Басты ақпаратМәселе

Зілзаладан зардап шекпейміз бе?

Апат айтып келмейді. Жер сілкінісі, өрт, су тасқыны, сел, көшкін тағы басқа апаттар адамзат үшін өте қауіпті. Биылғы жылы Түркияның оңтүстігінде болған жойқын жер сілкінісінен қаза тапқандар саны 45 мыңнан асқаны белгілі. Қаншама адам жақындарынан айырылды, ондаған мың адам айдалада баспанасыз, күнкөріс табысынсыз қалды. Аурухана, мектептер мен көпқабатты үйлер сияқты мыңдаған ғимарат үйіндіге айналды. Жер бетіндегі барлық адамдар жойқын жер сілкінісінен кейін қауіпсіздік шараларын ойлап, алаңдап жүргені рас. Осы тақырып адамзат барда өзектілігін жоймайды. Өйткені елімізде сейсмикалық қауіпті мекендер баршылық. Сондықтан бүгінгі сараптамамызда жер сілкінісінің зардаптары, алдын ала дайындық жүргізу шаралары, үй құрылыстарын сапалы жасау, пайдалануға берерде құзыретті органдардың қатаң бақылауы – Құдай сақтасын, бірдеңе бола қалса, көптеген тұрғынның өмірін алып қаларын тағы да сөз етеміз.

Сейсмикалық болжам қандай?

2023 жылдың 6-ақпанында Шығыс Жерорта теңізінде бірқатар күшті жер сілкінісі және кейінгі дүмпулер болды. Жерасты дүмпулері Түркияда, Сирияда, Ливанда, Иорданияда, Иракта, Қазақстанда, Пәкістанда, Кипрде, Армения-Грузия шекарасында тіркелді. Оның зардаптарын күнделікті әлеуметтік желі мен БАҚ-тан естіп, көрдік. Ал Алматы қаласында соңғы рет жойқын жер сілкінісі 1887 және 1911 жылдары орын алған. Ғалымдардың теориясына сәйкес мұндай ірі апаттар әр 100 жыл сайын қайталанады. Түркиядағы жер сілкінісінен кейін қала тұрғындарының бойындағы үрей сезімі арта түскендей.

Әсіресе, Алматы қаласы – сейсмикалық қауіпті жерде орналасқан, мұнда жиі-жиі жер сілкінісі болып тұрады. «Ұлттық сейсмологиялық қадағалау және зерттеу орталығы» АҚ ғылым бойынша директорының орынбасары Нұрсарсен Өзбеков жуырда Алматы қаласының сейсмикалық қауіпті аймақта орналасқанын мәлімдеді. Сөзінше, мұндағы қауіп деңгейі 10 балдық шкала бойынша 9 балға тең, яғни қауіп деңгейі жоғары. «Қаланың оңтүстік бөлігі жер сілкінісі кезінде үлкен қауіп тудыруы мүмкін. Ал солтүстікке қарай қауіп кішкене болсын сейіледі. Сонымен қатар қаламызда бұрынғы жер сілкініс­терінен кейін қалған жерасты жарықтары бар екенін ескерген жөн. Біз мұндай жарықтардың картасын әзірлеп, құрылыс мамандарына береміз. Қазіргі таңда үй салу барысында бұл жарықтар да есепке алынады» дейді Нұрсарсен Өзбеков. Маманның айтуынша, қазіргі уақытта Алматыдағы жер сілкіністерін бақылау және тіркеу үшін 28 сейсмикалық станция жұмыс істейді. «Жер сілкінісі кезінде жер қыртысында әртүрлі толқындар, мысалы, беткейлік және көлденең толқындар пайда болады. Сейсмикалық орталықтар осындай толқындардың таралу ерекшелігіне байланыс­ты алдын ала хабар береді. Жер сілкінісі кезінде беткейлік толқын жылдам келеді. Оның жылдамдығы – секундына 6 шақырым. Залал әкелетін негізгі толқын – көлденең толқындар. Оның жылдамдығы – секундына 3 шақырым. Мәселен, Алматыдан 100 шақырым жерде жер сілкінсе, бізде 20 секунд уақыт бар. Бұл уақытта азаматтарға, тиісті органдарға ескертуге тырысамыз» деп қосты ол.

Нұрсарсен Өзбеков жер сілкінісі кезінде жасырынуға болатын қауіпсіз орындардың тізімі Төтенше жағдайлар министрлігінің ресми сайтында көрсетілгенін айтады. «Соңғы бес жылда Қазақстан аумағында сейсмикалық аспаптармен 40 мыңға жуық жер сілкінісі тіркелді. Атап айтқанда, 2018  жылы – 8500, 2019  жылы – 7800, 2020 – 9500, 2021 жылы – 6700, ал, 2022 жылы 6900 рет болған сілкініс тіркелді. Бұл – геологиялық аймақтың сейсмикалық көріністегі өмірі. Арнайы аппаратуралар болмаса, адамзат баласының бәрі бірдей сезе бермейтін өте нәзік сілкініс­тер дер едік мұны» деді ғалым.

Алматыда ғана емес, Астанада да жер сілкінісі байқалып жүр. Астана тұрғындары да жерасты дүмпуін сезінетіні рас. Көп жағдайда таң қылаң берген сәтте жер дүмпулері көп тіркеледі. Бұл уақытта қаншама адам шырт ұйқыда жатады. «Апат айтып келмейді», ендеше, құзыретті органдар салынып жатқан көп үйлердің сапасын тексеріп, сейсмикалық қауіпсіздігін бақылап, апат болғанда да адамдар өмірін сақтап қалуы өте маңызды. Ол үшін елордадағы құрылыс компанияларының жобалау жұмысынан бастап ғимарат салынып біткеннен кейін де сейсмотұрақтылығын қатал бақылаған жөн

Нұрсарсен Өзбеков мамандардың сейсмикалық деректерді сараптай келе, Алматы қаласы бойынша болжам барын жеткізді. 2023 жылы Алматы полигоны аумағында жеті балдық күшті жер сілкінісі күтілмейді. Ғылыми зерттеулер бойынша апта сайын қысқа мерзімді қорытынды жасалады, ол 200-ден астам болжамдық параметрлерді талдау негізінде құрастырылады. Осы тұжырымдар бойынша алдағы аптада да бәрі тыныш болады деп күтіледі» деп түйіндеді ғалым. «Түркияда ғана емес, дүние жүзінде жер сілкінісін алдын ала болжау қиын. Әсіресе, қысқа мерзімді жер сілкінісін болжау оңай емес, себебі оны ғылыми тұрғыда зерттеу қажет. Болжауға болатын жекелеген жағдайлар ғана бар, мысалы, Қытайдағы жер сілкінісі. Бірақ тұтастай алғанда, бұл – бүкіл әлемде әлі шешімін таппаған мәселе» деп атап өтті сарапшы.

Мамандар қалай жұмыс істейді?

Сейсмология институтында бірнеше мекеме жұмыс істейді. Бірі жер сілкіністеріне қатысты болжам жасаумен шұғылданса, енді бірі жерасты дүмпулерін бақылайды. Ал орталық сейсмикалық обсерватория тәулік бойы еліміздің әр жерінде орналасқан сейсмикалық орталықтардың мәліметтерін жинап, үздіксіз бақылап отырады. «Мұнда мамандар тәулік бойы, 4 ауысыммен жұмыс істейді. Келген деректерді сараптайды, жерасты дүмпулерін тіркейді. Орталықтарға заманауи сейсмографтар қойылған. Сондықтан біз Қытайдағы, Қырғызстандағы жер сілкіністерін де тіркеп отырамыз» деп сөзін бастады обсерватория басшысы Жансая Досымбекова.

Орталық басшысы Қазақстанның оңтүстік аймақтары сейсмикалық қауіпті деп танылғанын атап өтті. «Сейсмикалық қауіп деңгейі жоғары аймақтар тізіміне Алматы, Жамбыл, Түркістан, Шығыс Қазақстан облыстарын айтуға болады. Алматы қаласының өзінде бірнеше жарық бар. Дегенмен жойқын жер сілкінісі қайталанса, бұл жарықтар опырылып кетеді деген қауіп жоқ» дейді Жансая Досымбекова. Маман физикалық заңдылық бойынша әр 100 жыл сайын ірі жер сілкінісі қайталанып отыратынын айтады. Ал Алматы қаласында соңғы рет мұндай дүлей зілзала 1911 (ред. Кемин жер сілкінісі) жылы болыпты. «Аталмыш теорияны жоққа шығара алмаймыз, себебі бұл – физикалық заңдылық. Әйткенмен әр 100 жыл сайын қайталанбауы да мүмкін. Бұдан әлдеқайда ерте немесе кеш болуы ықтимал. Әрине, оны алдын ала дәл болжау мүмкін емес» деді ол. Жансая Досымбекованың айтуынша, жер сілкінісін жануарлар алдын ала сезуі мүмкін. Жануарлар табиғат апаттарын, күннің бұзылуын да сезеді. Сондықтан жер сілкінісін болжаумен шұғылданатын мамандар сейсмикалық станциялардың деректерін ғана емес, гидрогеологиялық мәліметтерді, яғни су құрамының өзгеруін қолданады. Айта кетері, ірі жел сілкінісінің алдында ұсақ дүмпулер жиілеп кетеді. Бірақ бұл – өте сирек жағдай. «Афтершоктар» көп жағдайда жер сілкінісінен соң болады. Мұны қазір Түркиядан да байқап отырмыз» деп түсіндірді маман. Обсерватория басшысының мәліметіне сүйенсек, Алматы қаласында жылына, орташа есеппен, 6-7 мыңға жуық жер сілкінісі болады. Оның басым бөлігін тұрғындар сезбейді екен. «Соңғы рет магнитудасы 5 балға тең жер сілкінісі 2001 жылы Қапшағайда болған. Қазіргі таңға дейін Алматыда бұдан үлкен жер сілкінісі тіркелген жоқ. Тек 3-4 балл ғана. Барлық жер сілкіністері – мамандардың бақылауында. Сондықтан тұрғындардың уайымдауына себеп жоқ» дейді мамандар.

Әлем елдерінде қалай?

Жер сілкінуі салдарынан, жылына шамамен 8000 адам қаза табады. Жалпы, зілзаланың кесірінен әлемде 13 миллионнан астам адам өмірмен қош айтысқаны белгілі. Мысалы, Жапонияда шамамен 1500-дей жер сілкінісі болды.

Жапонияда ескі үйлер жоқтың қасы. Бұл елде тұрғын  үйлер, ғимараттар  он жыл ішінде жаңарып отырады екен. 25 жыл бұрын салынған үйді ешкім сатып алмайды деседі. Сейсмологиялық ахуал да бар. Үнемі жері сілкініп тұратын елде ескі үйлердің дені жарамсыз болып, өмір сүруге қолайсыз деп танылады.  Сосын ол тозығы жеткен үйлер бұзылып, сүріліп, орнына жаңасы салынады. Тіпті қаланың ішіндегі көрікті жерлер мен ғимараттар,  ғибадатханалар үнемі күрделі жөндеуден өтіп отырады. Сондықтан Жапония­да ескі сәулет үлгілері жоқтың қасы. Барлық үйлер заманауи.

Жер сілкінісіне дайынбыз ба?

Бұрындары кеңестік жүйе кезінде мектеп қабырғасында жүргенде арнайы дабыл қағылып, оқушылар жер сілкінісі немесе ядролық қару жіберілген жағдайда алғашқы көмек ретінде жасалатын ережелерді жаттап, демалу құралдарын (противогаз, дәкеден жасалған бетперделер (маски) қалай, қайда пайдалану керектігін мамандар үйрететін. Жер сілкінісі кезінде әр адам білуі керек амалдар пысықталатын. Қазір мұндай сынақтар жүргізілмейді.

Еgov.kz-тің 1414 Бірыңғай байланыс орталығында Жер сілкінісі кезіндегі іс-қимыл Ережелері жазулы тұр. Онда жер сілкінісінің алғашқы дүмпуі кезінде газды, су мен электр қуатын сөндіріңіз. Егер жер сілкінісінің күші аз болса, онда оны тұрған жеріңізде күткен абзал. Одан едәуір күштірек жер сілкінісі кезінде (дүмпу күші бес және одан да жоғары балды құраса), егер сіз ғимараттың екінші және одан жоғарғы қабаттарында болсаңыз, ғимараттан шығыңыз. Ішкі қабырғаның, бұрыштың, есік жақтауының қауіпсіз жеріне тұрыңыз, ваннаға жата қалыңыз. Кереуеттің немесе стөлдің астына кіріңіз, олар сізді құлауы мүмкін заттардан және сынықтардан қорғайды. Терезе мен ауыр жиһаздан алыс тұрыңыз. Лифтіні пайдаланбаңыз. Егер сіз көшеде болсаңыз, ғимараттар мен электр беруші желіден ашық алаңға қарай алыстаңыз, үзілген электр сымдарына жақындамаңыз. Ғимарат жанынан жүгірмеңіз және оларға кірмеңіз. Егер сіз автомобильде болсаңыз, дүмпулер тоқтағанға дейін автомобильден шықпай ашық алаңда қала беріңіз. Жер сілкінісі кезіндегі қайғылы оқиғалардың басты себептері ретінде ғимараттың жекелеген бөліктерінің сынуы, сынған шынылардың құлауы үзілген электр сымдары, пәтердегі ауыр заттардың құлауы, өрт себепші екен.

Әкімдіктердің ресми сайттарында жер сілкінісіне қалай дайындалу керек деген мамандардың кеңесі жарияланған. Онда үйде, жұмыста, кинода, театрда, көлікте және көшеде болған кезде жер сілкінісі кезінде әрекет жоспарын алдын ала ойластырыңыз, отбасы мүшелеріне жер сілкінісі кезінде не істеу керектігін түсіндіріп, оларға алғашқы медициналық көмек көрсету ережелерін үйретіңіз, құжаттарды, ақшаны, қалта шамын және қосалқы батареяларды ыңғайлы жерде сақтаңыз, үйде бірнеше күн ішінде ауыз су мен консервілермен қамтамасыз етіңіз, кереуеттерді терезелерден және сыртқы қабырғалардан алып тастаңыз, пәтерлердегі шкафтарды, сөрелер мен сөрелерді бекітіп, үстіңгі сөрелер мен мезониндерден ауыр заттарды алыңыз, қауіпті заттарды (улы химикаттар, тез тұтанатын сұйықтықтар) қауіпсіз, жақсы оқшауланған жерде сақтаңыз, барлық тұрғындар қажет болған жағдайда электр, газ және суды өшіру үшін ажыратқыштың, магистральдық газ және су шүмектерінің қай жерде екенін білуі керек екені жазылған.

Біздің ойымызша, бұл ережелерді жариялау, жазу аз, адамдардың апат жағдайында, зілзала кезінде нақты іс-қимыл әрекеттерін үнемі пысықтау қажет. Қарапайым ғана қорғаныс амалдары, өмірге икемділік адамдардың өмірін сақтап қалғанын кешегі Түркия еліндегі жер сілкінісінен байқадық. Әсіресе құрылыс сапасы, қадағалаудың әлсіздігі, жұмысқа немқұрайды қарау және саладағы жемқорлық жайы көп адамды ойландырып тастады. Бұл мәселенің тоғыз балдық сейсмикалық белсенділік аймағында орналасқан Алматыға да тікелей қатысы бар.

Кезінде қаладағы көп нысанды, оның ішінде тұрғын үйлерді жобалауға қатысқан, 60 жылдан бері сәулетші болып жұмыс істеген, құрылыс инженериясы саласында тәжірибесі мол 84 жастағы сарапшы Алмас Ордабаев «Алматы жер сілкінісіне дайын ба?» деген сауалдарға былай жауап береді: «Өкінішке қарай, 50-жылдардың соңына дейін салынған үйлердің бәрі сейсмикалық тұрғыдан қауіпті. Көбі – кірпіш үй, іргесі ағаштан тұрғызылған. Қоғамдық ғимараттарға келсек, ғылым академиясы, бірнеше аурухана мен мектеп төтеп беруі мүмкін. Бәрі конструкцияны нығайтуға арналған жұмыстар қалай жүргеніне байланысты. Сондықтан теориялық тұрғыда берік саналатын панель үйлерімізді 25 жылда бір рет тексеріп, жөндеуден өткізіп тұру керек. Ескі үйлердің ішінде монолит ғимараттар жақсы. Жалпы, Алматыда 70-80-жылдары салынған үйлердің сапасы жақсырақ. 90-жылдары бой көтерген сенімді панель үйлердің астыңғы қабаты жекешелендіру жылдары дүкенге, бизнес нысандарына жалға берілді. Жақсы, әрине. Бірақ кей адамдар ғимараттың конструкциясын қатты өзгертіп, қабырғаларды қалағанынша жылжытып тастаған. Бұл өте қауіпті. Қазір қаланың төменгі бөлігінде коммуналдық арзан үйлер салынып жатыр. Олар бір-біріне жапсарлас, тым жақын орналасқан, сапасы да нашар сияқты. Ол аудандарда топырақ нашар. Алматының топырағы ең жайлы бөлігі – Абай және Сәтбаев көшелерінен бастап, Жібек жолына дейін ғана. Топырақ жақсы болған соң, үйдің іргетасы да берік болады. Жер сілкінісі кезінде метроны паналаған дұрыс. Әзірге пана болуға жарайтын ең жақсы жер метро болып тұр».

Жақында Түркияда немесе Кеңестер Одағы тұсында Спитакта болған оқиғалар – адами фактордың көрінісі. Бұл құрылыс компанияларына сенім артуға болмайтынын дәлелдеді. Шынында да бақылауды күшейтіп, жобалаудан бастап қатаң тәртіп орнату керек. Апат бола қалса, адамдарды құтқару қиын. Мысалы, қазір қаланың орталығы тығыз, қат-қабат биік ғимараттар салынып жатыр. Бұл сейсмотұрақтылыққа кері әсер етпейді. Бірақ эвакуация кезінде тұрғындар жиналатын орын, төтенше қызметтер, құтқару көліктері жүретін жол тарылып жатыр. Құлаған ғимарат жанындағы үйлерді қиратады. Бәрі – әйнек ғимарат. Жер сілкінгенде адамдардың үстіне әйнек құлайды. Көп адам осыдан өліп кетуі мүмкін. Батыс елдерінде ғимараттарға сынғанда өте ұсақ бөліктерге шашылып кететін әйнектер қойылады. Қысқасы, зілзалаға дайын болу, аман қалу – бүгінгі күннің басты ауыртар басты мәселесі. «Сақтансаң, сақтаймын!» деген Жаратқанның жазуы осыны меңзейді.

Тағыда

Гүлшат Сапарқызы

«Астана ақшамы» газетінің тілшісі, ақпарат саласының үздігі

Ұқсас жаңалықтар

Пікір үстеу

Back to top button