Басты ақпаратРуханият

Образдық ойлаудан кетсе – ол театрдың келешегі көмескі

Жуырда сәтін келтіріп, Асхат ­Маемировпен сұхбаттасқан едік. Парижде Сорбона университетінде, Ресей театр өнері академиясының (ГИТИС) магистратурасында білім алып, «Театр өнерінің магистрі» академия­лық дәрежесіне ие болған, сахналаған қойылымдары Жапония, Франция, Австрия, Германия, Бельгия, Чехия, Израиль, Ресей, Түркия, Грузия, Армения т.б. мемлекеттерде өткен халықаралық фестивальдерде топ жарып шыққан режиссер, бүгінде театр директорының жалпы театр өнерінің даму беталысы жайлы айтқандары «Астана ақшамы» оқыр­мандарына да қызықты болар деп ойлаймыз.– Театр өнерінің қазанында қайнап шыққан, режиссер ретінде қолтаңбаңыз бар адамсыз. Осыған дейінгі жүріп өткен жолдар, актерлік, режиссерлік, өнертанушылық қырларыңыздың театрды басқару ісіне қандай да бір әсері, көмегі байқала ма?
– Әрине, театр – өнердің көптеген түрлері мен жанрлық сипаттарын бір арнаға тоғыстырған синкреттік өнер екені белгілі. Теа­трдың әрбір саласынан хабардар ғана емес, кәсіби тұрғыда тәжірибе жинауың – жұмыс процесі кезінде міндетті түрде өзінің септігін көп тигізеді. Менің де осы режиссерлік, актерлік, өнертанушылық, арт-менеджмент тұрғысында алған маман ретінде кейінгі магистрлік, докторлық білімім – репертуарлық саясатты дұрыс бағытта игеруге, көркемдік-эстетикалық замануи бағыттарды өз ұжымыңа енгізуге, қазіргі театр тенденцияларының актерлер мен режиссерлердің шығармашылық жұмысында көрініс табуына тірек болды. Әрине, театрды басқаруға басқа саладан келген жандарға қарағанда, өнерді кәсіби тұрғыда меңгерген адамның басты артықшылығы – шығармашылық ойлау, режиссерлік тұрғыда пайымдау, қойы­лымның құрылымын зерделеу, өз ұжымының перспективасын пайым­дау секілді қасиеттер санаңда да, жүрегіңде де әрқашан салтанат құрады.
– Сізді бұрын жаңашыл режиссер ретінде танитынбыз, бүгінде Қ.Қуанышбаев театрында нендей жаңашылдық енгізілуде?
– Өнер мен мәдени кеңістік екі түрлі бағытта, дәстүрлі-нормативтік және тәжірибелік-ізденіс үдерісінде өрбитіні белгілі. Бірінші бағытқа, негізінен, тамыры тереңде жақтан өнердегі дәстүрді сақтау мен сабақтастық негіз болса, екінші бағытқа жаңашылдық тән. Осы екі бағыт – құстың қос қанаты іспеттес, кез келген өнер ұжымын алға сүйрейтін механизм. Меніңше, театрға жаңашылдық енгізу – режиссерлердің тарапынан бастау алғаны, яғни қойылымды сахналаудағы жаңа көзқарас, жаңа формалар, инновациялық соңғы жетістіктерді қолдану – мұның бәрі актердің роль жасауына, қойылымда өзгеше өмір сүруіне әкеледі. Мен шет елде көп тәжірибе жинап, магистрлік білім алғандықтан, Еуропадағы әлем таныған режиссерлер мен продюсерлермен өте тығыз әріптестік қатынастамын. Мысалы, Литвада құрылған «Мено Фортес» театрының негізін салған режиссер Эймунтас Някрошюстің жанында мықты менеждер, сол театрдың директоры Аудриус болды. Аудриус болмағанда, ол театрдың даңқының бүкіл Еуропаға жайылуы мүмкін емес еді. Питер Брук, Роберт Стуруа, Сергей Женовачтар туралы да осыны айтуға болады. Яғни, театрдың директоры мен көркемдік жетекшісінің арасында шығармашылық тандем болмайынша – театрдың тасының өрге домалуы екіталай. Спектакль шыққанша режиссер жауапты. Спектакль сахналанған екен, қойы­лымның болашақ тағдыры, яғни көркемдік деңгейін ұстап тұру – актерлерге, ал көрермендермен қамтамасыз ету, халықаралық фес­тивальдерге қатысуы, гастрольдік сапарларға шығуы секілді басты факторлар – театрдың бас менеджеріне байланысты. Сол себепті, жаңашылдық – біздің театр үшін жаңа ғимаратта басталатын жаңа маусымнан бастау алуы тиіс деп есептеймін. Себебі театрдың жаңа ғимараты болашақта сахналанатын қойылымдарға – заманауи жарық қою, дыбыс, сахнаның техникалық шарттары тұрғысынан болсын тың дүниелер қоюға мүмкіндік береді. Ал жаңа театр ғимаратының кіші сахнасына лабораториялық жұмыстар мен жас режиссерлердің тәжірибелік ізденістерінен туған қойылымдары шығады деп айтуға толық сенім бар.
– А.Чеховтың «Ваня ағай», ­М.Омарованың «Ақтастағы Ахико», Г.Хугаевтың «Қара шекпен» драмасын, «Астана Опера» мемлекеттік опера және балет театрында – М.Төлебаевтың «Біржан-Сара» операсын, Е.Брусиловский, Ғ.Мүсіреповтің «Қызжібек» операсын, «Astana Musical» мемлекеттік театрында – Ж.Пресгурвик «Ромео мен Джульетта», т.б. көптеген қойылымдарды сахналадыңыз. Бүгінде өзіңіз басқарып отырған театрдың режиссерлері мен актерлерінің ізденістеріне көңіліңіз тола ма?
– Ізденіс – өте бір ұзаққа созылатын күрделі процесс. Жалпы, режиссер драматург жазған пьесаның деңгейінен асып түсіп, спектакльдің авторына айналған кезде, рольдегі актерлер де биік деңгейде образ сомдайды. Мен үшін бірінші кезекте – образ. Егер театр образдық ойлаудан кететін болса, ол театрдың келешегі – көмескі. Драматургия, актерлік өнер, режиссура мен сценографияда ең бірінші кезекте, образдық ойлау жүйесі болуы тиіс. Образ – тірі театрдың мән-мағынасы, болмысы, өзегі. Маған, актер Н.Өтеуіловтің ізденіс­тері ерекше ой салады. Мысалы, жас режиссер Ф.Молдағалиевпен бірігіп жасаған шығармашылық жұмысы – Абайдың қара сөздері мен өлеңдері негізіндегі «Жан» қойылымы көңілімнен шыққанын жасыра алмаймын. Бұл қойылым көрерменді жалаң эмоциядан көрі, рационалдық театр иірімдеріне тартады. А.Чеховтың «Шие» қойы­лымындағы режиссерлік ізденістер – театрдың жалаң ойлаудан гөрі, метафоралық, символикалық таным өзін ақтаған ерекше қойы­лымдарының бірі. М.Әуезовтің «Қорғансыздың күні» – ұлттық классикалық прозаны сахнада сөйлетудің үздік формасы. Тілектес Мейрамов ойнайтын «Қардағы көгершіннің ізі» қойылымында да өзгеше бір философиялық тағылым бар. «Күн сәулесі түспеген» қойылымындағы актерлік ансамбль – мүлдем өзгеше. У.Шекспирдің «Отеллосын» режиссер Т.Теменовтің Ягоға арнап қоюы да – театрдың өзгеше эстетикалық оқылым жасай алуға шығармашылық әлеуеті жететіндігін дәлелдеді.
– «Актер рольдің авторына айналуы керек» дейсіз, өзіңізге осы театрда жастардың ішінде кімнің ролі ұнамды? Кейде болса да режиссер міндетіне кірісіп кететін кезіңіз бола ма?
– Менің қойылым сахналаудағы режиссерлік басты принципім – актер рольдің авторына айналуы тиіс. Пьесаны мизансценаға шықпас алдында ұзақ талдау, зерделеу, зерттеу, актерге бейнеге қатысты көкейкесті мақсаттарды ұқтыру арқылы өз мақсатыма жетемін. Б.Брехттің театр әдісіндегідей рольді ойнау кезіндегі «Азаматтық ұстанымын» анықтау, тіпті сол рольдің адвокатына айналдыру – менің режиссер ретіндегі алғышарттарымның бірі. Мұндай принциптерге негізделген қойылымдарымның бірі – А.Чеховтың «Сүйікті менің ағатайым» спектаклі. Әр ролін – авторлық тұрғыда сомдай алған актердің спектакль сайын интеллектуалдық ой-өрісі өсіп тұрады. Ой-өрісі биік актермен жұмыс жасау – бір ғанибет. Әрі-беріден соң суреткер тұлға болып қалыптасу үшін артистің бойында кәсіби тамыры мықты – философиялық таным-тағылым болуы тиіс. Мен жалпы қазақ актерлерінің ойнаудан гөрі ойлауға, сахнада тек эмоционалды ғана емес, рационалды өмір сүруге жақын болғанын, интеллектуалдық деңгейінің биік болғанын қалаймын. Әрине, өзге театрларға көрермен ретінде қойы­лым көруге барған кезде, режиссерлік позицияң іштей белсенділік алып отыратын сәттері болады. Шетелдік театрларға барған кезімде өз бойымнан мұндай шығармашылық бұлқыныстарды жиі байқаймын. Ал мұндай сәттер өзім басшылық ететін театрда көп кездеспейді. Себебі мен үшін басшылық лауазымым мен жеке шығармашылығымның шекарасы, тетіктері, ара-жігі саналы түрде нақты айқындалған. Шығармашылық процеске – суреткерлік әлемің мен көркемдік қиял көкжиегің, азаматтық ұстанымың арқау болады. Ал мемлекеттік ұжымды басқару кезінде – еліміздің мемлекеттік заңдары мен құқықтық-нормативтік ережелері негізінде кәсіби заңды тұрғыда әрекет жасайсың.
– Жалпы қазақ театр өнеріне қандай өзгерістер керек? Бұл неден басталғаны жөн?
– Қазақстанның театр кеңістігі – алуан түрлілігімен құнды болуы керек. Қазіргі уақытта Қазақстан театрлары бәсекеге қабілетті. Жылына еліміздің 20-дан астам театрлары шет елдік фестивальдерге, тіпті гастрольдерге шығады. Мұның өзі театрды мемлекеттік тұрғыда қолдаудың дұрыс жолға қойылғанын көрсетеді. Десек те, аймақтарда ізденістерін тоқтатқан, шығармашылық тұрғыда «өлместің» күнін көріп отырған театрлар бар. Оны жоққа шығара алмаймыз. Әрбір театрдың репертуарлық саясаты, шығармашылық ұстанымдары мықты болғанда ғана ол театр өрге басады. Театрдың бас­ты құндылығы – актерлер, алтын діңгегі – режиссер. Қанша жерден бюджеті мықты болып, қаржылай қолдау жаса, егер театр­да режиссер болмаса, болашағы – бұлыңғыр. Теа­тр өнерінде өзекті мәселелер көп. Оны жазғаннан, айтқаннан ештеңе өнбейді. Нақты қадамдар керек. Ең бастысы, театр өнерін дамытуға арналған нақты мемлекеттік бағдарлама керек. Мемлекеттік тұрғыдағы бағдарлама – бұл өз кезегінде ұлт театрының әлемдік кеңістікке жол салар темірқазығы болар еді. Дәл қазіргі уақытта Қазақстанның қазіргі театр өнерінің өзекті мәселелерін арқау еткен үлкен мақала жазып жатырмын. Алдағы уақытта театр саласының маманы ретінде зерделеген, сараптаған ойларыммен бөлісетін боламын. Жуырда ғана осымен 3-ші мәрте еліміздегі кәсіби сахна мамандарына берілетін «Сахнагер» ұлттық театр сыйлығының марапаттау рәсімі өтті. Сол марапаттау кешінде республикалық, облыстық театрларда еңбек етіп жүрген 30-дан астам жастарымыз марапатқа ие болды. Олардың шығармашылық әлеуетіне, талантына, сахналық ізденістеріне тәнті болдық. Ел театрының болашағы – сол жастардың қолында. Олардың арманы мен мақсаты – барлығымыздың көкейімізге үлкен сенім отын жақты.

 

Тағыда

admin

«Астана ақшамы» газеті

Ұқсас жаңалықтар

Пікір үстеу

Back to top button