Әлеумет

Шарын шатқалы

Алматы облысына тән табиғаттың тамаша құбылыстарын, оның тарихи жерлері мен кең жайлауларын, нулы өзендерін тамашалауыма осыдан жүз жылдан астам уақыт бұрын келіп кеткен қыпшақтың бір ұрпағының саяхаты себепші болып еді. «Менің халқым шығыстың тұқымы және тамырын ортаазиялық түркілер жерінен іздеу керек. Көптеген ғасырлар бойы венгрлер (мажарлар) сол туыс халықты тауып, оның кіндік байланыстарын жалғастырғысы келетінін армандайды» деп жазған екен венгр аристократы, саяхатшы, ботаник-ғалым Алмаши Дъерд. Осы жолды жаңғыртқалы Венгриядан келген ғалым Дәуіт Самфай Қара мен телеоператор Джорджға жол бастаушы болып, Шарын шатқалын бетке алған едік.

Шарын шатқалы табиғаттың тылсым күшімен қара жер қақ жарылғандай өзге бір әлемнің ұштығын бейнелейтін құпия құбылыс бірнеше миллиондаған жыл бұрын пайда болған деседі. 150-300 метрге жететін биік құздары төбеңізден төніп, әсерлі көрініс Шарын өзені бойымен солтүстік-шығыстан оңтүстік-батысқа 154 шақырымға созылып жатыр. Қызығы, шатқалға сүрлеуімен төмен түсіп, өзенге бет алғаныңызда, төбеңізден төнген шатқалдың асқақтығынан басыңыз айналып, бөтен патшалыққа еніп кеткендей сезінесіз. Жартастың тиік ұшынан айналаға көз жіберсеңіз, бүкіл шатқал алақаныңа сыйып кеткендей әсер қалдырады. Саяхатшыларымыз жартас-жықпылдарды аралап, биік шатқалдарға өрмелеп шаршаған Шарын өзенінің жағасына келіп тыныққан еді.

Бұл маң 200 шақырым қашықта қалған Алматы қаласының у-шуын ұмыттырып, рахатқа бөлейді. Сол көріністі көзіңізбен аялап, жердегі жалғыз иесі адам екендігіне масаттанып, көңіліңіз көкке шарықтайды. Шарын өзені бастауын таулы шыңдардан алып, Ілеге барып құяды. Жағалай өскен бұталы ну ыстықта көлеңке болып жарытпаса да, күнмен бірге құлпырып, қоңыр-қызғылт реңі ортаға әр беріп тұратын Шетен тоғайының орны бөлек. Тоғай негізі соғдиян шетенiнен (Fraxsinus potamophila) құралған. Әлем бойынша мұндай тоғай екі жерде ғана бар. Бірі – Шарынның Шетен тоғайы, екіншісі – Солтүстік Америкада. 1964 жылдан Шетен тоғайы табиғат ескерткіші деп жарияланған. Шатқалда өсетін 1500 өсімдіктің 17 түрі «Қазақстан Республикасының Қызыл кітабына енгізілген.

Айгүл УАЙСОВА

Тағыда

Айгүл Уайсова

Ақпарат саласының үздігі

Ұқсас жаңалықтар

Пікір үстеу

Back to top button