ӘлеуметБасты ақпарат

Ардагер қаламгерлер

Журналист мамандығы – басқаларға ұқсамайтын, өзгелерден ерекшеленіп тұратын мамандық. Жауапкершілігі мен қиындығы ұштасып жататын журналистің алып шығар жүгі ауыр. Негізі, журналист – елінің шын патриоты. Бүгін кезінде Қазақстанның көптеген медиа саласында қызмет істеген, ал қазір Астана қалалық Ардагерлер кеңесінің ақпарат, үгіт-насихат тобында журналистік қызметін жалғастырып жүрген зейнеткер жасындағы ардагер-журналистердің еңбегін паш етпекпіз.

Аманкелді Аширов ­Ақмола қаласында дүниеге келген. Сондықтан да ол өзі жайлы «Мен Қазақстанның астанасында өмірге келген азаматпын» деп мақтанышпен айтып жүреді. Еңбек жолын Жақсы ауданындағы құрылыс-монтаж басқармасында құрылысшы болып бастаған ол – бала кезінде қара жұмыспен айналысып, Ұлы Отан соғысынан мүгедек боп келген әкесіне көмектесіп, отбасын асырауға қолғабысын тигізген еңбекқор жан.

1964 жылы орта мектепті бітіріп, сол кездегі Целиноград педагогика институтына түсіп, оны ойдағыдай бітіріп, өзі оқыған Жақсы орта мектебінде физика-­математикадан сабақ береді. 1968 жылы Ленинград қаласында әскери борышын өтейді. Әскерден келісімен мектепте комсомол ұйымын басқарады. 1973 жылдан бері Аманкелді Аширов совхоз парторгы, аудандық партия комитетінің екінші хатшысы, аудандық атқару комитетінің төрағасы қызметін атқарады. 2010 жылы құрметті демалысқа шығып, Целиноград аудандық Ардагерлер кеңесінің төрағасы болып 5 жыл қызмет атқарады. 2011 жылы Ақмола облыстық мәслихатының депутатына сайланады. Көп жылғы еңбегі еленіп, Президенттің Құрмет грамотасымен, «Ерен еңбегі үшін» медалімен, «Астанаға 10 жыл», Қазақстан Рес­публикасы орталық Ардагерлер кеңесінің «Құрмет белгісімен» марапатталған. Ал қазіргі таңда Аманкелді Аширов өзі сияқты ардагерлерді жас ұрпаққа таныстыруда елордамыздың «Астана ақшамы», «Вечерняя Астана» газеттеріне мақала жазып, олардың өмір жолын жастарға үлгі етуде. Журналист деген мамандығы болмаса да, оның бойында басқаға ұқсамайтын жазуға бейімі бар, айтары көп, ақпарат саласынан мол хабары бар көсемсөз шебері. Әрі Аманкелді Аширов екі тілде бірдей қалам тербейді.

Раиса Ағыбаева алғашқы еңбек жолын мұғалімдіктен бастап, қазіргі таңға де­йін журналистік қызметін жалғастыруда. 1973 жылы ол Целиноград облыстық телевидениесіне аға редактор болып қызметке келеді. 1997 жылы Ақмола астанамыз болып өзгергенде, Раиса Ағыбаева «Қазақстан» телерадиокорпорациясы хабар тарату бөлімінің жауапты қызметкерлігіне ауысады. Жалпы телевизия саласында 30 жылға жуық еңбек еткен. Өз әңгімесінде ол «Қазақстан» мемлекеттік телерадиосында қызмет еткен кезім ұмытылмас жылдар деп есіне алады. Мұнда Раиса Ағыбаева қаншама кәсіпқой журналистермен бір шаңырақ астында шығармашылықпен, асқан шеберлікпен журналистік шыңнан өтеді. Әрі ол – жаңа Астананың қалыптасуына өзіндік қолтаңба қалдырған білікті журналист. Бұл жылдары бірінен-бірі өткен қызықты, мазмұнымен тартымды жаңа хабарлар өмірге келіп еді деп еске алады.

2002 жылы Раиса Ағыбаеваның қызметі күрт өзгерді. Астананың өмірімен тығыз байланысты болған «Вечерняя Астана» газетіне қызметке ауысады. Құрметті демалысқа шыққаннан кейін жазушылыққа ден қояды. Астана қалалық Ардагерлер кеңесінің тапсырмасы бо­йынша дайындалған соғыс ардагерлері мен тыл майдангерлеріне арналған «Ұлы Жеңіс – ұрпаққа ұлағат», «Ұлы Жеңіс ешқашан ұмытылмайды» және «АЛЖИР» мұражайының тапсырысымен шыққан «Алаш-АЛЖИР», «Тағдырларды біріктірген Қазақстан», сол сияқты «Туған жер перзенттері», «Ровесники Независимости» кітаптарының жарық көруіне үлес қосқан. Мұнда, авторлық материалдарымен қатар, оның аудармалары да бар.

Бүгінгі таңда Раиса Ағыбаева – Астана қалалық Ардагерлер кеңесі жанындағы медиатоптың мүшесі. Кезінде өзі басшылық жасаған «Вечерняя Астана» газетіне қала ардагерлері жайлы мақала жазып, осындағы әртүрлі қоғамдық жұмысқа қатысады.

Мейрам Байғазин ­ҚазМУ-ды бітірген. Шығармашылық жұмысын Қазақ радиосының кіші редакторлығынан бастап, бағдарлама директорының орынбасарына дейін көтерілді. «Ауыл өмірі» радиостанциясының насихат және ақпарат редакциясында қызмет ете жүріп, мерекелік күндерге арналған сериялы радиофильмдер мен радиоқойылымдар дайындау­ға қатысты. Автордың кейбір хабарлары мен спектакльдері Қазақ радиосының Алтын қорына сақталған.

Қазақ КСР-інің, КСРО Жоғарғы Кеңесінің жанындағы алғашқы парламенттік тілшісі, көптеген одақтық республикалардың саяси көшбасшыларынан, қоғам қайраткерлерінен сұхбат алған журналист. Конституциялық соттың баспасөз хатшысы болған жылдары Желтоқсан көтерілісін басудағы жантүршігерлік фактілерге, М.Горбачев жариялаған демократиялық өзгерістер мен қайта құру саясатының түпкі мақсаты халықты алдау екеніне көз жеткізді. Желтоқсан оқиғасы туралы көптеген материал жариялады.

Мейрам Байғазин, шынында да, өзінің азаматтық борышын орындаумен бірге, қоғамымызда болып жатқан өзгерістерге бей-жай қарамайтын нағыз ұлтжанды азамат екенін өзінің журналистік қызметінде де, зейнетте жүрсе де таныта білді.

Ұлт мақтанышына айналған Ж.Тәшенев, Е.Әуелбеков және Ө.Жәнібеков сынды мемлекет қайраткерлерінің аруағын ол тірілтіп қана қоймай, осындай тұлғаларымыздың қоғамымызға өте-мөте қажет екенін, жазған мақалалары арқылы отандастарын елжандылыққа, ұлттық құндылықтарды ерекше қадірлеуге үндеді. Жұмабек Тәшеневтің 100 жылдығына орай «Жұмабек Тәшенев» деген атпен кітап та шығарды.

Мейрам Байғазин бүгінгі таңда медиатоп құрамында жүріп, «Астана ақшамы» газетіне соғыс және тыл ардагерлері, қоғам қайраткерлері жайлы қалам тербеуде.

Еркін Дәуешев – Ақмола облысының тумасы. 1939 жылы сол кездегі Сталин ауданының Аманкелді ауылында дүниеге келген. Оның өмір жолына үңілсеңіз, балалық шағының қиындығы мен қызығы мол болғанын аңғарасыз.

Ұлағатты әкесінің кеңе­сімен жоғары оқу орнына түседі. Алғашқы еңбек жолын, Қарағанды мемлекеттік педагогика институтын бітірісімен, 1961 жылы мұғалімдіктен бастайды. Алғашында физика-математика пәнінің мұғалімі болады. Ерекше қабілетінің, ұйымдас­тырушылық белсенділігінің арқасында кейіннен Кеңес орта мектебінің директоры, аудандық оқу басқармасының бастығы қызметтерін атқарған.

2002 жылы құрметті демалысқа шыққаннан кейін, балалары жоғары оқу орнына түскен соң, солардың жанында болайық деп Астанаға көшіп келеді. Елордадағы Қарттар үйінде педагог-психолог болып 14 жылдай қызмет істеді.

Ал бүгінгі таңда Еркін Дәуешев қоғамдық жұмыспен айналысып, Астана қалалық Ардагерлер кеңесімен тығыз байланыс жасауда. Медиа­топтың тұрақты мүшесі. «Астана ақшамы» газетіне зейнеткерлер мен қоғам қайраткерлері, ардагерлер жайлы мақалалар жазып, оқырманның көзайымына айналды. Жазған мақалалары кәсіби журналистерден кем емес, көркем жазады.

Абыройлы ел ақсақалы – «Құрмет» орденінің иегері, «Білім ісінің үздігі», Ақмола облысы Ақкөл ауданының құрметті азаматы.

Әнуарбек Ералы Ақмола облысының Шортанды ауданына қарасты Жолымбет алтын кенішінде шахтер отбасында дүниеге келген. Жолымбетте 8-сынып бітірген соң, еңбек жолын 1966-1967 жылдар аралығында Ерейментау ауданы Шиелі ауылында бір жылдан артық шопан болып бастайды, 1968-1970 жылдары құрылыс мекемесінде қарапайым жұмыс істеді. 1969 жылы Целиноградта танкистер дайындайтын курсты бітірді. Әскери міндетін атқарып, елге аман-есен оралады. 1972 жылы Жолымбеттегі «Каз­золото» тресінің (романтика іздеп) геологиялық барлау басқармасында жұмыс істейді. 1973 жылы Целиноград қаласына келіп, «Целинсельмаш» пен «Қазақсельмаш» зауыттарының көптиражды «Машиностроитель» газеті редакторының орынбасары болып еңбек етті. 1989 жылдан бастап Ақмола өңірінде «Тіл және мәдениет» қоғамын ұйымдастырушылардың бірі болды. 1992 жылы Ақмола облыстық «Тіл және мәдениет» қоғамы төрағасының орынбасары, 1994 жылы Ақмола облысы «Қараөткел» газетінің жауапты ұйым­дастырушысы. 1996 жылдан облыстық «Тіл және мәде­ниет» қоғамының төрағасы. 2000 жылдан бастап қайта құрылған Астана қалалық «Тіл және мәдениет» қоғамының төрағасы.

Әнуарбек Ералы – ұлтжанды адам. Өмір бойы, қай қызметте жүрсе де, ана тіліне деген құрметі болар, қазақ тілі мәселесін көтеріп, осы жолда күрескен қайраткер.

Бақыт Исабекованың Астанаға көшіп келгеніне екі-үш жыл болды. Негізгі мамандығы – мұғалім. Алматыдағы С.Киров атындағы университеттің тарих факультетін бітірісімен 12 жылдай ауылдағы мектепте қызмет жасайды. Депутат болып сайланады, кейіннен Атбасар ауылдық кеңесіне (қазіргі Шұңқыркөл ауылдық кеңесі) ауыл әкімі болып тағайындалады. Белсенді жұмысының арқасында жылдан-жылға қызметі өсіп, Атбасар ауданы әкімдігіне қарасты ішкі саясат бөлімінің бастығы болады. Ал 1998 жылдан 2017 жылға дейін аудандық «Атбасар» және «Простор» газеттерін басқарады. Газет редакциясында құрметті демалысқа шыққанға дейін қызмет жасайды.

Ақмола облыстық бас редакторлар клубының мүшесі, І Қазақстан әйелдері съезіне қатысқан қайраткер 20 жылға жуық журналистік қызметінде, яғни газет басқару барысында мыңдаған оқырманның көңілінен шығатын тақырыптарды көтеруге, халықтың талап-­тілегін ескеретін мақалаларды жариялауға, журналист деген мамандықты жоғары ұс­тауға атсалысты. Бүгінде осы принципті Астана қалалық Ардагерлер медиатобында көрсетіп, «Вечерняя Астана» газетіне жиі мақалалар жазады.

Татьяна Левченко – Шығыс Қазақстан облысы Бородулиха ауданының тумасы. 1969 жылы Семейдің кітапханашылар техникумын бітіріп, 1971 жылы Ақмола мемлекеттік педагогика институтына оқуға түседі. Оны 1975 жылы тәмамдап, орыс тілі мен әдебиет пәнінің мұғалімі деген диплом алып шығады.

Алғашқы еңбек жолын Ақмола қаласындағы Ленин аудандық және қалалық партия комитетінде партком хатшысы болып бастап, кейіннен қалалық Тұрғын үй департаментінде бас маман болып қызмет атқарады. Зейнетке шығар алдында бірер жылдай «Вечерняя Астана» газетінде қызмет атқарады. Міне, газет қыз­метіне келген жылдары оның жазуға деген қабілеті ашылып, журналистикаға ден қояды.

Білігі мен білімін көрсете білген Татьяна Левченкоға редакция басшылығы жауап­ты тапсырма беріп, оның бұрын көзге көрінбеген, көпшілік біле бермеген журналистік қабілетін ашуға үлес қосты. Бір ерекшелігі, басқа ұлт өкілі болса да, ол біздің мемлекеттік тілде сөйлеп, бізбен емін-еркін тілдесіп, қоян-қолтық араласуда.

Күләш Молдахметова мамандығы бойынша бас­тауыш сыныбының және қазақ тілі мен әдебиет пәнінің мұғалімі. Жалпы еңбек өтілі – 45 жыл, 38 жыл телерадио дикторы, «Ақпарат саласының үздігі», Қазақ радиосының құрметті ардагері. Қазіргі жұмыс орны – Қазақ радиосы. Бүгінде зейнетте болғанмен, өзі қызмет жасаған Қазақ радиосындағы ертегі хабарларына қатысып, ондағы кейіпкерлерді сомдап жүр. Елордада ардагерлер ұйымдастырған шараларға, көркемсөз байқауларына қатысып, концерттер жүргізіп, өнер көрсетуде. Астана қалалық, Есіл аудандық Ардагерлер ұйымының белді мүшесі.

Маржан Пірімбетова Қызылорда облысының Шие­лі өңірінде дүниеге келген. Негізгі мамандығы – филолог. Еңбек өтілі – 50 жыл. Алматыдағы Абай атындағы педагогика институтының түлегі бар өмірі мен еңбек жолын осы салаға арнаған.

Алматы қаласы Білім беру басқармасына қарасты оқу орындарында жоғары лауазымды қызметтер атқарған. Халықаралық мамандықтар институтында проректор, кафедра меңгерушісі, сектор жетекшісі болған.

Маржан Пірімбетова – ұлағатты ұстаз, методист-тәлімгер. Зейнетке шыққанға дейін М.Нәрікбаев атындағы Қазақ гуманитарлық-заң университетінде ұзақ жылдар қазақ тілі пәнінің оқытушысы болып қызмет атқарды.

Маржан Пірімбетова ұстаздық қызметте жүріп, студенттерге арнап бірнеше оқулық жазып, әртүрлі тақырыпта кітап шығарған. Республикалық, қалалық газеттерге жастар тәрбиесі жайлы жүздеген мақала жазып, әртүрлі тақырыпта лекция өткізген. Оның бірнеше көркем шығармасы мен оқулықтары жайлы студенттер ғылыми еңбек жазған.

Бүгінгі таңда Маржан Пірімбетова құрметті зейнетте жүрсе де, еңбектен қол үзген жоқ. Астана қаласы Байқоңыр ауданына қарасты Белсенді ұзақ өмір сүру орталығында қазақ тілі пәнінің оқытушысы әрі әртүрлі тақырыпта кештер ұйымдастырып жүрген белсенді қайраткер.

Ғалия БАЛТАБАЙ,

журналист, Астана ­қалалық Ардагерлер кеңесі медиатобы жетекшісінің орынбасары

Тағыда

admin

«Астана ақшамы» газеті

Ұқсас жаңалықтар

Пікір үстеу

Back to top button