Құқық

Адалдық пен парасат жемқорлықты тежейді

Кәсіподақтар үйінде «Карантин жағдайында визуалды дизайн арқылы парасаттылыққа тәрбиелеу» тақырыбында кездесу өтті. Кездесу барысында ҚР Президенті Қасым-Жомарт Тоқаевтың «Жаңа жағдайдағы Қазақстан: іс-қимыл кезеңі» атты Жолдауы, сонымен бірге «Рухани жаңғыру» бағдарламасының қоғамдағы парасаттылық мәдениетін қалыптастыру процесіне қосқан үлесі талқыланды.ҚР Президенті жанындағы Мемлекеттік басқару академиясы­ның сарапшы-талдаушысы ­Айбек Қабылдин қоғамда, әсіресе жастар арасында адалдық пен парасаттылық қағидаттарын кең таратудағы визуалдық әдістерді пайдалану мүмкіндіктеріне тоқталып, талдап көрсетті. Спикердің баяндамасындағы жапондар мен қытайлардың жемқорлықтың ал­дын алуға бағытталған іс-әрекеттері туралы мысалдары тыңдаушыларға айрықша әсер етті. Мысалы, Қытайда кішкентай балаларға арналып ойын шығарылған, яғни бала компьютерде өзінің қаласын, мемлекетін құрады, ойын барысында балаға жемқорлыққа байланысты сұрақтар мен тапсырмалар беріледі, егер бала ол сұрақтарға дұрыс жауап берсе, оның салып жатқан қаласы жайнап, дамып, көркейе береді. Керісінше сыбайлас жемқорлыққа қатысты сұрақтарға дұрыс жауап бермесе, мысалы, «мен кей мәселені таныс арқылы, ақша арқылы шешуден қашпас едім» деп жауап берсе, оның салып жатқан қаласы дамымайды, мемлекеті керісінше құлдырай береді. Міне, қытайлар осындай ойындар арқылы баланың санасына жемқорлықтың барлық салаға зиянын тигізетін індет екенін жеткізеді. Немесе жапондар. Олар барлығы бір адамдай заңға бағына отырып, заңды құрметтей отырып, жемқорлыққа жол бермеуге атсалысады. «Парасаттылық – сыбайлас жемқорлықты болдырмау, алдын алу үшін қажет. Сыбайлас жемқорлық адамның ішкі мәдениетінің төмендігінен туындайды. Парасаттылықтың маңызды қағидалары – қоғамдық мүдделердің жеке мүдделерден басымдығын қамтамасыз ету, яғни адам мүдделер қақтығысына жол бермеуі тиіс. Жалпыға бірдей заңға бағыну маңызды. Біз осыларды ұстана отырып, жемқорлыққа төзбеушілікті қалыптастыруымыз керек» деп өз сөзінде барлық салада, соның ішінде білім беруде парасатты мінез-құлық үлгісін белсенді тарату арқылы сыбайлас жемқорлықты жою туралы айтты. Сондай ақ, «Нұр Отан» партиясының «Бірлік» филиалы төрағасының бірінші орынбасары Шыңғыс Қожахметов осындай талқылаулардың сана мен прагматикалық ойлауды нығайтуға көмектесетіні туралы айтты.

***
Елорданың «Нұрлы жол» вокзалындағы мамандандырылған ХҚКО-да TED Talks форматында «Сыбайлас жемқорлықтың алдын алу» тақырыбында кездесу өтті. Сыбайлас жемқорлықтың зиянды салдары туралы түсінік қалыптас­тыру, сыбайлас жемқорлықтың алдын алу және қызметкерлерді сыбайлас жемқорлық схемаларына тарту тәуекелдерін азайтуды мақсат еткен кездесуде орталық қызметкерлеріне елордадағы сыбайлас жемқорлыққа қарсы күрес және қоғамдағы адалдық мәдениеті туралы айтылды.
Конференцияға һһзаң ғылымдарының докторы, Есберген Алауханов, «Нұр Отан» партиясы Бірлік филиалы төрағасының бірінші орынбасары Шыңғысхан Қожахметов, Қазақстан Республикасы Президентінің жанындағы Мемлекеттік басқару академиясының сыбайлас жемқорлыққа қарсы ғылыми-зерттеу орталығының сарапшы-талдаушысы Айбек Қабылдин, «Астана – Адалдық алаңы» жобалық кеңсесінің үйлестірушісі Сәуле Бисембаева, Сыбайлас жемқорлыққа қарсы іс-қимыл агенттігі департаментінің қызметкері ­Қозыбаев Диас, т.б. қатысты. Заңгер Есберген ­Алауханов қала әкімінің бастамасымен, сыбайлас жемқорлықпен күрес агенттігі басшылығының негізінде құрылған «Адалдық алаңындағы» білікті заңгерлерден кеңес алуға болатынын айтты. «1999 жылы алғаш рет жемқорлық туралы заң қабылданды. Ол заң содан бері қарай даму үстінде. Қазіргі Қылмыстық кодексте 16 бап жемқорлық қылмыстар деп аталады. Жемқорлық бойынша қылмыстық жаза алған адамға бұрынғыдай рақымшылық жоқ, сонымен бірге қосымша жаза ретінде мемлекеттік қызметке келмейтін болды, сондықтан әрқайсымыз сыбайлас жемқорлық белгілерінен аулақ болуымыз керек. Қазір бұрынғыдай бір шаруа үшін пара ұсынатын заман емес, жаңа институт келді, цифрландыру ғасырының игілігін көрудеміз, соның өзінде құқықтық сауатымыз нашар болғандықтан бір шаруа үшін тамыр, таныс, ақша іздеп жүреміз» дей келіп, құқықтық сауаттылықты, құқықтық мәдениетті көтеру мәселелеріне тоқталды.
Қазақстан Республикасы Президентінің жанындағы Мемлекеттік басқару академиясының атынан сыбайлас жемқорлыққа қарсы мәселелерді зерттеу ғылыми-зерттеу орталығының сарапшы-талдаушысы Айбек Қабылдин сыбайлас жемқорлық құқық бұзушылықтарының мүмкін себептеріне, сыбайлас жемқорлыққа қарсы тиімді саясатты қалыптастырудағы адалдық мәдениетінің рөлі, сыбайлас жемқорлыққа мүлдем төзбеушілік атмосферасын құрудағы халықаралық тәжірибе, тұтастық мәдениетін дамыту тұтқалары және тұтастық тұжырымдамасының ұлттық негіздеріне тоқталды.

Тағыда

Ұқсас жаңалықтар

Пікір үстеу

Back to top button