Басты ақпарат

Астана – қазақтың дәуірлеу кезеңінің ақ бастауы

Астананың 20 жылдығына арналған салтанатты шарада Қазақстан Президенті Нұрсұлтан Назарбаев барша қазақстандықтарды мерекемен құттықтады. Салтанатты қабылдауға Қырғыз Республикасының, Тәжікстан Республикасының және Өзбекстан Республикасының басшылары қатысты.

Елбасы «Қазақстан», «Тә­уелсіздік» және «Астана» сөздерінің мәні еліміздің әр азаматы үшін айрықша екенін атап өтті. Мемлекет басшысы Астананың тарихына ерекше тоқталып, Қазақстанның қазіргі елордасы көне Бозоқ қалашығынан бастау алатынын айтты.
– Елорда әлемдік сәулет өнерінде қала мен даланы үйлестіре білген жаңа ландшафты эстетиканы қалыптас­тырды. Астана күллі әлемге жаңа бейбітшілік пен келісім орталығы ретінде танылды. Бас қаламыз еліміздің тату әрі көпұлтты халқы үшін туған қаласына айналды, – деді Нұрсұлтан Назарбаев.
Мемлекет басшысы Қазақстанның жаңа елордасының құрылысына атсалысқандардың бәріне ризашылық білдіріп, еліміздің барлық өңіріне Астананың мерейтойына жасаған сыйлықтары үшін алғыс айтты.

Құрметті отандастар!
Ардақты астаналықтар!
Қадірменді қонақтар!

Баршаңызды тәуелсіз еліміздің қасиетті төрі, құтты мекені, ел тірегі – Астанамыздың 20 жылдық мерейтойымен шын жүректен құттықтаймын!
Бүгінгі салтанатты жиынға бауырлас елдердің басшылары қатысуда. Тәжікстан Президенті Эмомали Рахмон, Өзбекстан Президенті Шавкат Мирзиёев, Қыр­ғызстан Президенті Сооронбай Жээнбеков және басқа да бірқатар мәртебелі меймандар келді. Сіздерге еңселі елордамыздың мерейтойына арнайы келгендеріңіз үшін бүкіл қазақстандықтардың атынан ризашылық білдіремін.
Бүгінде әр қазақтың жүрек төрінен орын алған Қазақстан, Тәуелсіздік, Астана деген асыл сөздер бірін-бірі айшықтап, толықтыра түсетін қастерлі де қанаттас ұғымға айналды. Қазақстан баршамыздың қасиетті Отанымыз болса, Тәуелсіздік – бар ғұмырын жойқын соғыстармен өткізген батыр бабаларымыз армандап, біздің буын жүзеге асырған ең асыл құндылығымыз. Еуразия кіндігінде орналасқан елорданың төңірегі халқымыз үшін ежелден құтты мекен болған.
Америкалық ғалым Майкл Фрачети бастаған археологтар елорданың теріскейіндегі ежелгі Ботай қонысында кешенді зерттеулер жүргізді. Соның нәтижесінде бабаларымыз осыдан 6000 жыл бұрын адамзат тарихында тұңғыш рет жабайы жылқыны қолға үйретіп, ат әбзелдерін жасап, қымыз ашытқанын дәлелдеді. Орталық Қазақстан өңірі – қола дәуірінде металл қорытып, оны өңдеген әлемдегі ірі орталықтардың бірі.
Іргетасы Есілдің сол жағалауында VIII-IX ғасырларда қаланған ортағасырлық Бозоқ қаласын да бүгінгі Астананың атасы деуге әбден болады. Астана ел қамын жеген Едігеден бастап, әз Тәукеге дейінгі қазақ хандарының жазғы резиденциялары қызметін атқарған. Менің тапсырмам бойынша зерттеу жүргізген астаналық археологтар Есілдің бойындағы Күйгенжар ауылының тұсынан әз Тәуке ханның жазғы ордасының орнын тапты. Осы жер – Тәукенің ұлы Сәмеке ханның, одан кейін немересі, Ақмола дуанының аға сұлтаны Қоңыр­құлжаның атақонысы. Қазақ хандарының «Хан жайлауы» деп аталған жазғы ордалары да Арқа төсінде – Астананың іргесінде көтеріліпті. Бұл бас қаламыздың Ұлы Даланың ғаламат жаңғыртушылық күшін бойына жинаған қасиетті төрінде орныққанын тарихи тұрғыдан дәлелдейді.
Өкінішке қарай, Кеңес заманында Астана мен оның төңірегі АЛЖИР, КарЛаг, СтепЛаг сияқты жантүршігерлік сталиндік жазалау лагерьлеріне айналды. Сол кезеңде халқымыздың құйқалы қонысын жапан түз, «тың өлкесі» ретінде ғана көрсету белең алды.
Тәуелсіздіктің арқасында төрткүл дүниеге достық құшағын айқара ашқан асқақ Астананы салып, еңсесі биік Ақорданы құтты орнына қондырдық. «Қазақстандық жол» – ел дамуының жаңа стратегия­сы дәл осы берекелі шаһардан бастау алды. Еліміздің бар өңіріне тартылған «Нұрлы жол» да Астанадан шуақ шашты. Тіпті біздің заманды «Нұрлы жол» деп атаса да лайық.
Бүгінгі ұлан-асыр тойда Астана байтағын өз қолымен тұрғызған барша отандастарыма алғыс айтамын. Осы күндері елорданың туған күніне саябақ, көпір сияқты жаңа нысандар тарту етіп, қолдау көрсетіп жатқан барлық өңірлерге шынайы ризашылығымды білдіремін. Бас қаламызды көркейту ісіне бүкіл қазақстандық жұмыла атсалысып, өз үлестерін қосты.

Құрметті ханымдар
мен мырзалар!

Астананың салынуымен бірге қазақтың жаңа дәуірі басталды. Елорданың 20 жылдық торқалы тойында осыны тарқата айтудың реті келді деп білемін.
Ең алдымен, тәуелсіздіктің алғашқы жылдарында қолға алынып, кезең кезеңмен жүзеге асырылған қазақ мемлекеттілігінің барлық институттары біржола орнықты. Астана қалыптасқан мемлекеттің бүкіл әлем таныған жаңа саяси орталығына айналды.
Екіншіден, терең тамырлы тарихы ежелгі сақ, ғұн, көк түрік, Дешті Қыпшақтан бастау алатын халқымыздың бүгінгідей атағы аспандап, абыройы артқан кезі болған емес. Қазақтың даңқын аспандатқан да, асқақтатқан да – қастерлі Тәуелсіздігіміз бен ару Астанамыз.
Үшіншіден, Астана Қазақстанның геостратегиялық орталығы ретінде саяси, экономикалық және әлеуметтік дамудың жаңа моделінің негізін қалады. Астана ашқан мол мүмкіндіктер мен жаңа құндылықтар негізінде ел дамуының жарқын болашағын айқындаған «Қазақстан-2050» бірегей Стратегиясы жасалды.
Төртіншіден, Астана бейбіт те жасампаз өмірге ұмтылған қазақ ұлтының жаңа кескін-келбетін айқындады. Елорда әлемдік сәулет өнерінде қала мен даланы үйлестіре білген жаңа ландшафты эстетиканы қалыптастырды.
Бесіншіден, Астана күллі әлемге жаңа бейбітшілік пен келісім орталығы ретінде танылды. Біз Ата Заңымызда әрбір қазақстандыққа наным, сенім, ар-ұждан бостандығын қамтамасыз етіп, ұлтаралық келісім мен дінаралық татулықты төрге оздырдық. Бес рет қатарынан Әлемдік және дәстүрлі діндер лидерлерінің съездерін өткізіп, аяулы астанамызды ізгі жандардың мейірі мен шапағатына бөледік.
Алтыншыдан, Астана бірлігі жарасқан көп ұлтты халқымыздың берекелі байтағына айналды. Біз тағдыр жазуымен көп ұлтты мемлекет болдық. Жүзден астам ұлт пен ұлыстың терезесін тең ұстау үшін рахым мен сабырды серік етіп, барша жұртты бір тудың астына топтастырдық. Біріккен Ұлттар Ұйымы әлем жұртшылығына үлгі-­өнеге ретінде ұсынған Қазақстан халқы Ассамблеясы құрылды. Ерке Есілдің жағасында Бейбітшілік пен келісім сарайын салдық.
Жетіншіден, елорда ежелден көшіп қонуға бейім халқымыздың жаңа миграциялық үдеріс­теріне жол ашты. 20 жыл ішінде Астана халқы 4 есеге жуық өсіп, тұрғындары бір миллионнан асқан алып мегаполиске айналды. Елдің іргесі бекемделіп, оңтүстік өңір тұрғындары Арқа төсіне қоныс аудара бастады. Бүкіл ел бас қаланы мақтан тұтып, елордаға қарап бой түзейді. Астананың қарыштап дамуы өңірлердің экономикасын өркендетті.
Сегізіншіден, елордада жаңа өмір салты, жайлы тұрмыстың бірегей стандарты, айрықша астаналық стиль орнықты. Осы орайда, мен жаңалыққа, ғылым-білімге құштар жас ұрпақтың бойынан ата дәстүрге адалдықтың, бәсекеге қабілеттіліктің жарқын келбетін көремін. Елордада жаңа қазақ ұлты мен оның элитасы қалыптасты деп нық сеніммен айта аламыз.
Тоғызыншыдан, елорда әуел бастан экологиялық таза қала болады деп жоспарланды. Астана адамдардың жайлы тұрмысы мен алаңсыз тіршілігі үшін салынды. Менің тапсырмам бойынша сұлу Көкшенің орман-тоғайымен ұштасқан елорданың жасыл белдеуі жасалды. Қаланың іші әдемі гүлзарлармен көмкеріліп, саялы парктермен ажарлана түсті. Жаңадан ашылған ботаникалық бақ жинақталған бай тәжірибені қорытып, елорданы көркейте түсетініне кәміл сенемін.
Оныншыдан, Астана жаңа идеялар мен инновацияның әлем таныған орталығына айналды. Елордада жаһандық экономикалық дамудың өзекті мәселелерін талқылайтын Астана экономикалық форумы өткізілуде. Дүние жүзінің 100-ге жуық елінен келетін Нобель сыйлығының лауреаттары, түрлі саланың ғалымдары мен сарапшылары жыл сайын Астанада бас қосады. Олар осы заманғы экономикалық трансформациялар мен сын-қатерлер мәселесін талқылап, оны еңсерудің жолдарына қатысты ұсыныстар енгізуде.
Астана бүгінде күллі адамзат дамуына ықпал ететін әрі тарихи шешімдер қабылданатын жаһандық орталыққа айналды. Мұнда Шанхай ынтымақтастық ұйымының, Азиядағы өзара іс-қимыл және сенім шаралары жөніндегі кеңестің, Еуразиялық экономикалық одақтың ауқымды форумдары күллі әлемнің саяси-экономикалық дамуына әсер ететін тарихи құжаттар қабылдады.
Астанада әлемнің 56 елінің басын қосқан Еуропадағы қауіпсіздік және ынтымақтастық ұйымының айтулы саммиті өткізілді. Бұл жиында «Астана декларациясы» деген атпен тарихқа енген аса маңызды құжат өмірге келді.
57 мұсылман елінің басын біріктіретін Ислам Ынтымақтас­тығы Ұйымының сессиясы да біздің елордада өтті. Бұл басқосу Дүниежүзілік ислам экономикалық форумына ұласты. Егер сәні мен салтанаты келіскен әсем Астанамыз болмаса, осындай күллі әлемді таңғалдырған айтулы форумдарды өткізе алар ма едік?!
Елорда күні қарсаңында біз ЭКСПО қалашығында жаңа «Астана» халықаралық қаржы орталығын аштық. Былтыр өткен «Астана ЭКСПО-2017» халықаралық көрмесі де Қазақстанның әлеуеті мен күш-қуатын, кемел келешегін әлемге танытты. Мен сол уақытта «Осы көрменің шапағатын әлі талай көретін боламыз» деген едім. Бүгінде Астана Лондон мен Сингапур арасындағы ең үлкен халықаралық қаржы орталығына айналып отыр.

Құрметті ханымдар
мен мыр­залар!
Құрметті елорда
қонақтары!

Жиырма жылда Астана жаһандық интеграцияның, қауіпсіздік пен бітімгершіліктің эпицентріне айналды. ЕҚЫҰ-ның тарихи саммитінен кейін «Астана рухы» түсінігі әлемдік саясатқа берік енді. Ол ашықтық пен сенімнің, толеранттылық пен әріптестіктің нышаны болды.
Біздің ядросыз әлем және әділетті әлемдік тәртіп салаларындағы конструктивті бастамаларымыз Қазақстанның БҰҰ Қауіпсіздік Кеңесінің тұрақты емес мүшесі болып сайлануы мен осы беделді ұйымдағы төрағалығына оң ықпал етті.
Өткен жиырма жыл бедерінде Астанаға 22 монарх, 180 президент, 109 үкімет басшысы мен 114 халықаралық ұйым басшылары келді. Мемлекет басшылары мен жоғары лауазымды жауапты тұлғалардың сапарлары – бұл елдер арасындағы достық қатынастардың маңызды көрсеткіші. Және осындай әр сапар Астананың бүкіл әлемдегі достары санын ұлғайта түсті. Жаңа астана Қазақстанның халықаралық белсенділігіне, саяси, экономикалық және мәдени байланыстарының нығаюына теңдессіз күш-қуат берді. Менің көптеген жетекші шетелдер лидерлерімен жеке достығымның тарихы Астанамен тікелей байланысты. Ақордада жоғары меймандарды қарсы алған сайын мен біздің тамаша астанамыз оларды қалай рухтандыратынын көрдім. Осы жылдар бойы олар біздің халқымыздың жасампаз әлеуетіне, рухани құндылықтары мен тарихи перс­пективаларына ең сүйінішті бағаларын беріп келеді.
Мына пікір Ресей лидері Владимир Владимирович Путинге тиесілі:
«Астана – қазіргі әлемнің ғажайыбы. 20 жыл ішінде Қазақстан астанасының халқы 3,5 еседен астамға ұлғайып, аумағы 2,5 есе кеңейді. Астана – Еуразияның ең заманауи қалаларының бірі».
ҚХР Төрағасы Си Цзиньпин атап өткендей, «Астана Қазақстан халқының еңбексүйгіштігі мен гүлденуінің нышаны болды. Соңғы 20 жылда мұнда Қазақстанның тамаша болашағы бар екеніне меңзейтін ғаламат өзгерістер жүзеге асты».
Корея Республикасының экс-Президенті Ли Мён Бак Астананы «ХХІ ғасырдың ғажайыбы және Қазақстан халқының мақтанышы» деп атады.
Венгрия Премьер-министрі Виктор Орбан: «Мен Қазақстан астанасына таңдай қағамын. Бұл қала адамзат дамудың жаңа фазасына өткенінің нышаны болып табылады» деді.
Италияның қай кезде де архитектурадағы сұлулық пен үйлесімділіктің эталоны болғаны белгілі және италиялықтарды таңғалдыру да өте қиын. Бірақ бұл Астананың қолынан келді.
«Астана – батыл да ғаламат идея туындатқан қала. Бүгінде Астана саяси лидер даналығының жемісі ретінде мойындалады» – мұндай пікірді Италияның экс-Премьер-министрі Сильвио Берлускони білдірген еді.
Астана бүгінде барлық континенттің назарын өзіне қуатты магнитше тартып отыр. «Астана – маған өте оң әсер еткен қала. Оны осындай қысқа мерзімде салудың өзі таң-тамаша қалдырады. Бұл сіздердің елдеріңіздің күшін, әлеуеті мен қуатын білдіреді». Елорданың мерейтойы­мен құттықтаған осындай хат жақында Испания үкіметінің экс-төрағасы Хосе Луис Сапатеродан келді.
Иран Ислам Республикасының Президенті Хасан Рухани атап өткендей, «Астана көптеген халықтың жадында бейбітшіліктің қаласы ретінде сақталып келеді. Қазақстан астанасын сондай-ақ ғылым мен технологиялардың қаласы деуге де болады».
Астана – бұл ғаламат тарихи мегажоба, табысты Қазақстанның бейнесі. Хорватия Республикасының бұрынғы Президенті Степан Месич айтқандай, Астана «Қазақстан тәуелсіздігі мен прогресінің басты нышаны» болып табылады.
Ал Чехия Республикасының Президенті Милош Земан былай деп атап көрсеткен болатын: «Бұрындары экономикалық ғажайып елдер саналған Германия, Жапония және Оңтүстік Кореяға енді Қазақстанды да қосуға болады. Бұған жаңа елорда – Астананың құрылысы нақты мысал болып табылады».
Мен әлемдік лидерлерден неліктен осыншалықты егжей-тегжейлі үзінді келтіріп тұрмын? Бұл – жоғары дипломатияның жай ғана құрметі емес. Бұл – біздің елордамызды бүгінде бүкіл әлем қалай қабылдайтынының объективті ракурсы. Мұнда Астана имиджінің ғажайып та бірегей қырлары барынша толық көрініс тапқан. Мұның барлығы әлемдегі озық үлгілердің бәрін: білімді, инвестицияларды, технологиялар мен инновацияларды осында тартып отыр.
Бірақ, ең бастысы – Астана мен Қазақстан өзіне көптеген адам мен халықтың жүрегі үшін аса тартымды. Бұл туралы көрнекті бразилиялық прозаик Пауло Коэльо өте мағыналы әрі дәл жазды:
«Астана – елорда ұғымынан да жоғары. Бұл – идея. Ел рухы прогресі мен трансформациясының идеясы. Ол болжамды болашақты, азаматтар өміріндегі бедерлі белесті бейнелейді. Мен қазірдің өзінде Астананы жапан далада өсіп шыққан гүл ретінде елестете аламын».
Бұл жерде онымен келіспеудің өзі қиын. Еуразия жүрегінде жаңа астана салу ұлан-ғайыр жаңғыртушылық миссия да атқарады. Мен Астанада жаңа кеңістік, үйлесімнің жаңа жүйесі мен жаңа уақыты құрылды дер едім. Ол жаппай жаңару мен жаңа тәртіп туғызуға серпін береді.
Қазіргі кезде әлем қарсы тұрушылықтарға емес, үйлесімділікке, даму мен ынтымақтастыққа мұқтаж. Сондықтан Астана шашқан ізгілік пен қазақстандық құндылықтардың нұры бүкіл планетаға тарап, ризашылықты шұғыла ретінде қайта оралып жатыр.

Қымбатты меймандар!
Құрметті астаналықтар!

Бүгінде Астана Төртінші өнеркәсіптік революция мен Қазақстанның жаһандық экономикалық кеңістікке интеграциялануы жағдайында экономиканы жаңғыртуда шешуші рөл атқарады. Қала Индустрия 4.0 жаһандық технологиялық трендке үйлесімді, қарқынды қосылу үстінде.
Осы жылдары өңірлік жалпы өнім 190 есе өсті! Сөйтіп номиналды тұрғыдан алғанда 5 триллион теңгеге жетсе, нақтысында 5,5 есе ұлғайды.
20 жылдағы инвестициялар көлемі 8 триллион теңгеге жуықтады. Тұтастай алғанда, мемлекеттің астананы дамытуға салған инвестициясы 2,5 есеге жуық қайтарым берді. Мемлекеттік бюджетке түсімдер 1 триллион теңгеге жетіп, осы жылдар ішінде 78 есе өсті.

Ханымдар мен мырзалар!
Ардақты ағайын!

Желкілдеген тудай жиырмаға енді ғана келген бас қаламыз қазір нағыз кемел шағында.
Астана – қазақтың ХХІ ғасырдағы дәуірлеу кезеңінің ақ бастауы. Астана – қалыптасқан мемлекеттің жаңа стратегиялық бағытын нұсқайтын айқын бағдар.
Астана – жасару мен жаңғыру жолындағы жасампаз ұлтымыз­дың жаңа келбеті.
Астана – жоғары технология­лар мен инновациялық идеялардың лабораториясы.
Астана – ұлтаралық татулық пен дінаралық келісімнің, бейбітшілік пен береке-бірліктің қаласы.
Астана – Отанымыздың жүрегі, Тәуелсіздігіміздің тірегі!
Астана тойы құтты болсын!
Той тойға ұлассын!
Алға, Қазақстан!
Жарқырап, жайнап, жасай бер, ардақты Астана!

Тағыда

Ұқсас жаңалықтар

Пікір үстеу

Back to top button