Қоғам

Балабақшадағы баланы камера қорғай ма?

Қазір балабақшаға баратын балақайлардың қауіпсіздігі деген түйткілді мәселеге біздің қоғам да басын қатыра бастады. Өйт­пегенде қайтеді, екі күннің бірінде теледидардағы жаңалықтардан балабақшадағы балаға жасалған қастық, зорлық-зомбылық, заңсыздық іс-әрекеттерді көреміз. Шыны керек, бұл – әр отбасын алаңдатып отырған мәселе. Тіпті ай мен күннің аманында баласын балабақшаға, мектепке, колледжге немесе университетке жіберетін ата-­аналар артынан үлкен үреймен шығарып салатындай жағдайға жеттік. Себебі БАҚ-тардағы жантүршігерлік оқиғалар азайғанның орнына, керісінше, көбейіп барады.Дәретханада зорланған бала, Алматыдағы балабақша тәрбиешісінің бір баланы ұрламақ болғаны, Қостанайдағы қазан айындағы елді дүрліктірген оқиға деп тізбектеліп кете береді. Расында да, Қостанайдағы №6 балабақшада болған сорақылық жұрттың жағасын ұстатты. Сөйтсе, әлгі заңсыздыққа барған өте тәжірибелі тәрбиеші екен. Өзінің зейнет демалысына шығуына 1,5 жыл уақыт қалған. Айтпақшы, баланы төмпештеген тәрбиешінің «қылығы» кішкентай балақайлардың өздері ата-анасына айтыпты. Сөйтіп, ата-аналар балабақша басшылығынан бейнежазбаны сұрағанда оқиғаның анық-қанығына жеткен. Нәтижесінде, жазылған шағымға сәйкес, бала ұрғыш тәрбиеші жұмысынан қуылды. Соған қарамастан, ата-аналар прокуратураға жүгініп, балабақшаға онлайн-камера орнатуды өтінді. Әкімдіктегі мамандар ол үшін нормативтік құжаттардың елімізде жоқтығын тілге тиек етіпті. Ал ендеше!
Балабақшадағы балалардың қауіпсіздігі мәселесін жуырда Мәжіліс депутаттары да жабыла көтерді. Халық қалаулыларының пайымдауынша, бүгінгі күннің ең өзекті мәселесінің бірі – балабақшаларды бейнежазба жүйелермен жабдықтау. Депутат Әбдіманап Бектұрғанов әуелде балабақшаға террорис­тердің кірмеуі үшін орнатылған бейнекамералардың қазір баланы «қызуқанды» тәрбиешілерден қорғайтын құралға айналғанын жасырмай айтты. «Басында мұндай бейнекамералар антитеррорлық қауіпсіздік шаралары үшін орнатылды. Алайда тәжірибе көрсеткендей, бұл құрал балаларды ұратын кейбір тәрбиешілерді анықтауға көмектесуде» деді ол Үкімет басшысының орынбасары Бердібек Сапарбаевтың атына жолдаған сауалында.
Айтпақшы, Ұлттық экономика министрлігінің Статистика комитеті ұсынған ресми мәлімет бойынша, биыл елімізде 10314 балабақша болса, соның ішінде 6565-і ғана – мемлекеттік, ал қалған 3749-ы жекеменшік екен. Бұл балабақшалардың барлығы бейнежазба жү­йесімен қамтамасыз етілмегені айдақ анық. Депутаттар 6565-тің тек 2465-інде ғана бейнекамералар орнатылғанын, олар негізінен аула аумағында, дәліздерде және жалпы залдарда ғана қо­йылғанын мәлім етті. Ал балаларға қатысты неше түрлі заңсыздықтар бой көрсететін топтарда ондай техника қо­йылмаған. Неге бұлай? Бұған ешкім жауап бермесі анық. Тіпті балабақша басшылығы кейбір жағдайларда тәрбие­шілердің заңсыз іс-қимылдарын жасыру үшін әдейі қойғызбауы да мүмкін.
Ата-аналарды алаңдатып отырған тағы бір жайт – балабақшадағы күзеттің әлсіздігі. Шетелдерде мұндай нысандарды бес қаруын сайлаған құқық қорғау қызметкері күзетеді. Өйткені адам өмірі, оның ішінде баланың қауіпсіздігі – ұлттың қауіпсіздігі. Бірақ бізде әзірге мұндай ұстаным да, ұмтылыс та жоқ. Соның дәлелі шығар, кейбір мемлекеттік балабақшаларда күзетші кейпіндегі «жай» адамдар кірген жандардың аяғына бахил киген-кимегенін ғана қадағалап отырады.
Жуырда ғана көрші елде болған қайғылы оқиға елді дүрліктірді. Ақыл-есі түзу емес бір адам балабақшаға кіріп кетіп, ойран салып, жазықсыз баланы өлтірді. Яғни жаманшылықтан сабақ алуымыз керек. Әр баланың амандығын ойласақ, қауіпсіздікті балабақшадан бастайық.
Шыны керек, балабақша мен мектептегі күзетті бұрын жасы егде тартқан апа-әжелер атқарушы еді. Солардан артық сенімді, адал күзетші болмайтын. Қазір бір «Сергек» камераларын жер-көкке сыйғызбай мақтап жүрміз. Ендеше неге барлық ата-­аналарға осы «Сергекті» кез келген уақытта қарап, өз баласының қауіпсіздігіне көз жеткізіп отыратын жағдай туғызбаймыз. Бұл мәселені әуелі Парламентте заңды түрде бекітуіміз керек. Және депутаттар айтқандай, барлық балабақшаларға камералар орнатып, оны әрбір топқа қосып қою қажет. Сол кезде белгілі бір нәтиже шығады.

Тағыда

Төлен Тілеубай

«Астана ақшамы» газетінің шеф-редакторы

Ұқсас жаңалықтар

Пікір үстеу

Back to top button