Жаңалықтар

Әлеуметке әлеуетті көмеке

Биыл елордада 10 мыңнан аса отбасы әлеуметтік тұрғын үйлерден пәтер алады.

Елордада әлеуметтік тұрғын үйлер мен нысандардың құрылысы көптеп жүргізіліп жатыр. Бұл үйлерге медицина қызметкерлері, педагогтар, әлеуметтік қызметкерлер, ТЖД және полиция қызметкерлері, мәдениет және спорт саласы қызметкерлері қоныстанатын болады. Қала әкімдігі аталған санаттағы тұлғаларға берілетін тұрғын үй сертификатының сомасын 1 миллион теңгеден 1,5 миллион теңгеге дейін ұлғайтты.

– 2018 жылы қалада 1800 әлеуметтік пәтер берілсе, 2019 жылы әлеуметтік пәтерлер саны 2900-ға дейін артты. Өткен жылы 7 мыңнан астам пәтерге тұрғындар қоныстанды. Биыл бұл көрсеткішті 10 мыңға дейін арттыруды жоспарлап отырмыз. Сәйкесінше Қазақстандық тұрғын үй компаниясының бағдарламасына қатысушы мамандықтар тізбесін де кеңейттік, – деді қала әкімі Алтай Көлгінов өзінің әлеуметтік желі парақшасында.

Есіл ауданындағы жеңілдікпен берілетін бірқатар қолжетімді тұрғын үй мен мектептің құрылысымен танысу сәтінде шаһар басшысы бас қала Елбасының бастамасымен қолға алынған «Жұмыс істейтін жастарға жалға берілетін тұрғын үй» бағдарламасының жалғасатынын да айтты. Аталған бағдарлама арқылы 1 мыңнан астам жас баспаналы болмақ.

Сонымен қатар биыл елордада 15 мектеп салынады. Оларда 40 мыңнан астам оқушы оқитын болады. Білім беру нысандарының құрылысы соңғы 2 жылда 4 есеге дейін ұлғаяды.

Тағыда

Ұқсас жаңалықтар

Пікір үстеу

Back to top button