Елорда тынысыЕлордада – есімі

«Ұлы орыстың қазақ баласы»

Биыл бодандық бұғауынан босап, азат ел атанғанымызға 30 жыл толады. Тәуелсіз Қазақстанның негізін қалау, егемен елдің еңсесін тіктеу үшін алғышарттарды жасау, мемлекеттің саясатын қалыптастырып, алғашқы заңдарды қабылдау ХІІ шақырылымдағы ҚазКСР, 1991 жылдың 16 желтоқсанынан бастап Қазақстан Республикасы Жоғарғы Кеңесінің еншісіне бұйырды. 1990 жылдың наурызында өткен сайлау қорытындысында оған 360 депутат сайланды. Соның бірі – ұлты басқа болса да, мемлекетқұраушы қазақ ұлтының мүддесіне қызмет еткен Александр Княгинин еді.

 ТӘУЕЛСІЗДІКТІ ҚОЛДАДЫ

Жоғарғы Кеңес 1990 жылдың 25 қазанында «ҚазКСР-нің мемлекеттік егемендігі туралы» декларацияны, 1993 жылдың 28 қаңтарында Қазақстанның тұңғыш Конституциясын қабылдады. Мемлекет және қоғам қайраткері Қуаныш Сұлтанов «Мемлекеттік тәуелсіздік бастауларында» атты мақаласында «Қазақстан Республикасының мемлекеттік тәуелсіздігі туралы» конституциялық заңының қалай қабылданғанын еске алады.

«Республика Президенті бұл заң жобасын Жоғарғы Кеңес қарауына ұсынды. Осы құжат 15-16 желтоқсанда, екі күн бойы талқыланды. Әр бап мұқият қаралды. Әсіресе, қазақ халқының ұлттық мүдделері, тіл мәселелері, ұлтаралық және халықаралық қатынастарға ерекше көңіл бөлінді. Әртүрлі кереғар пікірлер, ұсыныстар мен пайымдар айтылды. Заңның қабылдануына негізгі үлесті бірнеше ұсыныс айтқан Президент Нұрсұлтан Назарбаев қосты» дейді онда автор.

Қ. Сұлтановтың жазуынша, сол жиында депутаттар қатарындағы Салық Зиманов, Жабайхан Әбділдин, Әнуар Әлімжанов, Өмірбек Жолдасбеков, Шерхан Мұртаза, Әбіш Кекілбаев, Зинаида Федотова, Сұлтан Сартаев, Мұрат Әуезов, Нұрлан Оразалин, Александр Княгинин секілді белгілі заңгерлердің, ғалымдардың, мәдениет, өнер, әдебиет қайраткерлерінің сөйлеген сөздері есіңде қалыпты. Олардың бәрі Қазақстанның тәуелсіздік алуын қолдады. Нәтижесінде 16 желтоқсанның кешінде көпшілік дауыспен заң қабылданды. Жұрттың қуанышында шек болмады.

  ҚАЗАҚ ТІЛІН ҚҰПТАДЫ 

Александр Княгинин Жоғарғы Кеңеске Семей облысынан сайланды. Онда ол ҚазКСР мемлекеттік агроөнеркәсібі «Қой шаруашылығы кешені» эксперименталды өндірістік бірлестігінің бас директоры қызметінен келді. Азаматты таныған, онымен бірге қызмет істеген адамдар Александр Александровичтің Қазақстанның нағыз патриоты болғанын айтады.

– Александр Княгинин өте қарапайым, білімді азамат болатын. Кез келген мәселеге объективті көзқараста еді. Принципшіл болып, әр сөзін дәлелдермен айтатын. Әсіресе, қазаққа жақын тартып тұратын. Жоғарғы Кеңес депутаттарының жартысы өзге ұлттар болды. Арасында орыстілді қазақтар да аз емес еді. Сол жылдары егемендік туралы декларация, тәуелсіздік туралы заң, тұңғыш Конституция, мемлекетіміздің басқа да негізгі заңдары қабылданды. Ол уақытта көптеген айтыс-тартыстар, пікірталастар орын алып жататын. Сонда қазақ мемлекеттілігіне қатысты біраз қарсы пікірлер де айтылды. Ал Александр Княгинин қазақ депутаттарының өзін ұялтып: «Мыналарың дұрыс емес. Біз негізінен қазақ халқының мүддесін қорғауымыз керек. Қазақтар – мемлекетқұраушы ұлт. Біз қазақтардың жерінде тудық. Осында өніп-өстік. Оларға рақмет айтуымыз керек. Тәуелсіз Қазақстанды нығайтуға әрекеттенуіміз қажет. Бәріміз сол жолда бір кісідей жұмылуымыз керек» дейтін. Сол кезеңдерде Батыс Қазақстан, Шығыс Қазақстан, Солтүстік Қазақстан өңірлерін Қазақстаннан бөліп алу мәселелері көп айтылды. Мұны Васильев, Жаворонкова, Чернышев дейтін депутаттар қоздыратын. Соларды Княгинин сабаларына түсіретін. Біз мұнысына риза болып, оны «ұлы орыстың қазақ баласы» деп атап кеттік. Княгинин қазақ тілінің мемлекеттік тіл ретінде қабылдануына үлкен үлесін қосты, – дейді мемлекет және қоғам қайраткері, Жоғарғы Кеңестің ХІІ шақырылымында депутат болған Қуаныш Айтаханов.

«Тіл туралы» заң елімізде алғаш рет 1989 жылдың 22 қыркүйегінде қабылданғаны белгілі. Ол уақытта Кеңес Одағы тарамаған. Қазақстан да КСРО құрамында болды. Заңда қазақ тілі мәртебесі мемлекеттік тіл ретінде айқындалды. Еліміз тәуелсіздік алғаннан кейін қабылданған тұңғыш Конституцияда да «мемлекеттік тіл – қазақ тілі» деп анық жазылды. Сол кезде Жоғарғы Кеңес депутаттарының арасында орыс тілін алдыға, жетекші орынға шығарғысы келгендер болды. Бірақ бұларға Александр Княгинин қосылмады. Ол керісінше, қазақ тілінің мемлекеттік тіл болып қабылдануын жан-тәнімен құптап, соған дауыс берді. «Қазақ тілі тек қана осы жерде, Қазақстанда өмір сүріп, гүлденеді. Қазақтарға ана тілдерін қайтару керек. Олай болмаған жағдайда одан айырыламыз» деді Княгинин сол кездегі жиындардың бірінде сөйлеген сөзінде.

КӨРНЕКТІ КОНСТРУКТОР, БІЛГІР БАСШЫ

Александр Княгинин ауыл шаруашылығының білгірі, осы саланың жілігін шағып, майын ішкен майталман маман еді. Қазақстан халқы Ассамблеясы сайтында ол туралы мәліметтер берілген. Сонда аса көрнекті конструктор ретінде 150-ден астам ғылыми өнертабыстың авторы және тең авторы екені жазылған. Соның жиырма тоғызының әлемде баламасы жоқ екен. Ол қой шаруашылығына қатысты озық технологияларды ойлап тауып, оларды аталмыш шаруашылыққа енгізді. Өте жаңашыл азамат болатын.

Александр Княгиннің балалық, бозбалалық шағы Қостанай, Торғай атырабында өтті. Осы өлкеде азамат болып қалыптасты. Майдангер әкесі Қостанай түбіндегі орман тәлімбағында директор болған. Бірақ тым ерте, 43 жасында өмірден озып кетті. Артында жары алты баламен қалды. «Әйел – қырық шырақты» дейтініміз бар. Сол сияқты қосағынан айырылған бала Александрдың анасы барлық перзентін аяққа тұрғызды. Көп жыл кеншар директоры болып, қызметін де ақсатпады.

Саша бұл отбасының тұңғышы еді. Бала кезінен әрнәрсені білуге құштарлығымен, білімге құмарлығымен ерекшеленді. Мектептен кейін Қостанай ауыл шаруашылығы техникумына, одан соң жергілікті институттың механика факультетіне оқуға түсті. Оқу оған оңай болды. Таңдаған мамандығын меңгерумен қатар көркемөнерпаздар үйірмесіне, қоғамдық жұмыстарға қатысуға, спортпен шұғылдануға үлгеретін. Институтты бітіргеннен кейін жолдамамен Торғай кеншарына бас инженер болып келді. Осында Қазақстандағы алғашқы қой қырқымы цехын салды.

Кейіннен осы кеншарды басқарған жылдары туралы естелік жазып кетті. Оның жазуынша, бұл өте ірі кеншар еді. «Бір қойдың өзі 85 мың бас, мыңдаған жылқы мен сиыр, қаншама егістік болды… Қыс аяқталған соң, қойлар түлей бастайды. Жиырма күнде қырқып алуды үлгермесеңіздер, жүннен айырыласыздар. Кеншарға келгенімде, жүн шығыны өте көп еді. Бірақ оған ешкім басын ауыртпайтынын байқадым. Сөйтіп бұл істі түзеуді ұйғардым. Ставропольге ұшып барып, Қой шаруашылығы институтына бас сұқтым. Бүкілодақтық ауыл шаруашылығын электрлендіру және механикаландыру ғылыми-зерттеу институтында болдым. Сондағы мамандар жанашырлық танытты. Бірақ нақты қалай көмектесетіндерін білмеді. Осылайша өзіме ойлануға тура келді. Ақыры бірден жүз машиналық қырқу цехын салуды ұйғардым»

Княгининнің жаңашылдығы Тың өлкесі ауыл шаруашылығын механикаландыру және электрлендіру ғылыми-зерттеу институтында жалғасты. Екі жылда ол жетекші конструктор қызметіне дейін көтерілді. Батыл идеяларды іске асыруды қолға алып, қой шаруашылығында еңбек өнімділігін 10-15 есеге арттыратын технологияларды әзірледі.

 МИНИСТР ҚЫЗМЕТІНЕН НЕГЕ БАС ТАРТТЫ?

Александр Княгинин ҚазКСР мемлекеттік агроөнеркәсібі «Қой шаруашылығы кешені» эксперименталды өндірістік бірлестігінің бас директоры болды. Бұл жылдар өмірбаяны мен еңбек жолындағы елеулі кезең саналады. Сол жылдары-ақ түрлі технологиялар арқылы адам еңбегін жеңілдетуге, есепке алудың электронды жүйелерін тәжірибеге енгізуге, мал шаруашылығындағы сапа көрсеткіштерін жақсартуға, жайылымдарды ретке келтіруге кірісті. Бір сөзбен айтқанда, өз заманынан оза туған еді. Соны байқаған Мемлекет басшысы Нұрсұлтан Назарбаев оған Ауыл шаруашылығы министрі, кейіннен облыс әкімі қызметтерін ұсынды.

Бірақ ол «Қой шаруашылығы кешеніне» бауыр басып, үйреншікті жұмысын тастағысы келмеді. Сол себептен Президент ұсынысынан бас тартты. Өз өнертабыстарын тәжірибеге енгізуді тоқтатпады. Бұл кәсіпорында қой шаруашылығына ғана емес, ауылдарға қажет эксперименталды техника әзірленетін. Александр Княгинин осы жерде өзі жасаған балдырлардың ерекше штаммын сынап көрді. Бұл препарат радиация мен экологиялық апаттардан зардап шеккен адамдарды емдеуге арналған.

 ЕЛЕКЕЕВ ҰСЫНЫСЫ ЕЛЕНДІ

Иә, полигон аймағындағы халықтың аурушаңдығы, сәбилердің түрлі ауытқулармен туатыны оның жанына қатты бататын. Семей халқы да Княгининді қатты құрметтеді. Жергілікті жұртшылық 1990 жылғы Жоғарғы Кеңес сайлауында оның кандидатурасын қолдап, дауыс берді. Александр Александрович өмірден озған соң семейлік зиялы қауым қаладан, «Қой шаруашылығы кешені» тұрған аймақтан атына көше сұрады. Бірақ бұл ұсыныс қолдау таппады.

Есесіне 2010 жылы Астанада Александр Княгинин көшесі пайда болды. Үкімет атына тиісті сауалды сол кездегі Парламент Мәжілісінің депутаты Ирак Елекеев жолдады. Нәтижесінде қаланың ономастика комиссиясының шешімімен, қала әкімі мен қалалық мәслихаттың қаулысымен 2010 жылдың көктемінде Есіл ауданындағы Новостроительный көшесі Александр Княгинин болып қайта аталды. Бұл көше «Шұбар» тұрғын алабында орналасқан. Ұзындығы 500 метрден сәл асады.

«Тәуелсіздік – қазақ халқының сан ғасырлық арманы еді. Сондықтан біз, өзге ұлттар бұл қол жеткізген арманды тұмардай қастерлеуіміз керек» деген еді Александр Княгинин Жоғарғы Кеңестің бір отырысында. Белгілі ақын Болат Шарахымбай Княгининге Халық қаһарманы атағын беру керек деп есептейді. Биылғы ақпан айында «Аnа tili» газетінде жарық көрген «Ерлікті бағалай білейік» атты мақаласында ақын сондай ой айтады.

Александр Княгинин 1937 жылы Новочеркаск қаласында туып, 2007 жылы дүниеден өтті. Кішкентайынан қазақ жерінде өсіп, оның бар қасиетін бойына сіңірді. Қазақ халқының мүддесіне қызмет етті. Жақсы аты әлі де дүркін-дүркін жаңғыратынына сенімдіміз.

Тағыда

Ұқсас жаңалықтар

Пікір үстеу

Back to top button