Руханият

Ұлы ұстаз мұрасы ұлықталды

Арқамызда қалған жылда атақты жерлесіміз, Шығыстың Аристотелі атанған Әбу Насыр Мұхамед ибн Тархан ибн Узлағ әл-Фарабидің туғанына 1150 жыл толды. Алатау баурайындағы қазақ білім-ғылымының қара шаңырағы, ұстаз атындағы университетте мерейлі жылдың шымылдығы түрілді.

Ашылу салтанатына жиналған БҰҰ, ЮНЕСКО, Ислам ынтымақтас­тық ұйымы, Түрксой сынды халық­аралық ұйымдар мен дипломатиялық миссия өкілдері және шетелдік фарабитанушы-ғалымдар алдында мемлекет хатшысы, Әбу Насыр әл-Фарабидің 1150 жылдығын дайындау және өткізу жөніндегі мемлекеттік комиссияның төрағасы Қырымбек Көшербаев сөз сөйлеп: «әл-Фараби мерейтойын атап өтудің басты мақсаты – ғалымның мұрасын зерделеуге жаңа серпін беру, әлем тарихындағы оның рөлін айқындап, есімін ұлттық бренд ретінде ұлықтау» деп, жылдың маңызды жобасының мәнін атап көрсетті.
Бүкіл әлемді өкпесінен қысқан пандемияға қарамастан, фарабитанушылар мен ғылыми қоғамдастық ұлы ғалымның мұрасын елде және бүкіл әлемде кеңінен насихаттап, дәріптеу бойынша орасан зор жұмыс атқарды.
Шетелдегі Қазақстанның елшіліктерімен және әл-Фараби орталықтарының қолдауымен және жетекші шетелдік университеттермен бірлесіп – Оксфорд университеті, Джавахаралл Неру университеті, Ыстанбұл университеті, Каподистрия атындағы Афина ұлттық университеті, София университеті, Дамаск университеті, Мысыр университеті және басқа да университеттермен бірқатар халықаралық конференциялар өткізілді. Әл-Фарабидің мерейтойы Үндістан, Сингапур, Малайзия және Индонезияда аталып өтті. Халықаралық іс-шараларға әлемнің 50 елінің атынан 100-ден астам университеттерден және тағы басқа ұйымдардан 12 мыңнан астам адам қамтылды.
Өз елімізде онлайн режимінде 60-тан астам конференция, дөңгелек үстел мен ғылыми семинарлар өтті. Ұстаз мұрасы қоғамға рухани серпіліс әкелді. Әлеуметтік желілерде «Парасаттылық сағаты» жалпыреспубликалық шарасы, «әл-Фараби және қайырымды қоғам» атты видео­дәріс және «Екінші ұстаз» онлайн веб-семинарлар сериясы өткізілді. «Қайырымды қоғам» челленджіне әлемнің 7 елінен келген шетелдік студенттермен қоса, Қазақстанның жоғары оқу орындарының 14 мыңға жуық студенті қатысты. «әл-Фараби» халықаралық пәндік олимпиадасына алыс және жақын шетелдердің 10 елінен 9,5 мыңнан астам мектеп оқушысы қатысты. Олимпиада жеңімпаздарына әл-Фараби атындағы ҚазҰУ-да оқуға 40 білім гранты бөлінді.
Сонымен қатар, әл-Фарабиға арналған 7 монография, әл-Фарабидің дәйексөздер жинағы, «Қа­йырымдылық» ойлары мен нақыл сөздер жинағы қазақ, орыс және ағылшын тілдерінде жарық көрді. Әл-Фарабидің бұрын жарияланбаған үш трактаты араб тілінен қазақ тіліне аударылды.
«Фараби жылы» аясында әлемде тұңғыш рет жарық көрген «әл-Фараби» энциклопедиясының тұсаукесері өтті. Энциклопедияның мазмұны тарихи деректер, мәліметтер, географиялық нысандар, өмірбаяндық мәліметтер, ойшылдың өмір жолы мен ғылыми мұраларын (трактаттары мен оларға түсіндірмелер), ұғымдар мен терминдер, араб-мұсылман ренессанс кезеңіндегі белгілі ғалымдардың еңбектерін қамтиды. Әл-Фараби атындағы ҚазҰУ жанындағы әл-Фараби халықаралық орталығында әл-Машани деген атпен танымал әйгілі ғалым және фарабитанушы Ақжан Машанов мүсінінің ашылуы да осы жолда көп ізденіп, ұстазымыздың есімін елге қайтарған Ақжан Жақсыбекұлына да құрмет көрсетілді.
Мұндай ауқымды істердің ең үлкен қайыры ұлы ұстаздың оралуы болды. «XX ғасырдың 60-70-жылдарында қазақ оқымыстыларының табанды зерттеулерінің арқасында ұлы ойшылдың еңбектері Қазақ еліне оралды. Осылайша «екінші ұстаз» туған топырағымен қайта қауышты. Әрине, бұл айтуға ғана оңай. Өйткені сол тұста көптеген елдерде әл-Фараби секілді әлемдік деңгейдегі ірі тұлғаны өздеріне қарай икемдеу үрдісі жүріп жатты. Ғалымдарымыз қажырлы еңбегі мен ғылыми дәлелдемелері арқылы әл-Фарабидің қазақ жерінің тумасы екенін әлемдік қауымдастыққа мойындатты. Әбу Насыр әл-Фараби – бір ұлттың шеңберінен шығып, бүкіл адамзат биігіне көтерілген қайталанбас тарихи тұлға! Оның рухани әлемін тану адамзаттың мың жыл бұрынғы парасат-пайымын тану ғана емес. Бұл дегеніміз – бүгінгі болмысымыздың қай деңгейде екеніне көз жеткізу, сол туралы ой толғау, осыған орай жаңа заманның сын-қатерлеріне лайықты жауап іздеу. Біздің алдымызда тұрған зор міндет – ғұламаның әлем мойындаған өмірлік қағидаларын қазіргі заманға сай қолданып, ақыл-ой биігіне көтерілу, елімізді дамыған озық елдердің қатарына қосу. Сондықтан әл-Фарабидің 1150 жылдық мерейтойы рухани өміріміздің қарқынды дамуына зор серпіліс беретін, сондай-ақ жалпыұлттық жаңғыруға жол ашатын игі бастама болатынына сенімдіміз!» деген болатын.
Расында да, осы күнге дейін ғылыми ортада айтылатын Фараби мұрасы халық арасында кең насихатталды. Айтулы жылда ғұлама еңбектері ана тілімізге аударылып, философиялық ойлары бүгінгі қоғамымызда қайта жаңғырды.
Ойшылдың қайырымды адам және азаматтық қоғам қандай болуы керек, мемлекеттік басқарудың әділетті жолы қандай, бақытты өмір, бақуатты тұрмыс мәселелеріне қатысты «Бақыт жолын сілтеу», «Бақытқа жету жайында» атты еңбектері, мінсіз көшбасшы, дін туралы толғаулары сан ғасырдан кейін көкірегімізде қайта жаңғырды. Бүгінгі қоғамның сансыз сауалдарына жауап беретін бұл еңбектер осы ғасырдың тұрғындары да мұқтаж екені белгілі болды.
Осы ретте жыл бойында данышпан мұрасын дәріптейтін барлық жаңалықтарды қалт жібермей, фарабитанушылардың зерттеулерін де оқырмандарға жеткіздік. Газеттің бетінде ұлы философқа қатысты ондаған мақалалар, ғылыми зерттеулер, сұхбаттар жарық көрді.
Соның ішінде айтып өтеріміз, әл-Фараби атындағы Қазақ ұлттық университеті шығыстану факультетінің докторанты Айдынгүл Хаванның араб тілінен аударған ойшылдың ұлы дұғасының «Дуа азим» қазақша аудармасын жария­лады. «Китәбу-л миллә уә нусус ухра» (Бейрут, Дарул-машриқ, 1991 жыл) кітабынан алынып, қазақ тіліне алғаш рет аударылып, оқырмандарымызға ұсындық.
Фарабитанушы Жақыпбек Алтаев газетімізге сұхбат беріп, «Халифаттағы ортағасырлық ғалым Платон, Аристотель жəне басқа да грек философиясы классиктерінің шығармаларын неоплатондықтардың өңдеуі бойынша алды. Əл-Фараби шынайы Аристотельді кейінгі мистикалық түсіндірмелерден тазартып тануға өз алдына мақсат қойды. Бұл еңбекті керемет жазғандығы соншалық, оны көзі тірісінің өзінде-ақ «əл-Муалим əс-сани» (екінші ұстаз) деп атап кетті, себебі арабтар Аристотельді бірінші ұстаз санаушы еді. Сонымен қатар, әл-Фараби Аристотельдің трактаттарына («Категориялар», «Герменевтика», «Бірінші жəне екінші аналитика», «Топика», «Риторика», «Поэтика» жəне т. б.), басқа да грек философтарының шығармаларына түсініктеме берді. Бұл еңбектің сапасы туралы куəлік бізге Ибн Сина арқылы жетті. Ол: «Мен Аристотельді əл-Фарабидің түсініктемесін оқығаннан кейін түсіндім» деп ойшыл мұрасын түсіндірген мақалалар жиынтығы тұрақты жарияланды.
Фараби мұрасын таратып айтқан белгілі шығыстанушы ғалым Бобожан Ғафуров Шығыста Аристотель əл-Фарабидің арқасында Аристотель болды дейді. Ортағасырлық Еуропа ежелгі грек философиясымен оның еңбектері арқылы танысты (тікелей немесе оның ізбасарлары Ибн Сина, Ибн Рушд, Маймонидтің еңбектері арқылы). «Фарабидің философиясы оның Шығыстағы ізбасарлары еңбектерінің арқасында байып, латын аверроистері арқылы өтіп, еуропалық қайта өрлеу дəуіріне өз үлесін қосты. Осылайша әл-Фараби ислам өркениетінің тарихында еркін ойлардың таралуына негіз жасады» деп ғалым ойын түйіндеді.
Ұстаздың оралуы қазақы санамыз­да серпіліс жасады деуге болады. Сол үшін де биылдың олжасы, ұлық ойларға сусындап, дүниетанымның басты сұрақтарына жауап алып кемеңгерлік кемеліне кенеле бастағандай сезіндік. Бүкіл әлем ой-өрісінде ізін қалдырған Фараби жылы осынысымен құтты болып, құндылығымыздың қатарын толықтыра түсті.

Тағыда

Айгүл Уайсова

Ақпарат саласының үздігі

Ұқсас жаңалықтар

Пікір үстеу

Back to top button