Мәселе

Жыры бітпейтін ақылы автотұрақ

Нұр-Сұлтан қаласындай ірі мегаполисте жылдар бойы түбегейлі шешілмей келе жатқан мәселенің бірі – автотұрақ жайы. Соңғы мәліметтер бойынша, шаһарда ресми тіркелген 480 мыңға тарта көлік бар екен. Ал елордаға келіп-кететін транзит машиналар қаншама?! Міне, осы көліктердің тұрағына келгенде көлденеңдеп алдыңнан шығатын көптеген келеңсіздіктер бар. Бүгін біз солардың бірқатарын тілге тиек еткенді жөн көрдік.

[smartslider3 slider=666]

Тұрғын үйдің аулалары иін тіресіп тұрады

Қазір қаланың кез келген ауданындағы аулаға кірсеңіз, кешкі сағат 8-ден кейін көлік қоятын орын таппай қиналатыныңыз айдан анық. Тіпті жаны қысылған кейбір жүргізуші жаяу жүргіншілер жолы мен балалар ойнайтын алаңқайға дейін көліктерін қаңтарып, олардың үстінен тұрғындар полицияға шағым түсіріп, үлкен дау-жанжалмен айыппұл төлейтін жайлар да аз кездеспейді.

Қазір көптеген үйлердің ауласына тұрғындар шлагбаум орнатты. Оған тек сол үйдің тұрғындары чиппен ғана кіре алады. Ал басқа келімді-кетімді адамдар қайтеді?!

Көліктерін жолдың бойына қояды. Немесе кез келген бос жерге жайғастыра салады. Бірақ түптеп келгенде, көшенің бойына да, кез келген бос тұрған алаңқайға да көлік қоюға болмайды. Бұл жол ережесін өрескел бұзу болып саналады.

«Қаншама рет, аудандық әкімдікке де, жол полициясына да хат жаздық. Көп нәтиже бола қойған жоқ. Аулада кіреберіске иін тірестіріп көлік қойып тастайды. Машина түгілі, жаяу жүргіншінің өзі әрең өтеді. Ал түнде біреу-міреу ауырып, жедел жәрдем шақырса, ол қалай кіреді аулаға» дейді қала тұрғыны Алпамыс Ерғали.

Кейбір жүргізушілер ауладан орын таба алмай көліктерін жолдың бойына қойып кетіп, ұрылардың құрбаны болған жайлар да кездеседі. Мәселен, биыл шілде айында Шәкен Айманов көшесінде жол жиегінде тұрған бір автомобильге түнде ұры түсіп, біраз нәрселерін қолды қылып кетсе, І.Есенберлин көшесінің бойында тұрған бір көлікті ұрылар айдап кеткен.

Құзырлы органдар осы қиындықтан шығудың жолдарын іздеп-ақ бағуда. Республика даңғылы бойынан заман талабына сай 250 орындық төрт деңгейлі паркинг салу жоспарланды. Ал осыдан төрт-бес жыл бұрын бірі – Ақорданың маңайында, екіншісі – Министрліктер үйінің артында 1600 орындық жерасты паркингінің құрылысы басталатыны туралы едәуір сөз болып еді. Алайда «инвестор табылмады» деген желеумен бәрі аяқсыз қалды.

Сол  жағалауда жағдай одан да күрделі

Бас қаланың жаңа бөлігінде де көлік қоятын орынның жағдайы көңіл көншітпей тұр. «Нұрлы жол» гүлзарында 2018 жылдың қаңтар айынан бастап ақылы автотұрақ қанатқақты жобасы жүзеге асырыла бастаған еді. Бастама  жақсы, идея – тың. Алғашында онда 472 орын дайындалып, 12 ақша төлейтін паркомат орнатылды. Бағасы – таңертең 8-00-ден кешкі 20-00-ге дейін әр сағаты 100 теңге болып белгіленді. Ал сенбі, жексенбі күндері тегін қоюға болады. Түскен қаржы мен айыппұлдың ақшасы қалалық әкімдіктің жол-көлік инфрақұрылымдарын жетілдіруге жұмсалатын болып шешілді.

Алайда ол теңізге тамған тамшыдай ғана. Бар-жоғы 470 орын неге жетеді? Қазір күндізгі мезгілде Министрліктер үйі мен «Нұрсая-1», «Нұрсая-2» тұрғын үй кешені аралығында көлік жүргізушілер машиналарын қоятын орын таба алмай сабылады да жүреді.

Сол жағалауға келген адам көлігін қоятын жер іздеп, кем дегенде 20 минут уақытын ысырап қылады екен. Бұл жол-көлік кептелісіне де әсер ететіні сөзсіз. «Мәдениет министрлігіне жұмысым болып келіп едім. Автомобилімді қоятын тұрақ таба алмадым. Содан алыстау да болса «Нұрсая-2» тұрғын үй кешенінің алдындағы ақылы тұраққа қойып паркоматқа ақшамды төледім» дейді Нұрсағат есімді жүргізуші.

Бірақ, көп адамдар мұнда 15 минутқа дейін тегін тұруға болатынын біле бермейді екен. Бірден паркоматқа барып төлей салады. Мәселен, сіз келген мекемеде іздеген адамыңыз орнында жоқ болса немесе шаруаңыз бес-он минуттың ішінде тез бітсе, автотұрақ орнына ақшаңызды артық төлеген болып шықпайсыз ба?

Өткен жылы «Астананың көлік тұрағы кеңестігі» ЖШС бүкіл қаладағы бос кеңестікті ақылы көлік тұрағына айналдыру жұмысымен біраз айналысыпты. Қаншама орындар белгіленіп, паркоматтар орнатылған. Бірақ мұның барлығы заңсыз болып шықты. Қала әкімдігімен нақты келісілмеген жобаның шикілігі анықталып, көлік иелерінің автотұрақ үшін төлеген ақшаларының барлығы серіктестіктің қалтасына кеткен. Сондықтан сот арқылы артық төленген ақша автокөлік иелеріне қайтарылды.

Енді мұндай қателіктерді қайталамау үшін «Астананың көлік тұрағы кеңестігі» ЖШС-ға «Нұрлы жол» гүлзарындағы ақылы автотұрақ жобасын бүкіл қала бойынша одан әрі кеңейту  мүмкіндіктерін қарастыру ұсынылды.

Жобаны кеңейту кімге тиімді?

Мамандардың айтуынша, «Нұрлы жол» гүлзарында 2018 жылы қолға алынған ақылы көлік тұрағы жобасы өзін-өзі толық ақтаған. Осы аймақта көлік қозғалысы жақсарып, жол жүру ережесін бұзу азайған. Жүргізушілердің көлікті автотұраққа қою, оған ақы төлеу мәдениеттілігі қалыптасқан.

«Жоба басталғаннан бері көлік тұрағын жетілдіру жұмыстары бір тоқтамай жүргізіліп келеді. Бұрын ақы төлеу паркоматтар арқылы жүргізілсе, қазір онлайн қосымшасы арқылы әп-сәтте төлейтін мүмкіндіктер туындады» дейді «Астананың көлік тұрағы кеңестігі» ЖШС директоры Шыңғыс Досыбаев.

Мүдделі мекемелер осы ақылы автотұрақ жобасын қала әкімдігімен келісе отырып, 10 мың орынға дейін кеңейтуді көздейді. Қазірдің өзінде Сарыарқа ауданындағы Бөгенбай батыр, Республика даңғылдары мен Есіл өзенінің жағалауындағы орындар ақылы автотұрақ үшін әзір тұрғаны айтылуда. Ал Алматы ауданында Тәуелсіздік, Мағжан Жұмабаев, Бауыржан Момышұлы даңғылдарында, Байқоңыр ауданында «Артем», «Шапағат», «Әсем» базарларының маңында ақылы автотұрақтар бой көтеретіні белгілі болды. Бұған қоса сол жағалаудағы Сығанақ, Сарайшық, Мәңгілік ел, Тұран даңғылдарындағы бұрыннан бар ақылы тұрақтарды мүмкіндігіше үлкейту мәселелері күн тәртібіне қойылды. Енді таяу уақытта елордада 5000 жаңа ақылы автотұрақ іске қосылады деп күтілуде. Олардың бағасы да сол сағатына 100 теңге болып қалатын болды.

Осы төңіректе көптеген пікірлер айтылуда. Кейбір адамдар ақылы автотұрақтардың көбеюін қолдаса, екінші бір қала тұрғындары «ашық жатқан бос алаңқайға көлік қойғанымыз үшін ақы төлейтіндей басымызға не күн туды? Бұл біреулердің жеке мүддесі ғой, сол арқылы халықтың есебінен қалталарын толтырмақшы» деп өкпе-реніштерін де білдіруде.

Осындай айтылған адамдардың орынды уәждері құлақтарына жетсе керек, Нұр-Сұлтан қаласының Қоғамдық кеңесі қала аумағындағы ақылы автотұрақ жобасын негізінен қолдағанымен, кейбір ескертпелері мен ұсыныстарын алға тартты.  Мәселен, кеңес мүшелері білім беру мен денсаулық сақтау мекемелерінің маңында, сондай-ақ тұрғын үйлердің жанында ақылы автотұрақ ұйымдастыруға қарсы болды. Ал бағаны сағатына 100 теңге емес, 50 теңге көлемінде белгілеп, адамдар жаңа жобаға үйреніп, қалыптасып кеткенше үш айға дейін айыппұл салуды тоқтата тұруды ұсынды.

Осы тұрғыда мүдделі шенеуніктер Нұр-Сұлтан қаласы Қоғамдық кеңесі мүшелерінің сын-ескертпелері мен ұсыныстарын жан-жақты ескеріп, жобаны көпшілікке тиімді болатындай етіп жетілдірсе, құба-құп болар еді.

 

Тағыда

Таңатар Төлеуғалиев

«Астана ақшамы» газетінің тілшісі

Ұқсас жаңалықтар

Пікір үстеу

Back to top button