ЖаңалықтарҚала тіршілігі

Алғашқы медиаборд орнатылды

«Astana» әлеуметтік-кәсіпкерлік корпора­циясы мен Billboard video компаниясының цифрландыру тұжырым­дамасының аясында Астанада алғашқы интеллектуалды көліктік жүйе орнатылды.

Жол қозғалысына қатысты қажетті шұғыл ақпаратты жеткізуге арналған жүйе жол бойына орналастырылған бірнеше медиабордттардан тұрады. Онда жақын маңдағы көшелерге жету навигациясы мен жолға кететін уақыт мөлшері, көшедегі көлік ағымының жылдамдығы, төтенше жағдайлар туралы хабарлама мен жақындап қалған жедел жәрдем көлігіне жол беру ақпараты, ауа райы, валюта бағамы және қала әкімдігінің жедел хабарламалары көрсетіледі. Жаңа жүйе ауқымды ақпаратты өңдеуге дағдыланған Big Data технологиясын қолдану арқылы бір орталықтан басқарылады. Бұдан былай оның көмегімен ауа райының қолайсыздығы, жол жөндеу жұмыстары, бағдаршам қызметінің өзгеруі сияқты жолдағы қозғалысты алдын ала жоспар­лауға мүмкіндік тумақ.
Алғашқы медиаборд сынамалы жоба негізінде Түркістан көшесінің бойындағы Ботаникалық бақтың жанынан орын тепті. Алдағы уақытта елордада осындай 40 медиаборд орналастырылмақ. Мамандардың мәліметінше, әлем елдерінде әзірге ешқандай баламасы жоқ бұл жоба 100 пайыз Қазақстанда әзірленіпті.
Айта кету керек, «Billboard video» компаниялар тобы – «ақылды қаланың» интеллектуалды көліктік жүйе бағдарла­масының жалғыз әзірлеушісі әрі операторы. Сонымен қатар, биыл әлемдік нарыққа шыққан аталмыш компания Сингапур, Гонконг пен Абу-Дабиде де тың жобаны жүзеге асырып жатқан көрінеді.

 

Тағыда

Ұқсас жаңалықтар

Пікір үстеу

Back to top button