Жаңалықтар

АЙДЫН АРМАН САПАРЫНАН ОРАЛДЫ

479cbb4a0e04bda19c69bce515934d9a

Қазақ ғарышкері Айдын Айымбетов пен оның серіктестері – ресейлік ғарышкер Геннадий Падалка мен даниялық астронавт Андреас Могенсен ғарыштағы он күндік сапарынан аман-есен оралды. «Союз ТМА-16М» ғарыш кемесінен бөлініп шыққан капсула Жез­қазған қаласынан оңтүстік шығысындағы 146 шақырымдық қашықтыққа қонды. Артынша Астана халықаралық әуежайынан ғарышкерлерді Мемлекет басшысы Нұрсұлтан Назарбаев қарсы алды. 

Тоқтар мен Талғат ағаларының жолын жалғаған Айдын Айымбетов – ұлтымыздан шыққан үшінші ғарышкер. Енді Айдынды арман сапарына аттандырған Қазақстанды ғарыштық державалардың қатарына әбден қосуға болатындай. Арнайы ұйымдастырылған баспасөз мәслихатында оны Елбасының өзі атап өтті.

Әлемдегі 200 мемлекеттің арасында ғарышқа өз азаматтарын санаулы ғана ел ұшырғанын, солардың ішінде мұндай мүмкіндікті қалт жібермеген Қазақстан үш бірдей ғарышкеріне жеті қат көктегі ғажайып тіршілікті тамашалауға бұйыртқанын айтқан Елбасы жерімізде «Байқоңыр» ғарыш айлағының орналас­уы бұған бірден-бір себеп болып отырғанын жеткізді.

Айтпақшы, аталмыш айлақ құрылысының басталғанына биыл 60 жыл толып отыр. Осыны еске салған Мемлекет басшысы бұл мерейтой мен Айдын Айымбетовтың ғарышқа самғауының қатар келуін ел тарихындағы айшықты уақиғаға балады.

Әрине, Айдын Айымбетов ғарышқа әшейін қыдырып барған жоқ. Оған бірқатар зерттеу жұмыстарын жүргізу жүктелді. Соны ол абыроймен атқарып шықты. Бұл тұрғыдан алғанда, осы сапарға Қазақстан тарапынан жұмсалған қаржы толығымен ақталады. Былай деп Елбасының өзі сендіріп отыр.

Баспасөз мәслихаты барысында ғарышкеріміз Ха­лық­аралық ғарыш стансасында Қазақстан атынан өкілдік ету мәртебесін сеніп тапсырғаны үшін Мем­лекет басшысына және Қазақстан халқына алғысын айта келе, тағы ғарышқа адам жіберу керек болса, дайын екендігін жеткізді. Несі бар, Талғат Мұсабаев үш рет ұшты. Айдынның да алдынғы ағасы көрсеткен көрсеткішті еңсеруіне тілекшіміз.

Аманғали ҚАЛЖАНОВ

Тағыда

Ұқсас жаңалықтар

Пікір үстеу

Back to top button