Sport

Боз кілемде – әлем балуандары

Елордада өтіп жатқан грек-рим, еркін және әйелдер күресінен әлем чемпионатына 105 мемлекеттен мыңнан астам балуан жиналды. Өткен сенбі күні жалауы көтерілген әлемдік доданы Премьер-министрдің орынбасары Бердібек Сапарбаев пен Нұр-Сұлтан қаласының әкімі Алтай Көлгінов ашты.Қазақстан астанасында осы чемпионаттың бекерден-бекер ұйымдастырылмағанын, күрес десе делебесі қозбайтын қазақтың жоқтығын айтқан Б.Сапарбаев соңғы бес жылда Елбасы бастамасымен елімізде 5 мыңға тарта спорт нысаны салынғанын атап өтті. А.Көлгінов өз кезегінде Нұр-Сұлтан қаласына осындай ірі жарысты өткізу мәртебе екенін, бұл ел және шаһар тарихында айтулы оқиға ретінде қалатынын айтты.
Әлем чемпионатын ұйымдастыру комитетінің төрағасы Ерлан Қожасбайдың айтуынша, жанкүйерлер жарысқа үлкен қызығушылық танытып, онлайн түрде 25 мың билет сатылды. Чемпионаттың бір ерекшелігі, мұнда келесі жылы Жапония астанасы Токиода өтетін жазғы Олимпиадаға жолдамалар сарапқа салынады.
Чемпионатта күрестің 3 түрінен 10 салмақ дәрежесі бойынша жеңімпаздар анықталады. 22 қыркүйекке дейін жалғасатын доданың алғашқы күндері бірнеше салмақтағы чемпиондар белгілі болды. Атап айтқанда, 55 келі салмақ дәрежесінде Нугзари Цурцумия (Грузия) финалда отандасымыз Қорлан Жақаншаны жығып, жеңіс тұғырына көтерілді. Қорлан күміс медаль иегері атанды. 63 келіде Шинобу Отаға (Жапония) ешкім тең келмеді. Бұл салмақта Қазақстан құрамасының капитаны Алмат Кебіспаев қола медальді қанағат тұтты. 72 келіде Абуязид Манцигов (Ресей), 82 келіде Лаша Гобадзе (Грузия) чемпион болды.
Ерекше атап өтерлігі, бұл чемпионатта сырт ел құрамаларының құрамында Қазақстанда туған балуандар да боз кілемге шықты. 60 келі салмақ дәрежесінде Тараз қаласының тумасы Марат Гарипов Бразилия атынан белдесіп, қандасымыз Мейрамбек Айнағұловқа есе жіберіп алды. Ал Өзбекстан құрамасындағы қандасымыз Елмұрат Тасмұратов жапониялық Кеничиро Фумитодан жеңіліп қалды.

Тағыда

Ұқсас жаңалықтар

Пікір үстеу

Back to top button