Руханият

Өмір мынау бап емес, бақ шабатын…

Абдулмахмуд Пошатаев – Астана қаласының тұрғыны. 1976 жылы 29 қазан күні Оңтүстік Қазақстан облысы Төлеби ауданы Кеңесарық елді мекенінде дүниеге келген. Алматы қаласындағы қазақ тілі мен әдебиетін тереңдетіп оқытатын арнайы мектепті бітіргеннен кейін Түркістандағы Х.А.Ясауи атындағы халықаралық қазақ – түрік университетінің заң факультетіне түсіп, 1997 жылы заңгер мамандығын алып шығады. 1999 жылдан бастап құқық қорғау органдарында (прокуратура), ақпарат саласында қызмет атқарып келеді.
«Жастық шақ жырлары» атты өлеңдер жинағының авторы.
Әбеке Қанат деген атпен әлеуметтік желілерде көптеген жазбаларын жария­лайды. Біз бүгін заңгер ақынның топтама өлеңін оқырман назарына ұсынып отырмыз.

      КҮЗДЕГІ МУЗА

Қандай мұңды, қандай нәзік күз деген.
Бір тұңғиық мұңға батам күзде мен.
Нені серік етеді екен адамдар
Шын бақытын өмір бойы іздеген.

Жалғастырып күнді түнім, түнді мұң.
Өлең ғана дем береді,
Шындығым.
Жұлдыздарды санап жүрген бала едім,
Киіз үйдің сырып тастап түндігін.

Сүйенетін жанды таппай,
Тірегін.
Аңсап кімді ауырады жүрегім?!
Е құдайым,
Кешіре гөр пендеңді,
Өмір сынақ,
Сынап жүрсің білемін.

Сырлас таппай ашылуға жүрегім.
Іштей тынып, мұңға батып жүремін.
Көңілімді жабырқатты жалғыздық,
Таба алмадым, бір емін.

АУЫЛ. САҒЫНЫШ

Көз жүгіртіп қарасам өткеніме,
Мен туған үй Алатау бөктерінде.
Түнеріп тұр көк аспан, күрсінеді,
Қол үзіп кеткеніме өкпелі ме?!

Өмірдің төтеп беріп өткеліне.
Қайырылып бір қарадым өткеніме.
Ол менің жастық шағым қайта оралмас,
Ол менің сағым болған көктемім бе?!

Қимас сезім әурелеп кетерімде.
Қалың ойдың жүремін жетегінде.
Өзіңе өмір бойы қарыздармын,
Парызыңды мен бүгін өтедім бе?!

Адам пенде,
Сынаса ұнамайсың.
Алладан тек амандық сұрағайсың.
Өзіңе, әлі талай берерім көп,
Білемін,
Сен ештеңе сұрамайсың.

Көкпар тартқан елім бар, баптап атын.
Өмір мынау бап емес, бақ шабатын.
Қасиетіңнен айналдым, туған өлке
Мен сенің ұлың болам мақтанатын.

МАМЫРДА ЖАУҒАН ҚАР

Мамыр айы,
Қыс па, күз бе білмедім.
Күнім салқын,
Қара суық түндерім.
Мамыражай майда жауған ақ қардай,
Сүреңсіз боп өтіп жатыр күндерім.

Бұл табиғат неге сонша құбылды,
Ей адамзат жоғалттың ба құныңды?!
Құдайымның жазасы ма деп қалам,
Мамырдағы қарды көріп бүгінгі.

Жатыр ма әлде оразада қарасып,
Қою бұлттар көк аспанға таласып.
Пенделерім шөлдемесін деді ме,
Ыстық күнде қаталар деп, жаны ашып.

Қарғанбайық,
Бұл да «Жаза» демеші.
Бір Алла ғой барша әлемнің егесі.
Сол Алланың әмірімен баршаны,
Сақтап қалған Нұқ пайғамбар кемесі.

Көрсең дағы өміріңде мұң-қайғы.
Медет сұра Тәңір ұлық, тыңдайды.
Біле білсең, бұл жалғанда шөп басы,
Бір Алланың әмірінсіз сынбайды.

Ауа райын түртті екен не «Түлен»?!
О табиғат, бұлқынбашы өтінем.
Барлық нәрсе болса екен тілегім,
Алла өзі жасағандай, ретімен!

ЕЛІК ҒҰМЫР

Жастық шақ,
Арман қуып еліктірдің.
Бозбала, бойжеткен боп серік құрдым.
Қырықтың қамалына тұсап қойып,
Зымырап бара жатыр елік ғұмыр.

Ұшырамай жауыздың кездігіне.
Еліктің көз ілеспес лездігіне.
Зымыраған заманның лебі дерсің,
Минут сайын жылжыған кезді, міне.

Босағам
Анам барда берік тұғын.
Әкем де байтерек қой,
Берік тұғыр!
Секіріп, секеңдеп бір бара жатыр,
Көз алдымда ғайып боп, елік ғұмыр.

Тұз шайнағам,
Балды да жалап тұрып.
Өмір тылсым,
Көз ілгем таң аттырып.
Уақыттың мағынасын ұғынасың
Үрке қашқан елікке қарап тұрып.

Күнге ұсынып,
Кұшағын қараң атқан.
Алланың әр күні хақ аман атқан.
Еліктің еркелігі қандай сұлу,
Уақытымды меншіктеп бара жатқан.

ТАБИҒАТ ТЫЛСЫМЫ!

Баяу атты ақ таңым, еріншектей
Түсте бұлт торлады, келімсектей.
Ауа райы өзгерді, күліп-жылап,
Сан құбылды,
Көңілшек келіншектей.

Тылсым дүние,
Кім қалай ұғынады?!
Ауа райы неліктен құбылады?
Ақша бұлттар көз жасын сығып алып,
Күннің нұры жауып тұр шұғылалы.

Кеш батты,
Мұңданып тұр кеші неге?
Таңғы шуақ келмей қап, есіме де,
Арудың көз жасындай сеуіп өткен,
Ақ жауынды баладым, несібеге!

МІН

Бауырларым, мені айып етпеңдер!
Оралмайды келмес жерге кеткендер.
Адуынды мінезіме шыдамай,
Бөлекше ойлап,
Теріс қарап кетпеңдер.

Оған куә,
Жаратқан да көк пен жер.
Өсіңдерші, өніңдерші, көктеңдер.
Аржағымда қара ниет жоқ менің,
Мінез осы…
Сол үшін де сөкпеңдер.

Қанағаты бар адаммын тойымға.
Қателігің болса егер мойында.
Қайғыңды да жүрегімен түсінер,
Өлең оқыр,
Жанмын мен бір тойыңда!

Қарапайым тіршілігім күндегі.
Маған таңсық емес тақтың мінбері.
Қанша асыл болсаң-дағы, жігітсің,
Табылатын бойындағы міндері!

Тағыда

admin

«Астана ақшамы» газеті

Ұқсас жаңалықтар

Пікір үстеу

Back to top button