Құқық

Жаңа белеске жеткізетін бастамалар

Биыл 6 қазанда Мемлекет басшысы «Қазақстан Республикасының кейбір заңнамалық актілеріне сыбайлас жемқорлыққа қарсы іс-қимыл мәселелері бойынша өзгерістер мен толықтырулар енгізу туралы» Заңға қол қойды. Брифингте Нұр-Сұлтан қаласы Сыбайлас жемқорлыққа қарсы іс-қимыл агенттігі басшысының бірінші орынбасары Жазира ­Жылқышиева хабарлағандай, түзетулер жаңа сыбайлас жемқорлыққа қарсы алты бастаманы қамтиды.Біріншісі, мемлекеттік қызметшілерге кез келген құнды сыйлықтарды сыйға тартуға тыйым салынады. Қазіргі уақытқа дейін мемлекеттік қызметшілерге олардың лауазымдық міндеттемелеріне байланысты құны 10 айлық есептік көрсеткішке дейін сыйлықтар беруге рұқсат етілді. «Сыбайлас жемқорлыққа қарсы іс-қимыл туралы» Заңда сыбайлас жемқорлыққа қарсы шектеулер қабылдайтын тұлғалардың отбасы мүшелерінің материалдық сыйақы, сыйлықтар немесе көрсетілетін қызметтерді қабылдауына тыйым салынады. Құны 2 айлық есептік көрсеткішке дейінгі сыйлық әкімшілік жауапкершілікке әкеліп соғады, құны 2 айлық есептік көрсеткіштен жоғары сыйлық қылмыстық жауап­кершілікке соқтырады.
Екіншісі, квазимемлекеттік сектордың сыбайлас жемқорлық субъектілері болып табылатын лауазымды тұлғаларының шеңбері кеңейтілді.
«Сатып алуды ұйымдастыру және өткізу бойынша шешімдер қабылдауға уәкілетті, мемлекеттік бюджеттен және Ұлттық қордан қаржыландырылатын жобаларды іріктеу мен іске асыруға жауапты, дербес құрылымдық бөлімшенің басшысынан төмен емес лауазымды атқаратын квазимемлекеттік компаниялардың қызметкерлері сыбайлас жемқорлық субъектілеріне жатады. Яғни, оларға «Сыбайлас жемқорлыққа қарсы іс-қимыл туралы» Заңда көзделген сыбайлас жемқорлыққа қарсы шектеулер қойылады, сондай-ақ сыбайлас жемқорлық сияқты құқық бұзушылықтар жасаған жағдайда неғұрлым ауыр жауапкершілікке тартылатын болады» деді Жазира Жылқышиева. Бұрын мұндай нормалар квазимемлекеттік компаниялар­дың бірінші басшыларына ғана қатысты болатын.
«Бұл түзету сыбайлас жемқорлыққа қарсы комлаенс-қызметтерді енгізумен бірге квазимемлекеттік сектор қызметкерлері тарапынан теріс пайдалануды болдырмаудың және сыбайлас жемқорлық тәуекелдерін жоюдың тиімді шарасы болады деп ойлаймыз» деді Сыбайлас жемқорлыққа қарсы іс-қимыл агенттігі басшысының бірінші орынбасары.
Үшіншісі, мемлекеттік функцияларды орындауға уәкілеттік берілген адамдар мен оларға теңестірілген адамдар, жақын туыстар, ерлі-зайыптылар немесе жекжаттар атқаратын лауазымдарға тікелей бағынысты лауазымдарды атқара алмайды. Лауазымға орналасуға үміткер болып отырған ұйымның басшылығына осы ұйымда жұмыс істейтін жақын туыстары, жұбайы және (немесе) жекжаттары туралы жазбаша нысанда хабарлау міндеті енгізіледі.
«Төртіншісі, квазимемлекеттік сектор ұйымдарында парасаттылықтың корпоративтік стандарттарын сақтауға жауапты сыбайлас жемқорлыққа қарсы комплаенс-қызметтер институты енгізілуде. Комплаенс – батыс елдерден келген ұғым. Ол кез келген ұйымда сыбайлас жемқорлықты болдырмау мақсатында кешенді жұмыс жүргізетін, бірінші басшыға тікелей бағынатын құрылымдық бөлімше болып табылады» деп атап өтті спикер.
Бесінші түзету – жедел-іздес­тіру қызметін немесе сотқа дейінгі тергеп-тексеруді жүзеге асыратын лауазымды адамдардың қылмыстарды арандатқаны үшін қылмыстық жауапкершілікке тартылуы енгізілді.
«Қылмыстық кодекске «қылмысқа арандату» деген 412-1-бап енгізіледі, ол тек парақорлықпен шектелмей, кез келген қылмысты қамтитын болады. Бұл ретте жедел-іздестіру қызметін немесе сотқа дейінгі тергеп-тексеруді жүзеге асыратын лауазымды адамның, кейіннен әшкерелеу және қылмыстық жауаптылыққа тарту немесе бопсалау мақсатында адамды қылмыс жасауға көндірген заңсыз әрекеттері, қылмыстың арандатуына жатады» деді Жазира Жылқышиева. Аталмыш қылмыс бойынша жазаның ең төменгі мерзімі – белгілі бір лауазымдарды атқару немесе белгілі бір қызметпен айналысу құқығынан жеті жылға дейінгі мерзімге айыра отырып, 3 жыл бас бостандығынан айыру. Ең жоғарғы санкция – белгілі бір лауазымдарды атқару немесе белгілі бір қызметпен айналысу құқығынан он жыл мерзімге айыра отырып, 12 жылға бас бостандығынан айыру.
Сонымен қатар Заңмен сыбайлас жемқорлыққа қарсы іс-қимыл жөніндегі уәкілетті органның жедел-тергеу бөлімшелерінің қызметкерлеріне тұрғын үй төлемдері белгіленеді. Тұрғын үй мәселесін шешу, қызметкерлердің еңбекке деген құлшынысын арттыру ғана емес, сондай-ақ сыбайлас жемқорлық тәуекелдерінің алдын алу үшін де маңызды болып табылады.

Тағыда

Ұқсас жаңалықтар

Пікір үстеу

Back to top button