Мәселе

Бала бағып, қазан жалаған еркектер

Осы жазда көрші елден келген ағайындар бірер күн қонақ болған еді. Барынша құрмет көрсеттік. Бас қаламыздың ұялмай көрсететін жерлерін түгендеп болып, саябақ араладық, анда апардық, мұнда бардық дегендей. Қайырылысар сәтте қонақтарым қарап тұрмай: «қалаңызда қарттар жоқтың қасы екен, еркектерің көшеде арбасын итеріп, сәбиін өбектеп жүр. Бала бағу әйелдің міндеті емес пе еді?» деп мін тақты.

[smartslider3 slider=667]

Ұялып қалдым, бұл ағайындардың ерлер отырған жерге әйелдердің басып кірмейтінін, тіпті үй тола құрдастары болса да астың қамымен жүрген әйелінің атын атамай, үлкен ұлының атымен атап шақыратынын білуші едім.

Астанамыз – жастар қаласы. Қала көшелерінде орта жастан асқандар болмаса, ақ сақалды қарияларды кездестіруіңіз екіталай. Ал сырт көзге ерсі көрінген жас әкелердің әрекетіне келсем… өзімнің де етім үйренгені соншама мән бермейді екенмін.

Расында да, көпшілік орындарда жас жұбайлардың үйдегісін түзде көрсетіп қалатыны  бар. Аңлап қарасам, келіншегі екі қолын беліне таянып күйеуіне памперсті қалай ауыстыру қажеттігін түсіндіріп жатқанын жиі көреді екенмін. Содан саябақтарда бесік арба сүйреткен апталдай азаматтардың жүрісі де ыңғайсыз көріне бастады. Ері мен баласын көшеге жалғыз жіберетіндей үйіндегі келіншектің қай шаруасы бітпей жатыр екен? Есті әйел болса, тірлігін ерте тындырып бірге сейілдемес пе? Одан бұрын баланың боғына былғанып, көз жасын сүртумен жүргенде азамат алдындағы маңызды тірлікті атқаруға ойы бөлініп, ынтасы бола қоя ма? Ұсақтық осыдан басталады. Бұл не сонда, гендерлік саясаттың жемісі ме, әлде бала туғанын міндетсінген кесір келіншектің жеңісі ме?

Қазақта «қазанға жолама, қарасы жұғады, қатынға жолама жаласы жұғады» дегендей еркекті екі нәрседен сақтандыратын. Соған қарамастан, бүгінгі ер-азамат үй тірлігіне жиі араласатын болды, бұрындары ондай еркектерді «қатынбасшы, не қазанбасшы» деп жақтырмаушы едік. Ал қазіргі әйелдер бар тірлігін ерлерге табыстап, еркектің ығында емес, барған сайын қоғамнан жайлы орын іздеп, «көше» жағалап кетті. Еркегін ашса алақанда, жұмса жұдырықта ұстаған соң өзгенің де бетінен алып, кісінің бетін ши қылудан тайынбайды. Өйткені қазіргі жастардың дені жалғызбасты ананың еркесі болып, әйел-басшы бақшада тәрбиеленіп, әйел-директор мектепте білім алған. Шөпжелкені құдайындай көріп және оған бағынуға арланбайтын, жаратылысына тән жауапкершілік жүгінен қашатындардың толқыны бүгінде балалы болып отыр. Олардың жартысы арба сүйретіп аулада жүр. Айдағанға көнбейтіні, әйелдің айтқанымен жүрмейтіні жексұрын болып, қатарластарының сүйкімсізіне айналады.

Сол кербездер қыз кезінде «нағыз жігітке» тұрмысқа шығам деп армандаушы еді. «Нағыз еркектер олай етпейді, бұлай демейді» дегендей белгілі бір стандартты негізге алатын. Енді қолдарына нағыз еркек түскенде, қадірін білмей бұларың не дейтіндер табылар ма?! Әйелдерге тән мінез – нәзіктік, ұстамдылық, сыпайылық, салиқалы жанның жылулығы қайда қалды? Тұрмысқа дейін нағыз еркекті армандаса, табалдырық аттай сала қолын сыбанып күйеуін дегеніне көндіруден істі бастайды. Мұндайда ерлердің еңбексүйгіштігі, табандылығы мен байсалдылығы жеңбесе шаңырақ шайқалады. Әйелдің осы әлсіздігін жеңгенде отбасы сақталады әрі еркек өз жаратылысына көлеңке түсірмейді. Балалары бір шаңырақтың астында үйлесімде өмір сүріп, бағы жанған жандардың қатарын толтырар еді ғой. Алайда осы қасиет бір мүддеде тоғыспай, екі жарылуда. Одан шыққан ұрпақ отбасылық үйлесімді білмей, өзге жынысты адамдармен бірге тұрудың мәнін де ұқпай адасып жүр, ажырасып жатыр. Егер де жігіттің сағын сындырып, бала күтушісіне айналдырғандардың немесе бала өбектеген еркектің артын қазса, аржағында жалғызбасты шешелері тұрады.

Адамзат жаратылғалы пенденің жылы ұясындай болып отбасы деп аталатын институттың ертеден келе жатуының себебі белгілі бір заңдылыққа негізделгендігінен болар. Ер адам – отбасының сыртқы әлеммен қарым-қатынасын ұстап тұратын, мал табары, қорған-қамалы. Әйелі күйеуінің жел жағына шықпай жүріп, үйінің де ағайын-туыстың ара-қатынасын үйіріп әкетіп, тірлігін дөңгелетіп, игілікке бірге қол жеткізеді. Осылайша әрқайсысы жөні мен жолын білуі, ортақ ұяларының іргесін бекіте түседі. Бұл адам табиғатына тән.

Енді ерлі-зайыптылардың маңдайына жазған жаратылысын місе тұтпай, әйелдің еркек болғысы келгені немесе ерлердің әйелдікке дейін төмендеуі – бүгінгі заманның бақытсыздығы.

Қасіреті деп айтпаймын, өйткені адам бәріне көндігеді. Ерлер қасқайып қарсы тұрмай тізесін бүксе, әйел билеген заманға да жетеміз. Жер ортасынан асқан әйел ретінде айтарым, оның да қайыры аз. Отбасында өзінің орындарын білмей, ерлердің рөлін ойнауға ұмтылуы түбі жақсылыққа жеткізбейді.

Бұрындары әкелеріміз биік болатын, ер болу – бұл, ең алдымен, әйел болмау, әйелдік әлсіздіктерді мойындамай, одан бас тарту еді. Ол жыламайды, өз сезімдері туралы сирек айтады, көп сөйлемейді, іспен көрсетеді. Өйткені нағыз ер адам алдына мақсат қойып, оған жетуге әрекет етеді. Ер адам мейірлі әке, дос болуды біледі, жауапкершіліктен қорықпайды,  сабырлы, өзіне сенімді, өз пікірі болады.

Бір жағынан, біздің әкелерімізге оңай болды. Ол кезде ер-азамат ортасында сыйлы болды, кеңестік идеология абыройын асқақтатып, нағыз ердің тұлғасын қалыптастырды. Олар – отан қорғаушылар, олар – космосты бағындыр­ғандар, олар – тыңгерлер, олар тағысын тағылар. Олар үшін алынбайтын қамал болмайтын. Әдебиет те, мәдениет те, кино да ер-азаматтың зор тұлғасын сомдады. Ол кезеңде жасық жігіттерге жол жоқ еді. Алайда сол кеңестер одағында ұзақ ғасырлық «құлдықтан» кейін, әйел бостандыққа шыққысы келді де жаратылысынан жерініп, сайып келгенде кімге ұқсарын білмей, ерлердің дүние­сіне жармасты. Құдайдың бергенінен бас тартып, еркекке айнала бастады. Бұл – даулы, күмәнді, бұрыс жол. Әйел өзінің шеңберінен шығып, ер адамнан кек алуға, өзінің «қадір-қасиетін» еркектен қорғауға, өзінің олардың алдында «маңыздылығын» дәлелдеуге тырысты. Бірте-бірте өзін ер адаммен салыстыруға дағдыланады. Бірен-сарандары қоғамда, билікте қатардағы еркектерден де артық жетістіктерге қол жеткізсе  де оның қандай құрбандықпен келгені бізге беймәлім. Әйел еркекке бірдей теңдік беріп қойып, мына дүниені төңкеріп алмаймыз ба?

Бөріктінің намысы бір дегендей, менде қазір қыздардың сөзін сөйлемесем  әңгімеміз бір жақты болар. Бүгінгі менмін деген жігіттің де талабы таудай. Әйелдің тұлға болып, қаражат тауып, қызмет етуін жек көрмейді. Солай бола тұра өзіне бас иіп, сенікі жөн деп көзсіз бағынғанын тағы қалайды. Осы екі ортада белгілі бір игілікке, қаражатқа қол жеткізген әйелге мінез бітетінін ескермейді. Алтын ортасын табу – ақылдылардың үлесіндегі нәрсе.

Дегенмен, әйел – тәуелді әсершіл жаратылыс. Ол айналадағылардың   пікіріне, адамдардың мінез-құлқындағы өзгерістерге қатты бағынышты келеді. Қисық қабырғадан жаратылғаннан кейін ерінің ықыласына, мейіріміне мұқтаж. Алайда ойға алған нәрсесіне қол жеткізу үшін барын салатын бірбеткейлігі бар. Оған бар  күш-қуатын сарқып, соның жолына тек жанын емес қарсы келгендердің бәрін құрбан ете алады. Тек асыл мұратқа жеткізетін жолды сілтейтін әрі бастайтын ер-азамат екенін естен шығармайық.

Баласын өбектеп, бесік арба сүйретіп, шағын бақты шыр айналған еркектер бұл тығырықтан шығар жол таба алар ма екен?! Қайдам. Меніңше, тұрмыстың қамытын еркімен мойнына іліп алып, өз жолын табуға тәуекелі жетпей жарты жолда жүрген сияқты көрінеді.

Тағыда

Айгүл Уайсова

Ақпарат саласының үздігі

Ұқсас жаңалықтар

Пікір үстеу

Back to top button