Елорда тынысы

Қауіпсіздік қалай қамтамасыз етіледі?

Астана қаласы мәслихатының кезекті сессиясында елордада төтенше жағдайлардың алдын алу және жою мәселелері талқыланды. Мәслихат төрағасы Ерлан Каналимовтың төрағалығымен өткен жиынға Сенат депутаттары Бибігүл Жексенбай, Андрей Лукин, Мәжіліс депутаты Дәулет Тұрлыханов, Астана әкімінің орынбасары Ерсін Өтебаев қатысты.

Тиісті мәселе бойынша баяндама жасаған Астана қаласы Төтенше жағдайлар департаменті бастығының бірінші орынбасары Дамир Ермағамбетов елорданың өрт қауіпсіздігін 12 өрт сөндіру-­құтқару бөлімшесі қамтамасыз ететінін айтты. Алайда тиісті талап бойынша олардың саны 30 болуы керек.

– Қалалық әкімдік пен мәслихаттың қолдауымен 2021 жылы Байқоңыр ауданында үш қабатты ғимарат сатып алынды. Онда кинология бөлімшесі, өртке қарсы сынақтарды жүргізу зертханасы орналасты. Биыл 19 қазан – Құтқарушылар күніне қарай сол ғимарат маңа­йын абаттандыру, асфальттау аяқталып, сонда қала тұрғындары мен балаларды төтенше жағдайлар туындаған кезде не істеу керегін үйрететін орталық ашылады, – деді баяндамашы.

Оның айтуынша, қазір елордада 895 көпқабатты тұрғын үй тіркелген. Солардың жартысына жуығы, яғни 438-і өрт қауіпсіздігі ережелері талаптарына сай келмейді. Сондықтан қазір департаменттің инжерлік-инспекторлық құрамы аудандардың әкімдіктерімен үйлерді аралап, тексеру жүргізіп жатыр. Осыдан кейін мәселені шешуге арналған тиісті «Жол картасы» әзірленеді.

– Биыл 4 тамыз күні қала әкімінің төрағалығымен төтенше жағдайлардың алдын алу жөніндегі қалалық комиссияның отырысы өтті. Сол жиында көпқабатты тұрғын үйлердің қауіпсіздігі мәселесі қаралып, өрттің алдын алу, болдырмау бойынша нақты тапсырмалар берілді, – деді Дамир Ермағамбетов.

Баяндамашының сөзінше, биылғы 1 қыркүйек күні қалада шомылу маусымы аяқталды. Қазір елордада шомылуға рұқсат етілген 4 жағажай және шомылуға тыйым салынған 21 су көзі бар. Өкінішке қарай, осы жылы өткен жылмен салыстырғанда суға кеткен адам көп болды. Былтыр 6 адам, биыл 7 адам батып кеткен. Ал 4 адамды төтенше жағдай қыз­меткерлері құтқарды. Мәслихаттың қолдауымен шомылуға тыйым салатын 500-ге жуық белгі орнатылды.

Дамир Ермағамбетов қалалық Төтенше жағдайлар департаментінің материалдық-­техникалық базасын нығайту, жеке құрамның әлеуметтік жағдайын көтеру бойынша жасалып жатқан жұмыстар туралы баяндады. Тиісті жоспар әзірленіп, мақұлданды. Атап айтқанда, биылғы желтоқсан айында «Көктал» тұрғын алабында өрт сөндіру депосы пайдалануға беріледі. Қазіргі таңда 95 адамнан тұратын оның штаты бекітілді.

– Бұрын Сарыарқа ауданында бір ғана өрт сөндіру депосы болды. «Көкталдағымен» оның саны көбейеді. «Үркер» тұрғын алабында салынып жатқан депо құрылысы аяқталуға жақын. Құрылыс басқармасымен жасалған келісімшарт бойынша бұл нысан келесі жылдың көктемінде тапсырылуы тиіс, – деді баяндамашы.

Тағыда

Ұқсас жаңалықтар

Пікір үстеу

Back to top button