салада бәсеке көп, қай жоба табыс әкеледі, қандай кәсіп сұранысқа ие екеніне талдау жүргіздім. Сөйтіп, 2015 жылы кәсіпкерлікке бет бұрдым. Аздап жинаған қаражатым болды. Жанымдағы сенімді адамдармен ақылдаса келе, шетелдік белді компаниямен әріптестік орнату үшін келіссөз жүргіздік. Нәтижесінде Оңтүстік Корея­лық «LSIS» компаниясы біздің ұсынысымызды қабыл алды. Олар бізге Қазақстан аумағында өкіл болу құқығын берді. Сөйтіп, әріптестік аясында бірлескен жобалар құрып, Астанада энер­­гетика саласындағы вакуум­ды ажыратқыш өндірісін шыға­руды бастадық» дейді Назгүл Мақжан.
Айта кеткен жөн, аталмыш компания – дүние жүзі бойынша электрмен қамтамасыз ету, автоматтандыру және жасыл технология салаларының көшбас­шысы. Сондықтан мұндай ірі ұйыммен байланыс орнатуда мықты стратегиялық жоспар мен қарым-қабілет керек-ақ.
Бүгінде Назгүл басқаратын кәсіпорын кернеуі 10 кВ-тық AVL-1200 атты қазақ бренді болып табылатын вакуумды ажыратқыш өндірумен айналысады. Ірі тұтынушыларының қатарында аймақтық электр желілік компаниялары, Астана электротехникалық зауыты, Қара­ғанды, Павлодар, Екібастұз, Көкшетау, Алматы қалаларының кәсіпорындары бар. Ал сапасына келсек, отандық өнім әлемге танымал Siemens, ABB, Shnyider секілді баламаларымен бірдей. Халықаралық IEC стандарттарына сай келетін өнімнің құны нарықтағы бағадан 30%-ға арзан.
Бизнесте өрлеу болғаннан кейін, құлдырау да болады. Кә­­сіп­кер алғашқы кездері эко­но­ми­калық қиындықтардың бол­ғанын жасырмады. Теңгенің құлдырауымен сәйкес келген бизнес жоспарлар бастапқыда еш­қандай пайда әкелмеген көрі­неді.
«Мойындаймын, істі бастаған уақытта шығынымен есте қал­ды. Бірақ біз стратегиялық жоспары­мызды қайта қарадық. Тәуекел еттік. Сенімді қызмет­кер­лерімнің қолдауымен бұл қиындықтарды да артта қал­дыр­­дық. Қазір мамандарымыз­ды компания есебінен біліктілігін арттыру үшін шетелге жиі жібереміз» дейді Назгүл Мақжан.
Жасыратыны жоқ, энергетика саласында көбіне тек ер кісілердің аты аталады. Бірақ Назгүл екі-үш жылдың ішінде алып кәсіпорындардың басшыларымен кездесіп, сенімдерін ақтаған. Келіссөз жүргізуде сауатты маман екенін көрсетумен қатар, әйел адам ретінде кәсіби қолдау білдіретін азаматтардың көп екеніне қуанады.
Елбасы осы салада жүрген азаматтарға бизнестің әлеу­мет­тік жауапкершілігі туралы жиі айтады. Білікті басшы ретінде танылған Назгүл қайырымдылыққа келгенде үнсіз қалған емес. Жалғызбасты аналар мен жетімдерге, қарияларға, мүмкіндігі шектеулі азаматтарға, сонымен қатар дағдарыс орта­лықтарына қол ұшын созуды көздейтін «Шапағат» халықтық жобасының үздіксіз жұмыс істеуіне үлес қосып келеді. Қыз­меткерлеріне жоғары жалақы төлегені өз алдына, балалары ауыр науқасқа шалдыққан отбасыларға ай сайын қомақты қаражат аударып отыруды өзіне міндет санайды.
Отбасында шаңырақты, түзде кәсібін жайқалтып отырған жанның бойында басшыға тән барлық қасиет бар. Мемлекеттің қолдауын күтпей-ақ, өз ісін алға сүйрейтін Назгүл Мақжан сияқты іскер қыз-келіншектердің қатары қоғамда көп болса екен деп тілейміз.

Гүлмира АЙМАҒАНБЕТ

Тағыда

Ұқсас жаңалықтар

Пікір үстеу

Back to top button