Мәдениет

Аспантаудың асыл ұлы

Ұлттық академиялық кітапханада белгілі жазушы, драматург, Мемлекеттік сыйлықтың лауреаты Баққожа Мұқайдың туғанына 70 жыл толуына арналған еске алу кеші өтті. Кеш аясында қарымды қаламгердің өмірі мен шығармашылығын сөз еткен «Аспантаудың ақиығы» деген ұжымдық жинақтың тұсауы кесілді.

Баққожа ағамыз – 70-жылдары әдебиетке келген талантты шоғырдың өкілі. Алғашқы жылы жазылған әңгімелерімен аға буынның көзіне түсті. Есейе келе өзгеге ұқсамайтын ой өрнегімен дараланды. Көркем проза мен драматургия саласында өнімді еңбек етті. Қаламгердің «Жаңбыр жауып тұр», «Өмір арнасы», «Аққу сазы», «Мазасыз маусым», «Дүние кезек» секілді әңгіме-повестері оқырмандардың қолынан түспейтін рухани азыққа айналды. «Жалғыз жаяу» мен «Өмірзая» романы ақиқатты ту еткен оқиғаның қоюлығымен ерекшеленді. Ал драмалық туындылары біздің елде ғана емес, шет мемлекеттерінің театрларында сахналанды.

Кеш тізгінін ақын Несіпбек Айтұлы ұстады. Шараға жазушының қаламдас ағалары, замандастары, достары қатысып, талантты тұлғаның азаматтығы мен шығармашылығы жайында парасатты сөз қозғады. Өмірде қаламгермен жақын сыйласқан Әкім Тарази: «Оқырмандар оны ешуақытта ұмытпайды. Баққожаның жазған шығармалары өзі туралы емес, халық жайында болды. Ұлтты дәріптеді. Бізден кейін әдебиетке көптеген жас жігіттер мен қыздар келді. Кейін оның арасынан он шақтысы іріктелді. Одан сүзіліп, бес-алтауы қалды. Соның бірі – Баққожа Мұқай» десе, Төлен Әбдік «86-жылғы оқиғадан кейін Мәскеу билігі қазаққа «ұлтшыл» деген айып тағу үшін түрлі айла іздеді. Оны әдебиеттен тапқысы келді. Біреуге тапсырыс беріп, мақала жазғызды. Соның ішінде Баққожаның бір шығармасындағы «Алаш» деген сөзді айтыпты. Оның Алаш партиясына, саясатқа еш қатысы жоқ. Соны біз айтып түсіндіре алмадық. Үш әріптің қысымының күштілігі шығар. Оның болмауы да мүмкін емес. «Өмірзая» романының жазылуына соның әсерінің ықпалы болды деп ойлаймын. Өйткені романда рухты оятатын терең ойлар айтылған. Осы жағынан алғанда, «Өмірзая» романының орны бөлек» деп ой толғады. Кеш барысында Мырзатай Жолдасбеков, Сейіт Қасқабасов, Қойшығара Салғара, Сауытбек Абдрахманов, Алдан Смайыл, Көпен Әмірбек, Бауыржан Омарұлы секілді азаматтар сөз алып, Аспантаудың асыл ұлының бекзат болмысы мен суреткерлік сыры жайында көңілге шуақ себелейтін естеліктер айтты.

Жазушының ұлы Ерлан Мұқай да әкесі жайында сыр шертті. «Әкемді жиі ойлаймын. Оның айтқан әрбір сөзі, мінезі, жүріс-тұрысы маған үлгі болды. Әкемнің шығармалары әлемнің бірнеше тілдеріне аударылды. Драмалық туындылары Ресей мен Орта Азия елдерінің театрларының репертуарларынан түскен емес. Оның есімі қазақтың біртуар тұлғаларымен қатар тұрады деп ойлаймын» деді ол.

Тұжырымдап айтқанда, бүгінде арамызда өзі жоқ болса да, халықтың жүрегінде парасатты сөзі қалған Баққожа ағаның екінші өмірінің керуені көш тартып бара жатқанына көзіміз жетті.

Азамат ЕСЕНЖОЛ

 

Тағыда

Ұқсас жаңалықтар

Пікір үстеу

Back to top button