Руханият

Абай жылының айшықтары

Жылыстап бара жатқан 2020 жыл ұлы Абайдың 175 жылдық мерейтойымен айшықталды. Мемлекет басшысы Қасым-Жомарт Тоқаев жыл басында жарық көрген «Абай және ХХІ ғасырдағы Қазақстан» атты мақаласында хакім мерей­тойының мәні мен маңызына тоқталып, ел көлеміндегі және халықаралық деңгейдегі ауқымды іс-шаралар той тойлау үшін емес, ой-өрісімізді кеңейтіп, рухани тұрғыдан дамуымыз үшін өткізілетінін ерекше атап өтті.

ХАКІМ МЕРЕЙТОЙЫ ЕЛОРДАДАН БАСТАЛДЫ

Президент осы жылы ақындығымен ғана емес, ойшылдығымен, ағартушылық еңбегімен, композиторлығымен ұлт ұстынына айналған тұлғаға «Абай – рухани реформатор» атты тағы бір мақаланы және Елбасы Нұрсұлтан Назарбаев «Абай аманаты» мақаласын арнады. Бұл жағдай хакім тұлғасы мен мұрасының рухания­тымызда үлкен орын алатынын дәлелдей түседі. Мемлекет басшысы жазғандай, Абайдың өлеңдері мен қара сөздерінде ұлт болмысы, бітімі, тұрмысы, тіршілігі, дүниетанымы, мінезі, жаны, діні, ділі, тілі, рухы көрініс тауып жатыр.
Хакім мерейтойы қаңтар айында елордадан басталды. «Астана Опера» театрында өткен Абай жылының ашылу салтанаты «Қазақ халқы – Абайдың халқы» атты мерекелік концертке ұласты. Жалпы Абай тойына арналған халықаралық, республикалық және аймақтық деңгейде 500-ден астам іс-шара өткізу жоспарланды. Әлемді жайлаған індетке байланысты соның дені онлайн форматта ұйымдастырылды. Бірақ содан тойдың маңызы төмендемеді. Алыс-жақын шетелдерде, еліміздің ірі қалалары мен өңірлерде ұлы ақын мерейтойы лайықты деңгейде атап өтілді.

«АБАЙТАНУ» ОРТАЛЫҒЫ АШЫЛДЫ

Елордамыз – Нұр-Сұлтан қаласының өзінде ауыз толтырып айтарлықтай бірқатар іс-шара қолға алынды. Атап айтқанда, Абай Құнанбайұлы атындағы №87 мектеп-гимназияда «Абайтану» ғылыми-танымдық орталығы ашылды. Анығында, бұл орталық бас қаламызда жұмысын бірнеше жыл бұрын бастады. Бірақ лайықты ғимарат болмағандықтан, жетекшісі, ақын, абайтанушы Алмахан Мұхаметқалиқызы жинаған жәдігерлерді орналастыратын лайықты ғимарат таппай, көшіп-қонуға мәжбүр болды. Былтыр жаңа орта мектеп пайдалануға беріліп, хакімнің атын иеленген соң, бұл мәселе түбегейлі шешілді.
Болашақта елордада «Абай әлемі» орталығы да бой көтереді. Оның эскиздік жобасы дайын. Л.Гумилев атындағы Еуразия ұлттық университеті жанында «Абай академиясы» ғылыми-зерттеу институты жұмыс істеп жатыр. Бұл мекеменің құрылғанына осы желтоқсан айында бір жыл болды. Академия тарапынан «Абай Құнанбайұлы мұрасы және қазіргі Қазақстан: жаңаша аспектіде жүйелеу, талдау және басылымға даярлау» атты кешенді ғылыми жобасы қолға алынды.
Биыл институт ұлы Абай мерейтойы аясында біраз еңбектеніп, ондаған кітап шығарды. Соның ішінде белгілі ғалым Тұрсын Жұртбайдың «Білмей мұны жазған жоқ… (Абай өлеңдерінің жаңадан табылған қолжазба нұсқалары)», «Кешегі өткен би Құнанбай», «Соқтықпалы, соқпақсыз заманда өсті» еңбектері, ҚР ҰҒА корреспондент-мүшесі, заң ғылымдарының докторы, профессор Нұрлан Дулатбековтің «Құнанбай Өскенбаев ісі» атты дерекнамалық кітабы, «Абайдың ғұмырнамасы», «Абай және қазақ социумы», «Абайдың пәлсапасы», «Абай және Алаш сабақтастығы», «Абайдың педагогикалық дүниетанымы» ұжымдық жинақтары, әдебиеттанушы ғалым Серік Негимовтің «Абайдың көркемдік және ғылыми дүниетанымы», абайтанушы Сұлтан Ыбырайдың «Жарым адамнан – толық адамға» кітаптары, балаларға арналған «Бес асыл іс» танымдық жинағы жарық көрді.«НҰР-СҰЛТАН-ЖИДЕБАЙ» ВЕЛОШЕРУІ

Нұр-Сұлтан қаласы әкімдігінің қолдауымен Сәкен Сейфуллин мұражайы ұлы Абайдың мерейтойына арнап «Жүрегімнің түбіне терең бойла» мүшәйрасын ұйымдастырып, қомақты қаржылай сыйлықтарды тағайындады. Бұл додада белгілі ақын, халықаралық «Алаш» әдеби сыйлығының иегері Жанат Әскербекқызы бас жүлдені иеленді. Дәстүрлі «Алтын домбыра» айтысы «Абай тағылымы – тәуелсіздіктің тірегі» атауын иеленіп, онда Сыр бойының жүйрігі Мұхтар Ниязов үшінші мәрте топ жарды.
Осы жылы бас қаладағы Абай даңғылы, 50 мекенжайындағы тұрғын үйдің қабырғасына ұлы ақынның бейнесі кескінделді. Мурал Байқоңыр ауданы әкімдігінің қолдауымен салынды. «Қазақконцерт» мемлекеттік концерттік ұйымының суретшісі, гиперреалист мүсінші, «Қазақстанның 100 жаңа есімі» жобасының жеңімпазы Айдос Есмағамбетов балауыздан хакім бейнесін соғып шықты.
Ал ағылшын тілінің маманы, журналист Ернат Мэлсұлы, әріптесіміз, «Астана ақшамы» газетінің тілшісі Дәулетқали Асауов және Ақмола облыстық тарихи-өлкетану музейінің ғылыми қызметкері Жасұлан Үкеев хакім мерейтойына «Нұр-Сұлтан-Жидебай» велошеруін арнап, елордадан Абайдың туған еліне барып қайтты. Олар 1000 шақырымдық қашықтықты артқа тастап, бір аптаның ішінде межелі жерге жетті.

АҚЫЛ-ОЙДЫҢ АЙНАСЫ

Енді әр жыл сайын 10 тамызда Абай күнін атап өтеміз. Биыл бұл мереке Үкімет қаулысымен бекітілді. Бұл өте дұрыс шешім болды. Себебі бұдан бұрын ғалымдар пікірі екіге жарылып, біреулер Абайдың туған күні 10 тамыз десе, екіншілері 23 тамыз деп бой бермейтін. Сондықтан ұлы ақынға тамыз айында екі рет әртүрлі шаралар арналатын. Биыл бұл мәселеге де нүкте қойылды.
«Абай» телернасының ашылуы да биылғы елеулі жаңалықтардың бірі. «Абай» телеарнасы – ақыл-ойдың айнасы» ұранымен хабар таратып жатқан ол көрермендердің жақсы бағасын алып келе жатыр. Сондай-ақ «Абай» және «Абай жолы» телехикаялары түсіріліп, «Қазақстан» және «Хабар» телеарналарынан көрсетілді.

ТЕАТРЛАР ТАРТУЫ

Театрларда хакім туралы бірнеше спектакль көрермендерге жол тартты. Елорданың өзінде жаңа, еңселі ғимаратқа көшкен Қ.Қуанышбаев атындағы Қазақ мемлекеттік академиялық музыкалық-драма театры М.Әуезов­тің «Абай» трагедиясының жаңартылған нұсқасын, «Жастар» театры Ж.Сомжүректің «Көзімнің қарасы», Ә.Мәмбетов атындағы мемлекеттік драма және комедия театры М.Әуезовтің «Жас Абай» және Музыкалық жас көрермен театры осы автордың «Абай-Тоғжан» спектакльдерін ұсынды.
Осы жылы Мемлекет басшысы әдебиет пен өнер саласындағы Мемлекеттік сыйлыққа Абай атауын қайтарды. Неге, қалай екені белгісіз, әу бастағы хакімнің атындағы бұл сыйлықтан кейінгі жылдары «Абай» анықтамасы түсіп қалған еді. Биыл ғана орнына келді. Тәуелсіздік күні қарсаңыңда сыйлық иелеріне тиісті марапат тапсырылды.

АҚЫН МҰРАСЫ – ӘЛЕМ ТІЛДЕРІНДЕ

Биыл хакім тұлғасына қатысты басы қайырылған тағы бір үлкен істің қатарына Абай шығармаларының әлемнің 10 тіліне аударылуын жатқызамыз. Бұл – ағылшын, араб, қытай, испан, итальян, неміс, орыс, түрік, француз және жапон тілдері. Аударма жинақтарға ақынның 145 өлеңі, 3 поэмасы мен 45 қара сөзі кірді. Бұл жұмысты «Ұлттық аударма бюросы» қоғамдық қоры жүзеге асырды. Мұның сыртында «халықаралық Абай клубы» тұғыры биік тұлғаның он томдық толық шығармалар жинағын бес тілде шығарды. Атап айтқанда, ұлы ақынның мұрасы қазақ, орыс, ағылшын, француз, неміс тілдерінде жарық көрді.
Шетелдерде өткен шараларға келсек, Мәдениет және спорт министрлігінің қолдауымен Ұлттық академиялық кітапхана бірқатар мемлекетте «Абай» мәдени-ақпараттық орталығының ашылуына мұрындық болды. Соның алғашқысы Чехия астанасы – Прага қаласында ашылса, содан кейін Біріккен Араб Әмірліктерінде, Мысыр Араб Республикасында, Италияда, Ресейдің Санкт-Петербург шаһарында осындай орталықтар есігін айқара ашты. Бұған Қазақстанның шетелдердегі елшіліктері де үлестерін қосып, өз тарапынан Абай мұрасының әлем тілдеріне аударылуына жағдай жасады.

АЙМАҚТАР АЖАРЛАНДЫ

Әрине, ұлы Абайдың мерейтойы тұсында хакімнің алтын бесігі Шыңғыстау өңірінде ауқымды жұмыс жүргізілді. Алдымен аймақтың абаттандырылуына көп көңіл бөлінді. Соның арқасында Ақшоқы мен ақынның кіндік қаны тамған Сырт Қасқабұлақ ажарлана түсті. Ақшоқыдағы қорым ішіндегі белгітастар жаңартылып, Құнанбай музейі салынды. Абай ауданының орталығы Қарауыл кентінде «Абай» саябағы ашылды. «Жидебай-Бөрілі» мемлекеттік тарихи-мәдени және әдеби-мемориалдық қорық-музейі жаңғыртылды. Осының бәрі туризмді дамытуға жол ашып отыр.
Семей қаласында «Ұлы ақын Абай ұлдарымен» ескерткіші ашылды. Мемлекет басшысы Қасым-Жомарт Тоқаевтың өзі ашып берген бұл мүсін хакімнің балалары Ақылбай мен Тұрағұлмен түскен суретінің негізінде бой көтерді. Биыл данышпанымыздың ескерткіштері тағы бірқатар өңірде, атап айтқанда Алматы, Ақтөбе, Павлодар, Өскемен, Түркістан, Кентау қалаларында, Қарағанды облысының Абай шаһарында тұғырға қондырылды. Ал Түркияның Анталья қаласындағы Абайдың аты берілген саябақта хакімнің ескерткіш тақтасы, Румынияның астанасы Бухарестте қазақтың ұлы перзентінің бюсті қойылды.

ТҰЛҒА ТАҒЫЛЫМЫ

Биылғы тағы бір жағымды жаңалық – Қарағанды қаласындағы Ленин көшесі Абай көшесі болып қайта аталды. Осылайша талай жыл мыз­ғымай тұрған «күн көсем» хакімге орын берді. Бір айта кетерлігі, тиісті тақтайшаларға мемлекеттік бюджет қаржысы жұмсалған жоқ. Бұған керек қаржыны белгілі кәсіпкер Ерлан Әшім өз мойнына алды.
«Ұлы ақынның мұрасын ұлықтау­ға арналған іс-шаралар жыл сайын өткізіліп тұратын болады. Мәселе мерейтойда емес, тұғырлы тұлғаның туындыларынан терең тәлім алуда. Абайдың рухына тағзым ету – оның қағидатын ұстану, аманатына адал болу. Сонда ғана жас ұрпақтың санасына қастерлі құндылықтарды сіңіреміз» деп жазды Мемлекет басшысы ­Қасым-Жомарт Тоқаев «Абай – рухани реформатор» атты мақаласында. Рас, хакімді толық тану, оның мұрасына бойлау үшін әлі де жылдар керек. Себебі Абай – түпсіз тұңғиық. Келесі мерейтойын күтпей, Президент жазғандай, әр жылда хакім мұрасына, ұлтқа көрсеткен үлгі-өнегесіне оралып отыруымыз қажет.

Тағыда

Ұқсас жаңалықтар

Пікір үстеу

Back to top button