Қоғам

Адасқан тағдыр

Тағдырдың басқа салған қиындығын оңай жолмен еңсеремін деп білместік пен діни сауатсыздықтан деструктивті діни ағымның арбауына түсіп, өз қателігін кеш болса да түсініп, елге оралған Әйгерім (есімі өзгертілген) Сирияда көрген азапты күндерімен бөлісуді жөн санады.Бүгінде екі бала өсіріп отырған Әйгерім 2013 жылы 19 жасында жалған сенімнің жетегінде Қарағанды қаласында оқып жүрген жоғары оқу орнын аяқсыз тастап, Сирияны бетке алады. Бұл жағдайдан мүлдем бейхабар ата-анасы қызын қанша іздегенімен нәтижесіз болып, шарасыз күй кешеді.
Көзіне жас алған ­Әйгерім өз сөзін: «Газиантеп қаласында бір күн түнетіп, таңертеңгісін шекараға жеткізді. Зәйтүн егілген егістік алаңын 15/20 минуттай жүгіріп, шекара астық. Жеткен соң бізді араб ұлтының азаматтары күтіп алып, ерлер мен әйелдерді екі топқа бөліп алып кетті. Бір күннен соң мені қазақ жамағаты ортасына апарып, қазақ азаматымен некеге тұрғызды. Екі жыл өткен соң жолдасым қайтыс болып қолымда бір жасар ұлым, құрсағымда үш айлық баламмен жесір қалдым. Екінші ұлымды босанғаннан кейін әзербайжан ұлтының азаматымен некелестірді. Ол кісі 4 ай 10 күннен соң соғыста қайтыс болды. Қолдан қолға некелес­тіру осымен тоқтамады, ендігі жолдасым араб ұлтынан болды. Бұл некеден дүниеге үшінші ұлымды әкелдім. Балаларды үйде босандым. Өзегімді өртеген өкініш салдарынан ұлым салмақ қоспайтын дертпен әл­жуаз болып туды. Көретініміз күнделікті атыс, жарылыс, жерде жатқан адам дене мүшелерінің бөлшектері, айнала қанға боялған. Шаддат қаласында әуе шабуылынан қорғануға арналған арнайы ғимаратта жасырынып, жан сақтап жүрдік» деп Әйгерім көз жасына ерік берді.
«Ұйқысыз, нәр татпаған күндерім, еліме, жеріме деген сағынышым, кеткенім үшін өкінішім жанымды жегідей жеп, үш баламды қолыма алып қашуға бел будым. Жолдасымнан көмек сұрағанда еш көмектесе алмайтынын, көмектессе өлім жазасына кесілетінін айтып бас тартты. Жамағаттан шекара асуға көмек бере алатын адамдардың бар екенін және ақысына он екі мың АҚШ долларын алатындарын есіттім. Қолымда ондай қаражатым болмаған соң, үш баламды қолға алып, қақаған қыстың қаңтар айында еш дайындықсыз қашуға шешім қабылдадым. Соғыста ұшқан оқтың арасымен жолға шықтым. Шөл даладан бала арбасын тауып алдым. Ішуге су, жеуге тамақ, тіпті балаларымды орайтын көрпесіз 20 шақырымдық мина алаңын 30 сағаттай жүріп өттім.
Жолдағы көрген қиындықтардан соң төрт айлық балам қайтыс болды. Баламды өз қолыммен шөл далаға жерлеп, біршама уақыттан соң күрдтердің лагеріне жеттік. «Мухаджерсің» бе? (шет ел азаматшасысың ба?) деп «Макар» деген әйелдер лагеріне орналастырды. Макарда жүргенде екінші ұлым шатырдан құлап кемтар болып қалды. Осы лагерде бес ай болып, «Жусан-3» операциясымен Отаным Қазақстанға оралдым. ­Аллаға шүкір, Елбасымызға алғысым шексіз!» деп күрсінді кейіпкеріміз.
– Жат ағымға түсуім – діни білімімнің таяздығынан. Білім алудың түрлі жолдары бар, әсіресе, діни білім алушыларға аса сақтық қажет екенін, тек мамандардан, яғни ҚМДБ-ның қарамағында жұмыс атқарып жүрген мешіт имамдарынан сұрау керек екенін айтқым келеді. Мен басқан қадамға, мен адасқан ағымға ешбір қаракөз қазағым түспесін деп тілеймін. Жастық қызбалығыммен көп нәрсенің байыбына бармастан, оқып жатқан медициналық білімімді тастап кеттім. Барымды бағаламай, туып-өскен жерімнің қадірін білмегенім жадымда жазылмастай жара қалдырды. Мұсылман бауырларымның судай аққан қаны, бөлшектеліп жатқан денелер, ұшқан оқ, еңіреген ана мен бала бір сәт те ойымнан шығар емес. Өзім көзбен көріп, көкейіме түйгенім – «Аллаһ жолында «жиһад», мұсылман бауырларымызға көмек керек» деп т. б. түрлі үгіттерге салып, алдап-арбап шақырып, жер мен мұнайдың дауы үшін болып жатқан қан майданның қақ ортасына бір-ақ апаратындарын айтқым келеді, – деген Әйгерім өкінішке толы әңгімесін аяқтады.

А.АЙТЕНОВА,
Нұр-Сұлтан ­қаласының
Дін проблемаларын зерттеу
орталығының психолог маманы

Тағыда

Ұқсас жаңалықтар

Пікір үстеу

Back to top button