Қала мен Сала

Жылы аялдамалар көбейеді

Елорданы дамытудың 5 жылға арналған бекітілген кешенді жоспарына сәйкес, қаладағы жол және инженерлік инфрақұрылым мәселелері біртіндеп шешілуде. Оның ішінде жылы аялдамаларды іске қосу да бар.

Жуырда «Жағалау» ша­ғын ауданында да ақылды аялдама пайда болып, соңғы кездері саны айтарлықтай көбейген тұрғындарын қуантты. Қаланың шеткері аудандары мен оң жағалаудағы кейбір көше тұрғындары да қала әкімімен кездесу барысында суықтан, желден, жаңбырдан қорғайтын ақылды аялдама қажеттілігі туралы мәселе көтергені белгілі. Нұр-Сұлтан қалалық әкімдігінің Жол қозғалысы қауіпсіздігі және көлік инфрақұрылымы бөлімінің басшысы Руслан Әбдуалиевтің айтуынша, бүгінгі таңда жылы павильондардың 76 бірлігі қаланың оң жағалауында, 27-сі сол жағалауда орналасқан. «Басқарма арқылы 2015 жылы – 27 бірлік; 2018 жылы – 57 бірлік аялдама, сондай-ақ, қаланың аудан әкімдіктері арқылы – 4 бірлік, «Астана» ӘКК (әлеуметтік кәсіпкерлік корпорациясы) «ҰК» АҚ инвесторларын тарта отырып, 14 бірлік аялдама пайдаланылуға берілді. Жабық аялдамалық павильондар қаланың аялдама бекеттеріндегі жолаушылар ағындарына талдау жүргізу негізінде жабдықталған. Ол жерде әлеуметтік маңызы бар нысандардың (білім беру, денсаулық сақтау және т.б.) болуы да ескеріледі. Қазіргі уақытта Басқарманың жабық павильондарды құру жоспары қарастырылмаған, өйткені бұл бағдарлама инвесторлар есебінен мемлекеттік жеке серіктесті тарту арқылы жүзеге асырылатын болады. Ағымдағы жылдың соңына дейін «Астана» ӘКК »ҰК» АҚ инвестициялық жобасы аясында инвесторлар есебінен аялдамалардың жабық күту павильондарын бөлшек сауда орындарымен (12 бірлік) жабдықтау жоспарлануда. Интервалды қысқарту кезінде аялдамалардың жолаушылар сұранысына толық жауап беретіні ескерілді, егер қажеттілік туындаса, онда қосымша аялдамалар орналастырылады» дейді Жол қозғалысы қауіпсіздігі және көлік инфрақұрылымы бөлімінің басшысы.
Ал енді осы ел игілігі үшін деп қыруар қаржыға салынған аялдамалардың бұзақылардан қорғалуы қалай? Оны айтып отыр­ғанымыз – биылғы қыста екі мас адамның Момышұлы мен Сәтбаев көшелеріндегі аялдамаларды әдейі қиратқанын білеміз. Жол қозғалысы қауіпсіздігі және көлік инфрақұрылымы бөлімінің басшысы Руслан Әбдуалиевтің айтуынша, Нұр-Сұлтан ІІБ жедел басқару орталығы күнделікті қоғамдық тәртіпті және тәртіпті қадағалайды. Қоғамдық көліктің тоқтау нүктелерінде ереже бұзушылық анықталған жағдайда, шара қолдану үшін полиция жасағы жіберіліп, бұл жағдайларды азайту үшін профилактикалық жұмыс­тар жүргізіледі.
Елорда әкімі Алтай Көлгінов қала тұрғындарымен кездесуде биылғы жылы елорданың шет аймақтарын дамытуға, инженерлік желілер, жолдар мен абаттандыруға 7,5 миллиард теңге бөлінгенін айтқан болатын. Қала әкімі 16 тұрғын үй алабына барған кезде «Железнодорожный» теміржол станциясы тұрғындары өздері үшін өзекті аялдама проблемасын жеткізген еді. Арнайы мәліметке қарағанда, осы жылдың үшінші тоқсанында «Железнодорожный» теміржол стансасы «әскери бөлім» аялдамасында жабық павильон (жылы) орнатылыпты. Аялдаманың қажеттілігін жеткізгендер арасында Интернациональный тұрғын үй алабы тұрғындары да бар. Алдағы күндері ҚР Құрылыс нормалары мен ережелері «Астана қаласын жоспарлау және дамыту» құрылыс жобасы аясында стандартты қашықтықтарды ескере отырып, Қосшығұлұлы мен «Интернациональный» тұрғын үй алабында қоғамдық көліктердің аялдамаларын ұйымдас­тыру қарастыралмақ.

Тағыда

Ұқсас жаңалықтар

Пікір үстеу

Back to top button