Әлеумет

Абыройы биік анықтаушы

Ішкі істер органдарында қылмыспен, тіпті қылмыскерлермен бетпе-бет келетін нәзік жанды аруларымыз аз емес. Солардың бірі – Нұрсәуле Дәулетқалиева.

Батыс Қазақстан өңірінің тумасы Нұрсәуле Талантқызы 16 жылдан бері құқық қорғау саласында табысты еңбек етіп келеді. Қазіргі уақытта Астана қаласы Ішкі істер департаменті Сарыарқа аудандық ішкі істер басқармасында аға анықтаушы болып қызмет етеді. Полиция майоры лауазымына сәйкес өз құзыретiнiң шегiнде сотқа дейiнгі тергеп-тексеруді жүзеге асырады. Қоғамның тыныштығы мен қауіпсіздігін қамтамасыз етуде, құқық бұзушылық пен қылмыстың алдын алуда күні-түні тыным таппайды.
«Қызметтік міндетін дұрыс және жауапкершілікпен атқара білген полиция қызметкері ғана парасат биігінен көрінеді. Әрине, жұмысым оңай деп айта алмаймын. Шыдамды, қырағы, білімді болуыңыз керек. Әсіресе, қылмыспен қатысты болғандықтан, өз қиындықтары да бар. Қылмыскермен кездесу, оқиға орнына бару, оның қорытындысын шығару, оған қоса небір тағдырлар мен аянышты оқиғаларға куә болу ұстамдылықты талап етеді. Мамандығыма деген адалдығым, қызығушылығым жетістікке жетелейді» дейді ол.
Әріптестері Нұрсәуле Талантқызының табандылығына сүйсінеді. Бір істі бастаса, анық-қанығын біліп, соңына дейін жеткізбей қоймайды. Тек жұмысында ғана емес, отбасында да үлгілі ана, аяулы жар. Көп балалы ананың бар арманы – отбасының амандығы. Балаларын тәрбиелеуге өнегесін аямайтын ата-енесіне де алғыс айтуды ұмытпайды.
Нұрсәуленің біз білетін тағы бір қыры бар. Ол бос уақытында салауатты өмір салтын ұстанып, спортпен айналысады. Нәтижесі жаман емес. Ол жуырда ғана өткен «Қыс өрнегі – 2018» шаңғы жарысында жүзден жүйрік шықты. Бір шақырымға созылған символдық жарыста күштік құрылымдар қыздары арасында бірінші орын иеленді.

Гүлмира АЙМАҒАНБЕТ

 

Тағыда

Ұқсас жаңалықтар

Пікір үстеу

Back to top button