Мәдениет

Алға, Қазақстан!

Мемлекет басшысы Қасым-Жомарт Тоқаев:
«Беларусь командасын жеңген футболшыларымыз Ұлттар лигасындағы өз тобында жеке-дара көш бастады. Бұл – отандық футболдың зор жетістігі. Ұлттық құрамамызды құттықтаймын! Жеңістен жеңіске жете беріңіздер!» деп құттықтады. Расында,
Қазақстан-Беларусь арасындағы ойыннан керемет эмоция алдық! Ұлттық құраманың жақсы ойын өрнегін көріп, қатты қуандық.

22 қыркүйекте  «Астанаға Аренаға» жетудің өзі драмаға толы болды. Кешкі сағат 18.50-де такси шақырдық. 30-40 минутта баратын жер ғой деп қоямыз. Такси өз ырғағымен жүріп келеді. 5-6 минуттан кейін уайым басты. Себеп – Есілдің оң жағалауынан сол жағына жету қиындап, Бараев көшесінің бойында көлік кептелісіне тап болдық.

– Бауырым, газды бассайшы!

– Ағасы, көріп тұрсыз ғой, көліктің алға жылжитын түрі жоқ! Кептеліс!

– Қап, енді не істейміз?

– Білем, футболға асығып тұрсыздар. Ұлттық құрамаға жанкүйер болуға жолға шықсаңыздар, аялдамадан түсіріп кетейін, ешнәрсе төлемей-ақ қойыңыз! Автобуспен тезірек жетесіздер, – деді патриот таксист.

Қабанбай батыр даңғылымен жүретін №37 автобусқа отыр­дық. Шіркін-ай, жүріп болмайды! 25 минутта 2 алдамаға әрең іліндік. Ойын басталып кетті…

Ұлым: «Әке, кешіктік ғой! Қайтеміз? Үлгереміз бе? Екінші таймға барсақ, бізді кіргізе ме?» деп сауалдың астына алды.

Автобустың жүргізушісі ұлымның эмоциясын көрген болуы керек:

– Бауырым, футболға асығып тұрсыңдар ба?

– Иә!

– Стадионға дейін осындай кептеліс. Дұрысы, сомакатпен барыңдар! – деп жөн сілтеп, түсіріп кетті.

Жол бойындағы электронды жүрдекті іске қосып, аренаға асықтық. Жол бойы адам қарасы қалың. Бағдаршамның да жасыл түсі тез жанса мейлі ғой!

Не керек, біз жетеміз дегенше бірінші тайм аяқталыпты.

Таблодағы есеп: 1-1. Қазақстан командасын 29-шы минутта Михаил Габышев алға шығарғанымен, бірінші таймның қосымша уақыты 48-минутта Павел Савицкий есепті теңестіріпті. Енді футболшыларға бәрін басынан бастау керек.

Стадионның оң жақ қанатына жайғастық. Ине шаншыр орын жоқ. У-шу! Екінші тайм басталып кетті. Стадиондағы эмоцияны сөзбен айтып жеткізу мүмкін емес. Беларусь футболшылары доп алған бойда «а-у-у-у!» деген айқай құлақты жарып жібере жаздайды. Алғашында жанкүйерлердің әрекетін іштей қоштамай, сабыр сақтап отырғанбыз. Қақпаның артынан басталған толқынға ілесіп, «Алға, Қазақстан!» деген айқайға қалай дауыс қосқанымызды сезбей де қалдық. Бір қарасақ, көппен бірге тұрып, қол шапалақтап тұр екенбіз. Ұлымның да даусы зор, «Алға!» деп айқайлап қояды.

Екінші таймда біздің футболшыларда екі рет нақты гол соғатын мүмкіндік болды. Жанкүйерлердің қолдау-дауысы стадионды жарып жібере жаздады.

Не керек, ұрымтал сәтте Бақтияр Зайнутдинов қақпадан саңылау тапты.

Тура 79-шы минут!

Г-о-о-о-о-о-о-о-л-л-л деген дауыс бойға ерекше күш беріп, орнымыздан қалай атып тұрғанымызды байқамай қалыппыз.

Есеп: 2:1. Алға шықтық! 14-15 минуттан кейін төреші уақыттың біткенін білдірді.

Жанкүйелер шынайы футболшыларды қолдап, қол шапалақтап, ерекше ықылас-ниетін білдірді.

Ұлым:

– Әке, келгеніміз қандай жақсы болды. Ұтты, көрдіңіз бе?! Тарихи жеңіске куә болдық! – деп ерекше қуанышын жеткізді.

Екінші таймды ғана көрсек те ерекше әсер алдық!

Қазақстан құрамасы УЕФА Ұлттар лигасының 5-туры аясындағы кездесуде Беларусь құрамасын жеңіп, С дивизионынан В-ға өтті. Сөйтіп, Қазақстан футбол тарихында екі ірі жетістікке жетті. Біріншісі – Беларусьты алғаш рет жеңді, екіншісі – алғаш рет В дивизионын доп тебеді. Одан бөлек, плэй-офф кезеңінде Еуро-2024 жолдамасына таласамыз.

Рахмет, жігіттер!

Рахмет, Магомеда Адиев!

Тағыда

Нұрлат Байгенже

«Астана ақшамы» газетінің тілшісі

Ұқсас жаңалықтар

Пікір үстеу

Э-пошта мекенжайыңыз жарияланбайды.

Back to top button